Оқиға • 20 Қараша, 2024

Алматыда ХІІ «Ұлы жібек жолымен» халықаралық кітап көрмесі ашылды

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Атакент» іскерлік орталығында ХІІ «Ұлы жібек жолымен» халықаралық кітап көрмесі, ХХІІ «Білім және мансап көрмесі» халықаралық көрмесі ашылды.  Еліміздегі кітап ісін дамыту мен білімді насихаттайтын көрмелерде шетелдерден келген өкілдер, сала мамандары, жастар, студенттер осы рухани кеңістікте әртүрлі мәдени шараларға қатысып, пікір алмасып, кітап ісіне қатысты әлемдегі озық жетістіктерді талқылайтын болады.

Алматыда ХІІ «Ұлы жібек жолымен» халықаралық кітап көрмесі ашылды

Президенттің озық ойлы ұлт қалыптастыру тапсырмасына орай бұл бағыттағы шаралардың аясы кеңейіп, биыл 16-20 қазан аралығында Қазақстан баспагерлері мен қаламгерлері «Frankfurt Buchmesse 2024» 76-шы халықаралық Франкфурт кітап жәрмеңкесіне қатысып қайтқан болатын. Қазақстан ұлттық стендіне 300-ге жуық баспа өнімдері қойылды. Қазақстан жазушыларының еңбектері насихатталды.  «Атамұра», «Алматы кітап», «Мектеп», «Arman-PV», тағы басқа баспалар халықаралық келісімдерге қол қойып, тың жобаларды іске асыруды жоспарлап қайтты. Осы әріптестік негізінде «Frankfurt Buchmesse 2024» халықаралық кітап көрмесінің өкілдері алғаш рет Орталық Азия келіп, «Ұлы жібек жолымен» халықаралық кітап және полиграфия көрмесіне  қатысты.

1

Көрменің ашылу салтанатына Иран консулы Фагани Мохсен, Мәскеу қаласының сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар Департаменті басшысы орынбасары И.П. Ткач, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің негізгі клиенттерді басқару және сату жөніндегі менеджері Владка Купска, Мәскеу қаласының сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің отандастармен жұмыс және ақпараттық саясатты қамтамасыз ету басқармасының кеңесшісі А.В.Сулима, тағы да басқа мәртебелі меймандар қатысты.  

Көрменің салтанатты ашылуында Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметов, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров, Ресей кітап шығарушылар қауымдастығының директоры К.В.Чеченев, Алматы қаласы әкімі аппараты Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов, Ресей кітап одағы жоаларының жетекшісі А.А. Новокшова, Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялар қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы бөлімінің әдіскері Айжан Аскерқызы сөз сөйлеп, халықаралық кітап көрмелерін өткізу рухани, мәдени байланыстардың дамуына, сонымен бірге  әлемде кітап ісін дамытуға ықпал ететіндігін атап өтті.

Кітап көрмесіне еліміздегі «Атамұра», «Алматы кітап», «Мектеп», «Arman-PV», «Дарын», «Адал Кітап», «Smart University» баспаларының өнімдері қойылды. Көрме барысында жаңа шыққан кітаптардың тұсаукесері жоспарланған.

Үш күн ішінде Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран елдерінен келген баспагерлер, полиграфистер мен кітап таратушылар іскерлік байланыстарын дамыта отырып, бірлескен жобаларды іске асырмақ.

 

АЛМАТЫ