Руханият • Бүгін, 08:25

Бізге Батыс әлемін зерттеу орталығы керек

28 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгідей жаһандану заманында мемлекеттер арасында мәдениетаралық диалог пен тарихи зерттеулердің маңызы арта түсті. Орталық Азия, соның ішінде Қазақ даласы, ғасырлар бойы көптеген Батыс әлемінің саяхатшылары мен ғалымдарының назарын аударғаны рас. Олар Орталық Азияға сапар шегіп, осы өңір туралы құнды деректер қалдырды. Жазған еңбектері біз үшін тарихи маңызды ақпарат көзі болып қана қоймай, кей ақтаңдақтарды ашуға сеп болмақ. Бірақ бұл деректер әлі толық зерттелмей, жүйеленбей отыр. Батыс әлемінің Орталық Азияға қызығушылығы өткен ғасырда, бүгін де, болашақта да маңызды бола бермек.

Бізге Батыс әлемін зерттеу орталығы керек

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Батыс зиялылары біздегі экзотикалық мәдениетке, бай та­биғатқа, көшпелі өмір салтына ерекше назар аударды. Сонымен қатар олар Қазақ даласы мен Орта­лық Азияның этнографиясын, тарихын, географиясын зерттеді. Александр фон Гумбольдттен Уильям Рикард Карезге дейінгі ғалымдардың іркес-тіркес жазған кітаптарындағы тарихи, мәдени деректердің маңызы біз үшін әрқашан құнды.

Осылардың бәрі Орталық Азияға, одан бері елімізге жасаған экспедициялары арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, табиғаты мен мәдениеті туралы деректерге толы мәліметтер қалдырды. Тіпті кейбірі қазақ және түркі халықтарының мәдениетін зерттеп, олардың этнографиясы мен тарихы туралы бірнеше еңбек жазды.

Осы орайда бізге Батыс әлемін зерттеу орталығы керек деген ой туындайды. Аталған орталықтың маңыздылығы көп.

  1. Мәдениетаралық диалогті нығайтады. Бұл орталық екі жақ­ты мәдени алмасуды кү­шей­тіп, Батыс пен Орталық Азия ара­сын­дағы байланыстарды арттыруға мұрындық болар еді.
  2. Құнды деректерді жүйе­леу. Орталық Азия туралы көп­теген ­дерек пен қолжазба әр­түр­лі архивтер мен кітапха­наларда сақ­таулы. Оларды жи­нақ­тап, жүйе­леу ар­қылы зерт­теу­шілерге қол­жетімді ету маңызды.
  3. Қазақ тарихын қайта қа­растыру. Батыс ғалымдарының еңбектері кейде өз заманының саяси көзқарастарына сүйеніп жазылғанымен, оларда объек­тивті мәліметтер де бар. Бұл мә­лі­меттер қазақ тарихы мен мә­дениетінің бейнесін толықтырып, жаңа қырларын ашуы мүмкін.
  4. Ғылыми-зерттеу ынты­мақ­­тастығы. Орталықтың ашылуы отандық және шетелдік ға­лым­дардың бірлескен жобалар жүргізуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ғылыми байланыстарды нығайтып, жаңа зерт­теулердің пайда болуына септігін тигізеді.

Ал орталықтың бағыттары туралы айтсақ:

  1. Архивтерді зерттеу. Батыс әлемінің архивтерінде сақталған Орталық Азия мен еліміз туралы құнды материалдарды іздеу және зерттеу. Мысалы, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция секілді елдердің архив­терінде қазақ тарихына қатысты құжаттар сақталған.
  2. Қолжазбаларды аудару. Батыс және америкалық саяхат­шылардың еңбектерін қазақ тіліне аудару және олардың тарихи деректілігін талдау қажет. Бұл арқылы мәдениетіміз бен өтке­німізді жақсырақ түсінеміз.
  3. Ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізген жөн. Батыс зерттеушілері және қазақ ғалымдары бірлескен шаралар ұйымдастырып, зерттеу нәтижелерін талқылау.
  4. Мәдени алмасу бағдарла­малары. Батыс елдерінің универ­ситеттері және ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланыс орнату, студенттер мен ғалымдардың алмасуын қамтамасыз ету.

Батыс әлемін зерттеу орта­лығының ашылуы – еліміздің ғылыми және мәдени әле­уетін арттыруға бағытталған ма­ңызды қадам. Орталық Азия мен Батыс арасындағы тарихи бай­ланыс­ты тереңірек зерттеп, оны заманауи ғылыми тұрғы­дан қай­та қарастыру мәдени мұра­мызды сақтауға және оны әлем­дік деңгейде танытуға мүм­­кіндік береді. Бұл бастама Орталық Азияның, соның ішінде мемлекетіміздің тарихи құн­дылықтарын жаңа деңгейге көтеріп, болашақ ұрпақ үшін ма­ңызды мұра қалдырады. Батыс зерттеушілері қалдырған мол деректерді зерттеп, жүйелеу біз­дің тарихи жадымызды байы­­тып қана қоймай, қазақ хал­­қы­ның мәдени және тарихи ма­ңыз­дылығын жаһандық деңгейде таныта алады.

Бұл туралы ғалымдардың да өз көзқарасы бар екені анық. «Негізі «Бізге Батыс әлемін зерттеу орталығы керек» деген ой құптарлық идея. Біз болашаққа ұмтылған тәуелсіз жас мемлекет ретінде өзімізді тереңірек тану үшін, өзімізге де белгісіз ақ­таң­дақтарды анықтау үшін да­мы­ған Батыс елдерінің қазақ елі, хал­қы жайындағы өткен ға­сыр­лар­дағы зерттеулері мен пі­кір­лері ма­ңызды екеніне күмән жоқ. Бо­лашаққа қадам басу үшін де өткеніңді білу керек екені ай­дан анық. Әрі бұл Абайдан басталған құбылыстың жалғасы болмақ, хакімнің «Шығысым Батыс боп кетті» – дегеніндей Батыстағы мол қазына халқымызға рухани сілкініс әкелетініне сенімдіміз», дейді Англияда оқыған ІТ маманы, абайтанушы Сұлтан Ыбырай.

Ал Джордж Вашингтон уни­­­верситетінің профессоры Питер­ Роллберг: «АҚш пен Қа­зақ­стан­ның мәдени байланысын зерт­теу – үлкен тақырып. Осы тақы­рып аясында біз екі елдің ежелгі ­қа­рым-қатынасы және бір-бірі­не де­ген құрмет пен сыйластық­ты тү­сіне аламыз. Мемлекеттер ара мә­дени байланысты зерделеу сол ел­дердің болашақтағы бірге дамуы мен ірі жобаларды жүзеге асыруына жол ашады» деген ойын айтты.

Америка Құрама Штат­та­рында өткізген бір жылдық ғы­лыми зерттеуім барысында мен Батыс әлемінің архивтерінде сақталған Орталық Азия, әсіресе Қазақ даласы туралы құнды мәлі­меттер бар екенін анық түсін­дім. Бұл зерттеу барысында мен әртүрлі университет пен зерттеу орталықтарының архивтерімен танысып, Батыс зерттеушілерінің еңбектері біз­дің мәдениетіміз, тарихымыз және этнографиямыз туралы тың ақпараттарға бай екеніне көз жеткіздім.

Осы деректердің басым көп­шілігі жүйеленбеген, ал Қазақ­станда олар туралы жеткілікті дең­­гейде зерттеу жүргізілме­ген. Мысалы, Вашингтондағы Конгресс кітапханасы, Нью-Йорк қоғам­дық кітапханасы және Харвард университетінің ар­хив­­терін­де қазақтардың тұр­мысы, салт-дәстүрі және тарихи оқиғалары туралы құнды құ­жат­тар бар. Бұл құжаттар тарихи дереккөз ретінде та­ри­хымызды кеңі­нен зерттеуге мүм­кіндік береді.