Құқық • Бүгін, 08:48

Арыз-шағым ескерусіз қалмайды

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркіс­тан облысындағы өкілдігіне өңір тұрғындарынан биылғы он айда 156 арыз келіп түскен. Арызданушылардың басым бөлі­гі, нақтырақ айтсақ 35-і – сотқа дейінгі тергеп-тексеру, оның заңдылығын қадағалау мәселелерімен жүгінген.

Арыз-шағым ескерусіз қалмайды

Әлеуметтік қамтама­сыз­дандыру құқы­ғы – 23, лауа­зым­­дық өкі­лет­тіктерін асыра­ пай­далану мәселелерімен 18 арыз түскен. Сотталғандардың құ­қы­ғы, медициналық мәсе­ле­мен арызданғандар да аз емес. Мысалы, өкілге денсаулық са­қтау саласының қызметіне қа­тысты арызданған азамат емхана кепілденген медицина­лық қызмет көрсетуден бас тартқанын айтқан. Яғни заңмен белгіленген кепілді медицина­лық көмектің көлемін тегін алу құқығы шектелген. Аталған фактіге қатысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркіс­тан облыс­тық филиалына ұсы­ным ­жі­бе­ріліп, нәтижесінде заң бұзғаны үшін медициналық ұйымға экономикалық шара қолданылыпты.

Сондай-ақ уәкілдің Түркіс­тан облысындағы өкіліне Ресейде тұратын Қазақстан азаматының туысқаны арыз­данған. Туысқаны үйінде болған өрттің кесірінен туу туралы куәлігін жоғалтқан. Сол себепті жеке басын анықтайтын құжаттарды рәсімдей алмай жатқанын мәлім еткен. Уәкілдің өкілі әділет департаментіне және Түркістан қалалық АХАТ бөліміне туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу үшін хат жолдап, нәтижесінде аталған құжат арыз иесіне жолданған.

«Уәкіл, оның өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде мем­лекеттік органдарға жедел қабылдауға кіру құқығын пайдаланады. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды тұлға­лар уәкілге, оның өкілдеріне дереу жәрдем көрсетуге міндетті. Биылғы 10 айда өкілдікке келіп түскен, тіркелген 156 арыздың 67-сіне жазбаша түсініктемелер берілсе, 67 арызданушының талабы, сұрағы қанағаттандырылды. Ал 17-сі құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды, бесеуі қаралып жатыр. Арыздарды қарау барысында 32 ұсыным жіберілді. Нәтижесінде, 10 лауа­зымды тұлға тәртіптік жауап­кершілікке, бір азамат әкімші­лік жауапкершілікке тартылды», дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова.

Өкіл 166 азаматты жеке қабылдап, оның 126-сы бойынша құқықтық түсіндірмелер жүргізсе, 40-ның мәселесі шешімін тапқан. Сондай-ақ мем­лекеттік органдар өкіл­дері­мен бірге азаматтарды бір­лес­кен 33 қабылдау өткізілген.

«Уәкілдің құзыреттерінің маңызды саласы – азаптаудың, қатыгез қарым-қатынастың алдын алуда Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) жұмысын үйлестіру. Осылайша, ҰАТ қоғам өкілдерінен құралған сарап­­шылардан тұратын жүйе болса, уәкіл мемлекет атынан осы механизммен өзара ықпал­дастықта болып, оның жұмысын үйлестіріп отырады. Бүгінде өңірде 7 белсенді азаматтан, сарапшыдан құралған ҰАТ тобы бар, осы топпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз», дейді Наталья Сұңғатқызы.

Қазір өкіл – 6 кон­­суль­­та­тив­тік-кеңесші және ба­­қы­лау органдарын­да мүше. Биылғы 7 айда консультативтік-кеңесші және бақылау орган­дары­ның 17 отырысына қаты­сып, адам­дардың құқы мен бос­­тан­дығын қорғауды жетіл­діру мақсатында 8 ұсыным бе­рі­ліпті. Сондай-ақ биылғы он ай­да өкіл 79 мандатты мекеме­лерге барған. Нәтижесінде, құ­зыр­лы органдарға 54 ұсыным жол­данған. Өкілдің жолдаған ұсы­нымдары нәтижесінде 14 лауа­зымды тұлға тәртіптік жауап­кер­шілікке, 10 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Түркістан облысы