Мәдениет • Бүгін, 08:40

Арқадағы айтулы күй додасы

83 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еуропа жұртына қазақ домбырасының күмбірін алғаш жет­кіз­ген дәу­лескер күйші Рүстембек Омаровтың есімі біраз уақыт бойы жер­лес­тері үшін беймәлім болып келді. Күй аңыздарының жо­­лын жал­ғап, Арқа өңіріндегі саз самалының лебін тамам елге та­рат­қан өнер иесінің соңында бүгінде мол мұра қалған.

Арқадағы айтулы күй додасы

Суретті түсірген – Есенжол Исабек

Павлодарда Қазақ КСР халық әртісі, дәу­лес­кер күйші Рүстембек Ома­ровтың 105 жылдығына орай «Жастық шақ» атты І рес­пуб­ли­калық жас домбырашылар бай­қауы өтті. Күйшілер бәсекесіне еліміздің он екі өңірінен 32 домбырашы қатысып, өнер жарыс­тырды.

Өнер тарланының мерейлі датасына байланысты Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының қызметкерлері мұрағаттарды қопарып, тың деректер тапқан. Нәти­жесінде, әйгілі жерлесіміз туралы кітапша басылып шықты. Кітапшада жария­ланған мәліметтер мен есте­лік­терге сүйене отырып, күйшінің өміріне қатысты біраз деректерді баян етсек.

Рүстембек Омаров Павлодар облысы – Аққулы ауданында­ дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, Семейдегі балалар үйінде жүргенінде заманының дүлдүл әншісі, суырып салма ақын Темірболат Арғынбаев оны арнайы іздеп келіп, Алматыға алып кетеді. Арғынбаев Рүстем­бектің туысқан ағасы екен. Сөйтіп, болашақ кәсіби домбырашыны өнер жолына түсірген. Бозбала Рүстембек небәрі 15 жасында Ахмет Жұбановтың назарын аударып, жаңадан құрыл­ған Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбы­рашы ретінде қабылданған. Домбы­рашының орындау мәнерін Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін ­буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды», деп жазып қалдырған.

«Рүстембек Омаров домбыра­ның үнін аспанға әуелетті. Дом­бы­раны өз дәуірінде аты аңыз­ға айналған Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қалижан Ті­ле­уов дәріптесе, Рүсекең ше­тел­­­­дік тыңдарманды қазақ дом­бы­ра­сының сиқырлы дыбысымен алғаш рет таныстырған ұлы му­зы­кант»,  деп мақтана еске алады Құр­ман­ғазы оркестрінің ақсақалы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Амантай Нұрпейісов.

Ал Құрманғазы атындағы ­Қа­зақ ұлт­тық консерваториясы­ның құрметті профессоры, оркестр дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекен­тұров: «Көптеген домбырашы оркестрге өз өңірлерінің күй­лерін орындап келетін. Ал Рүс­тембек қазақтың күй өнерінің бар­лық мектебін жан-жақты мең­герген, оның музыкалық географиясы өте кең болды. Тіпті Дина Нұрпейісованың «Байжұма» күйін түпнұсқасында бізге жет­кізді, бұл күй басқа жерде ноталық нұсқада сақталмаған», дейді.

Жас Рүстембек Ленинград консерва­то­риясының П.И.Чай­ков­ский атындағы музы­калық училищесінің орыс халық аспаптары бөліміне түсіп, білім ала бастаған уақытта кеңес-фин соғысына шақыртылады. «Отан соғысы басталған шақта, 1941 жылы біздің бөліміміз қоршауда қалды, нәтижесінде мен неміс­тердің тұтқынында болдым. Осы күннен бастап соғыс аяқталғанға дейін мен немістерде болдым, алдымен Германияда, содан кейін Норвегияда. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін басқа әскери тұтқындармен бірге Отаныма оралдым», деп жазады күйші өз өмірбаянында. Концлагерьде жұмыр ағаш пен тақтайшадан, қармақ жібінен домбыра іспеттес аспап жасап алады. Бірде әлгі аспабымен Моцарттың «Рондосын» ойнап отырғанында артынан келіп байқатпай тың­дап тұрған неміс офицері: «Музы­кантсың ба?», деп сұрайды. «Мен «Иә», дедім. Осы сәттен бастап неміс офицері бізге басқаша қарай бас­тады, көмектесіп, тіпті қорғап жүрді. Ол: «Сенің қасыңда үш қазақ жер­лесің барын білемін», деді. Бай­қатпай бізге азық-түлік, нан, кон­сервілерді беріп тұратын. Міне, осылай мен және менің жолдас­тарым тұтқында аман қалдық», дейді өз естелігінде Р.Омаров.

Шәкірттерінің айтуынша, қазақ­тың киелі аспабы домбыра­ның сағасында жүйріктей желетін са­ла­лы саусақтарына күйші көзін де сал­май, тіпті көрерменге де мойын бұрмай, құдіретті күй­ді жүрекке жеткізеді екен. Құрман­ғазы оркестрінің бас домбырашысы атануы да талай жылғы төккен терінің өтеуі еді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер уни­вер­­си­тетінің профессоры Тұрар Әліпбаевтың айтуынша, Ахмет Жұбанов өз шәкіртін қуғын­далу­дан аман алып қалғаны тура­лы деректер де бар. «Ұлы күй­ші­леріміздің мол мұрасын қаз-қал­пында жеткізетін Рүстем­бектей кәсіби шебер домбырашы бір ғасырда бір туады. Ол қамалса, қазақтың күй өнерінің де тас бұғауға түскені», деп араша түскен.

«Дәулескер күйші Сейтеннің күйін Сейтенше, Құрманғазының күйін Құрманғазыша, Тәттім­беттікін Тәттім­бет­ше бабына кел­тіріп тартқан. Ерекшелігі, күй­ді қандай екпінмен бастаса, соңын дәл сондай екпінде аяқтап отырған. Мұн­дай екпінге бүгінде кейбір кәсіби күйші­лер­дің өзі шыдас бермейді. Көптеген күй­дің түпнұсқасы біздің заманымызға Рүстем­бек сияқты нағыз майталман дом­бы­­ра­шы­лар­дың орындауында жетіп отыр» деп атап өтті Тұрар Әліпбаев.

Астана, Алматы, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Павлодар, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалалары мен бірге Абай облысынан қатыс­қан жас өнерпаздар әуелі жеке орындаушылық қырларын көр­сетті. Ал соңғы күні Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Дәу­рен Ғылымовтың дирижерлық жасауымен, Р.Омаров атындағы Павлодар облыс­тық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Мұнда әр орындаушы алдын ала жа­рия етілген 20 күйден билет бо­йынша өз еншісіне тигенін орын­да­ды. Оның ішінде Р.Омаровтың «Жастық шақ», С.Шабельский мен Л.Шай­го­род­­скийдің Р.Омаровқа лайық­тап шы­ғар­ған «Тойбастар» күй­ле­рі­нің орындалуы міндетті болды.

«Байқау жоғары деңгейде өтті деуге болады. Орындаушылар жасты­ғына қарамастан, жақсы да­йындалып келген. Ұйым­дас­ты­рушылар ұсынған талаптар да кө­ңілден шықты, бағдарламада қазақтың көптен ойналмай жүр­ген күйлері жарқ етті. Пав­ло­­дарлықтар Рүстембектей күй өне­рінің бекзадасын ұлық­тап, мұра­сын жоғалтпай отыр­ғандарына ризамын» дейді байқауда қазы­лық еткен Жанас Бекен­тұров.

Қазылар алқасының төрағасы Тұрар Әліпбаев мұндай күй тартыс Ертіс-Баян өңірінің халқы үшін айтулы мереке болды деп есептейтінін жеткізді.

«Байқауға қолдау жасап, ұйым­дас­тырған Павлодар қа­ла­сының әкімдігі, Р.Ома­ров атындағы Павлодар облыстық филар­мониясы, Иса Байзақов атындағы мәде­ниет сарайы, жергілікті музыкалық мек­теп-кол­ледж меке­месіне өнер өкілде­рі­нің атынан алғысымды білдіремін. Дом­бы­ра­шылардың дайындық деңгейі мен бабы келісіп тұрғаны алғашқы күннен-ақ аңғарылды. Тіпті мұндай бәсекелерге жиі қатыса бермейтін солтүстік өңірлердің, әсіре­се Қостанай аймағының өрендері төбе көр­сетуі құптарлық. Домбырашылардың ансамбльмен үйлесімі, оркестр мүшелерін тың­дай білуі, ырғақты меңгеруі жан-жақты тал­данды. Жалпы, жеке орындаудың және оркестр­мен орындаудың өзін­дік ерек­ше­ліктері бар. Жеке ойнағанда күйдің тари­хына,  әлеміне үңілген абзал. Туын­­ды­ның лирикалық әлде фило­софиялық са­­р­­ынын ажырата білу, екпін-ырғағының төрт аяғын тең бас­ты­ру шеберлікті қажет ете­­ді. Ал оркестр сүйемелдеген уақытта өз­ге му­зыканттарды ести білсе, сол ғани­бет. Күй өнері сонысымен маңызды» деп тар­­қат­­ты сөзін қазылар алқасының төрағасы.

Мұндай республикалық ауқым­дағы күйшілер сыны Ертіс-Баян жерінде алғашқы рет өтіп отыр деуге болады. Біраз жыл бұрын облыс орталығында аймақтық деңгей­де домбырашылар байқауы ұйым­дастырылған. Р.Омаров атын­дағы Павлодар облыстық филар­­­мониясының басшысы Амангелді Қожанов биылғы байқау жергі­лік­ті өнерсүйер қауым үшін айту­лы дода болғанын айтады. «Ертіс-Баян өңірінде күй өнері кенжелеп қал­ғаны мәлім. Бұл стереотипті бұ­затын талантты жас­тар өсіп келеді. Осын­­дай ау­қымды бәсекелер арқылы күй­­ші­­леріміздің шеберліктері шың­да­лып, үлкен өнерге жол ашудағы пай­дасы мол болмақ. Жергілікті би­лік қолдаса, алдағы уақытта дәс­түрлі ету ойда бар», деп атап өтті ол.

Байқаудың бас жүлдесін Аты­рау қала­сынан келген Жәнібек Жә­миев жеңіп алды. Жәні­бек бү­гінде Дина Нұрпейісова атын­дағы ака­де­миялық қазақ халық аспаптар ор­кес­трінде еңбек етіп жүр.

Жүлделі бірінші орынды Құр­ман­ғазы атындағы қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының студенті Жантілек Жұ­магел­диев (Алматы) иеленсе, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындаушысы Мәди Тулев (Павлодар) пен «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклор­лық ансамблінің орындаушысы Дарын Құдайбергенов екінші орынды бөлісті. Ал Мұқан Төлебаев атындағы музыка учили­щесінің оқытушысы Ерболат Талапхан (Абай облысы) мен Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің студенті Дәулет Оңғар (Астана) үшінші орыннан көрінді. Бұдан бөлек Халық әртістері ағайынды Абдул­­линдер атындағы Шығыс Қазақ­стан өнер училищесінің оқы­ту­шысы Ерасыл Рина­тов (Өскемен) Рүстембек Омаров атын­дағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Ел арасында: «Арқаға барып «әншімін» деме, Сырға барып «жыршымын» деме, Батысқа барып «күйшімін» деме», дейтін тәмсіл бар. Әрине, бұл өңірлердің өнер бағыттарына басымдық бергенін сипаттап, орайы келгенде айтылған сөз ғой. Әйтпесе, қазақтың кез келген аймағында мықты ақындар мен бармағынан бал тамған күйшілер, аузынан жақұт төгілген жыршылар жетерлік. Арқа жерінде күйді сазды етіп, теріп тартса, Батыста төкпелеп тартады. Оның өзінің де ерекшеліктері бар. Мысал үшін Құрманғазының күйлері ерлікті дәріптесе, Дәулеткерей лирикаға, Қазанғап философия мен жыр мектебіне жа­қын. Музыкатанушылардың зерт­теу­леріне сүйенсек, қазақтың бү­гінге жетіп отырған 5 мыңнан астам күйі бар. Күйші Қаршыға Ахмедияров заманында өз репертуарынан 500 күйді орындаған екен. Бүгінгі өсіп келе жатқан жас толқын бұл үдеден де асып түсіп, күйшілік өнерді лайықты жалғастырады д­еген сенімдеміз.

 

ПАВЛОДАР