Қоғам • Бүгін, 08:28

Әдеби байланыс – алтын көпір

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ-орыс әдеби байланысы кешегі кеңес кезінде қарқынды дамып, екі ел қаламгерлерінің шығармалары оқтын-оқтын аударылып, сан мың данамен таралғаны мәлім. Сонау жылдардан бастау алған рухани бекем бірлестік қазіргі таңда да дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Мәселен, Қазақ ПЕН клубының орыс әдебиетшілерімен жасап жатқан ортақ жобаларын айрықша атап өткеніміз абзал.

Әдеби байланыс –  алтын көпір

Қазақ авторларын әлем­­ге таныту жо­лын­­­­­­да көптеген ірге­лі іс­­терді атқарып жүрген Қазақ ПЕН клубы Лондондағы бү­кіл­әлемдік жазушылар қауым­дастығы – Халықаралық ПЕН клубтың мүшесі, ЮНЕСКО-да өз мәртебесі және БҰҰ-да ке­ңесшілік мәр­тебесі бар. Шы­­ғармашыл ма­мандықтар өкіл­дерінің зият­керлік ынты­­мақ­тастығын ке­ңей­тіп, ха­лық­ара­­лық әдеби қоғам­дастыққа қаты­су, мәдениетті да­­мытып, қоғамдық санада биік ізгілік мұраттарын тәрбиелеу мақса­тында құрылған клуб бү­гінде өз үдесіне сай түрлі ба­ғытта жұмыс істеп жатыр. Ең ал­ды­мен, бұл шығармашылық алаң кәсіби әдебиетшілер мен жур­налистерді біріктіреді.

Осы орайда Қазақ ПЕН клу­бының президенті Бигелді Ғабдул­лин­нен шетелдік әдеби ортамен бай­ланыстарын, ат­қа­рылған жобалар мен алдағы жос­парды сұрап көрдік. Әсі­ре­се ресейлік әдебиетшілер­мен іскерлік байланыс жыл өткен сайын дамып келеді, дейді ол.

«Біз екі елдегі әдеби-рухани жаңалықтармен, жаңа шығып жатқан кітаптармен бөлісіп отырамыз. Тұрақты жұмыс істей­тін авторларымыз да бар. Мәсе­лен, ең алдымен әйгілі жазу­шы Ана­толий Кимді атап айтамыз. Орыс әдебиетінің клас­сигі ­Андрей Битов (жуырда ғана өмір­­ден өтті), жазушы, қоғам қай­­рат­кері Георгий Пряхин, «Юность» журналының бас ре­дак­торы, ­жа­­­зушы Сергей Шар­гунов, проза­шылар Эргали Гер мен Ев­­ге­­­­ний Абдуллаев, әде­би сыншы Ев­ге­­ний Ермолин және бас­қалары ­­бар. Бұл автор­лар Қазақ ПЕН ­­клу­бы өткізе­тін Халықара­лық ­жазушылар фо­румдарына тұ­рақ­ты қаты­сады», деді Қазақ ­­ПЕН клубы президенті.

Сондай-ақ ол негізінен Ре­сей ПЕН клубымен емес, Жазу­­шылар мен баспагерлер одақ­та­рының ассоциациясымен (АСПИР) әріптестік байланыста екенін айтты.

«Бұл ассоциация Мәскеу­де 5-8 желтоқсан аралығын­да Халық­­аралық әдеби форум өткі­зеді. Өзім де соған қатысушы ре­тін­де шақырылдым. Жалпы, Мәс­кеуде Қазақстан автор­ларының кітаптары жиі болмаса да жарық көріп тұрады. Атап айтсақ, Ю.Серебрянский М.Земский, Р.Бүркітбаева-Нү­кенова, басқа да ақын-жазу­шы­лар­дың шығармалары басылып шықты. Алдағы жылы «Худо­жественная литература» баспа­сынан «Мараль» атты романым жарық көреді», дейді Б.Ғабдуллин.

Қазақ ПЕН клубы пре­зи­­дентінің айтуынша, қазір бір­лестік аударма жұмыстарында басқаша тәсілге көшкен. Қазақ классиктерінің шығармаларын ағылшын, америкалық шебер аудармашылар арқылы бірден ағылшын тіліне тәржімалап, Нью-Йоркте, Лондонда басып шығарып жатыр.

«Кейінгі жылдарда аталған қалаларда Абай, Мұхтар Әуе­­зов, Мұқағали Мақатаев, Әбді­­жә­міл Нұр­пейісов, Олжас Сүлей­ме­нов, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұрат­беков, Сәкен Жүнісов, Орал­хан Бөкей, Қалихан Ыс­қақ, Ге­рольд Бельгер, Қажы­ғали Мұ­хан­­бетқалиев, Мәди Айым­­бе­тов, Р.Бүркітбаева-Нү­ке­нова, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, тағы басқалар­дың кітап­тары жарық көрді. Айта кетейік, бұл кітаптар­дың аударма жұ­мыс­тары мен шетелде басылып шығуы Қазақ ПЕН клубтың жеке қаржысымен іске асырылады», дейді ол.

Иә, Қазақ ПЕН клубы жыл өт­кен сайын шетелдермен ара­дағы әдеби байланысты ны­ғайтуға үлес қосып келеді. Жос­парда тұрған жаңа жобалары да ауқымды. Егер мүмкіндік болса, келер жылы Қарағандыда немесе Түркістанда «Көрші елдер әдебиеттерінің диалогі: «мұз» дәуірін қалай еңсереміз?» атты Халықаралық жазушылар форумын өткізуді жоспарлап отыр. Алқалы жиынға Қазақстан, Қы­тай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, бас­қа елдерден атақты әдебиет өкіл­дері шақырылмақ.