31 Қаңтар, 2015

Hill

321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ИндустриализацияБұл – қазақстандық мотор майы Халықаралық стандарттарға сәйкес мотор майын шығаратын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын «HILL Corporation» ЖШС-і «Оңтүстік» индустриялық аймағында табыспен жұмыс жасап келеді. Қазір әлемдік нарықта «Mobil», «ESSO», «Shell», «Castrol» майларының бәсі жоғары. Ал, «Hill» шығарған «Fastroil» мотор майы сапасы жағынан олардан еш кем түспейді. Бағасына келсек, 10-15 пайыздай арзан. Бұл маймен автомобильдер 15 мың шақырымға дейін жүретініне зауыт кепілдік береді. «Hill» корпорациясы еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы аясында 2010 жылы ашылған. Жақында корпорацияға бар­дық, жұмысымен таныстық. Серіктестік директорының орын­басары Азамат Тәжімбетұлы Жолшыбеков бүгінгі жағдайынан хабардар етті. Өз елімізден бөлек, мотор майы Ресей, Беларусь мемлекеттеріне экспортталып жатыр. Бүгінде өз мүмкіндігінің 64 пайызын ғана пайдаланып отырған корпорация тағы басқа салаларын қосқанда үлкен табысқа шығады екен. 2016 жылы 100 пайыз биігін бағындырмақ. 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салған корпорацияның негізгі мекемесі Алматыда. «Самұрық-Қазына» қоры арқылы отандық кәсіпорындармен келісімшарт негізінде жұмыс жасайды. DSC_7692 Мемлекеттік сатып алу бәсекелесінде негізінен отандық өнімге маңыз берілетіндіктен, «Hill» майын «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Ин­тер Газ», «Қазақмыс», «Ембі­Мұ­найГаз» сияқты ұлттық компания­лар сатып алады. Яғни, өнімді өткізуде мемлекеттік тетіктің орны ерек. Солай болуға тиісті де. Обалы кәні, индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жұмыс жасауға тырысатын кәсіпкерлеріміз көбейіп келеді. Бірақ, тауарын бұлдауда қосымша кедергілерге кездескендіктен шығынға ұшырап, енді қайтып өндірісті көрмей кетуге бел буа­тындар бар. Сондықтан, олар аяғынан тұрғанша мемлекеттік қолдау керек-ақ. Зауыт Inc Exxonmobil, Shell, ChevronTexaco және т.б. секілді мұнай өнімдерін ірі өндірушілер зауыттарының басым санын құрып берген, осы саланың көш басшысы болып саналатын америкалық FMC Tehnologies Inc фирмасының технологиясымен және құрал­дармен жабықталған. Ең заманауи деген жағармайлардың сан алуан түрлерінің өндірісіне қажетті присадкалары мен рецептурасын еуропалық химиялық өнеркәсіп көшбасы – Лубризол компаниясы жеткізіп тұрады. Зауыттың қосымша жабдықтары да Испанияның, Италияның, Чехияның, Швецияның, Ресейдің және Тайландтың әлемдік өнді­рушілерімен жеткізілген. Жоба әлемдік деңгейдегі жағар­май­лардың толық спектрін өндіруді қарастырған. Өндіріс Қазақстанда осын­дай өнімнің сату құнын түсіруге, им­портты алмастыруға және жағар­май­лардың экспортын арттыруға мүмкіндік береді. Азамат Жолшыбеков 2015 жыл­дар­дың орта шенінен Ресей теміржолы компаниясымен әріптестік байланыс орнайтындығын айтады. Сұраныс бар, сапа, баға оларды қанағаттандыратын сыңайлы. Зауытта мотор майының екі түрі шығарылады. «Hill» майының 5 литрі 2,5 мың теңге болса, халықаралық стандарттарға негізделген, сапасы да анағұрлым мықты «Fastroil» майының 5 литрі 5мың 700 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, компания солидол, литол сияқты өндіріске аса қат майлауыш өнімдерді де шығармақ. Мұнда қазір 200-дей адам жұмыс жасайды, айлығының орташа құны 80 мың теңгеден жоғары. Жылдық табысы 4 млрд. 800 мың теңгеге шыққан серік­тес­тіктен республикалық және жергілікті бюджетке қомақты қаржы түседі. Қазақстандағы алғашқы мотор майының жағдайы осындай. Зауыт директоры Нұрбол Дүтбаев өндірісті толық іске қосқанда әлемдегі бәсі бөлек мотор майларымен бәсекеге түсуге қабілетіміз толық жетеді дейді. Қазақ мұндайда «аузыңа май, астыңа тай» дейді ғой. Бұрын мотор майын шетелден тасымалдап келсек, енді біздің майымызға Ресей, Беларусь, Тәжікстан сияқты мемлекеттер қызығушылық танытып, келісімшарттар жасасуда. Көрінген таудың алыстығы жоқ, ар жағында Еуропаның жазығы бар. Отандық өріс осылай кеңейеді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.