Саясат • Бүгін, 09:00

Қазақстан – Сербия: Еларалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

39 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні Қазақстан Президентінің борты Сербияға қонды. Ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Белград әуежайында Сербия Президенті Александр Вучич ерекше құрметпен қарсы алды. Сол күні Президент сапарының құрметіне Сербия астанасының рәмізіне айналған «Белград мұнарасында» еліміздің көк байрағы бейнеленді. Биіктігі 168 метр болатын бұл мұнара биыл 15 қазанда ашылған.

Қазақстан – Сербия: Еларалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Сербия саяси диалогті нығайтуға бейіл

Сербия Президенті Александр Вучич әлеуметтік желілердегі парақша­ларында Белградқа ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты ықыласпен күтіп алғанын жазды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне кешкі ас берілгенін және Алматының әйгілі апортын сыйға алғанын қуана хабарлады. Сондай-ақ Сербияның достас елдерге құшағы әрдайым ашық әрі бүгінгі кеш соның тағы бір дәлелі екенін атап өтті.

Ал кеше Қазақстан Президентін Сербия сарайының алдындағы алаңда ресми қарсы алу рәсімі өтті. Онда Құрмет қарауылы сап түзеді. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің әнұрандары шырқалды, сондай-ақ он рет зеңбіректен оқ атылды. Бұдан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжай­­лылық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылығын білдіріп, Қазақ­стан Президенті ретіндегі Сербияға алғашқы сапарының мәні ерекше екенін айтты. Сонымен қатар бұл сапар қазақ-серб қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

пр

Мемлекет басшысы екі ел арасын­дағы өзара тиімді ынтымақ­тастық халықтар достығына, саяси диалог пен өзара қолдауға ұдайы арқа сүйейтінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кейінгі жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвес­тициялық байланыстарды белсенді дамытып келе жатыр.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін Александр Вучич пен Сербия халқына алғыс айтты. Мемлекет басшысы мұны екі ел ара­сындағы шынайы достықтың жарқын көрінісі ретінде бағалады.

Александр Вучич Сербияның елімізбен саяси диалогті нығайтуға бейіл екенін растап, халықаралық аренадағы іс-қимылды үйлестірудің маңызына тоқталды.

Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың келешегін, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Бұған қоса тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

 

Ықпалдастықты тереңдететін құжаттар

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуге екі ел делегациялары қатысты.

Мемлекет басшысы шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгені, сондай-ақ Қазақстан тарапына қонақжайлылық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Сербия Президенті Александр Вучич арнайы келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар аймақтағы және халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болатын өзара тиімді байланысты дамытудың маңызына назар аударды.

ап

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді.

Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалады. Осы орайда қазіргі әлемдегі геосаяси және эко­но­микалық жағдай ынтымақтастықты жан­­дандыра түсуді қажет ететінін атап өтті.

Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады. Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.

Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланыс­ты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.

Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.

Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті.

Қазақстан Президентінің Сербияға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сербия Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сербия Республикаcының Еңбек, жұмыспен қамту, ардагерлер ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Сербия Республикасының Туризм және жас­тар министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Сербия Республикасы­ның Статистика басқармасы арасындағы өзара саудада статистикалық деректер алмасу са­ла­сындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
  7. Қазақстан Республикасының Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сербия Республикасының Ғылым, технологиялық даму және инновациялар министрлігі арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. Қазақстан Республикасының Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сербия Республикасының Ақпарат және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сербия Республикасының Ұлттық кітапханасы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасының Прези­денті жанындағы Қазақстанның страте­гиялық зерттеулер институты мен Сербия Республикасының Халықаралық саясат және экономика институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

 

Бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді

Жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Қазақстан мен Сербия президенттері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичке Белградқа ресми сапармен келуге шақырғаны және серб халқының қонақжайлылық танытқаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті бұл сапарға айрықша мән беретінін атап өтті.

пр

– Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі ниеттес әрі тілеулес сенімді серіктесі. Достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген. Бүгінде берік әрі мазмұнды қарым-қатынасымыздың аясы кеңейіп келеді. Жаңа салалар бойынша ықпалдастық орната бастадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен нәтижелі және мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген.

– Біз инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына баса мән беріп отырмыз. Инновация және жаңа технология бағытына ерекше назар аудардық. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық. Бұған Үкіметаралық комиссияның белсенді қызметі серпін беруге тиіс. Сондай-ақ Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруға келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіп, көлік-логистика, «жасыл» энергетикаға көшу салаларында, әскери өнеркәсіп кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Президент ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастыққа тоқталды.

– Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамы­туға уағдаластық. Ветеринария, генети­калық ресурстарды кеңейту, органи­калық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотех­нологиясы секторында тәжірибе алмасу­ға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласын­дағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу ме­кемелері арасында серіктестік орнату­дың маңызды екенін атап өттік, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Сербия тарапын денсаулық сақтау, ақпараттық технология, ғарыш, туризм бағытындағы байланысты күшейтуге шақырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы елімізде бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде қаржылай қолдау көрсеткені үшін Прези­дент Александр Вучич пен серб халқына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту айрықша маңызды. Мемлекет басшысы еліміз білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Сербияны 2027 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.

– Бұл, ең алдымен, Сербияның және оның басшысы – Президент Александр Вучичтің халықаралық беделінің жоғары екенін айғақтайды. Ауқымды іс-шара «Адамзат игілігі үшін: баршаға арнал­ған спорт пен музыка» тақырыбында өтеді. Маңызды іс-шара достық қарым-қатына­сымызды, мәдениет пен спорт саласындағы серіктестігімізді дамытуға серпін береді деп сенеміз. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, сербия­лық достарымызға V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарына белсене қатыс­­қаны үшін алғыс айтамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында жаһандық және ай­мақтық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды.

– Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз – ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Сербия Президенті ауқымды мәселелер қозғалған бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі мазмұнды сипатта өткенін жеткізіп, кездесулерге жоғары баға берді. Сондай-ақ мемлекеттер мен президенттер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнағанын ризашылықпен атап өтті.

– Қазақстан мен Сербия арасын­дағы достық халықтарымыздың ынтымақ­тастығымен ғана шектелмейді. Біз халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ аясында бір-бірімізге өзара қолдау көрсетеміз. Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын, – деді Александр Вучич.

Брифинг соңында Сербия Президенті Астанаға сапарын асыға күтетінін және Мемлекет басшысын Белградта тағы да қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

 

Сербия бизнесмендеріне қолдау көрсетуге дайын

Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Республи­касының Премьер-министрі Милош Вучевичпен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Президент Александр Вучичпен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтті.

– Сербиямен берік достыққа және өзара түсіністікке негізделген ұзақ жылғы серіктестігіміз бен көпжақты байланысымызды жоғары бағалаймыз. Бүгін ғарыш, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі, білім, туризм салаларында үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Түрлі деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен экономика­лық өзара ықпалдастық біздің түпкі мүддемізге сай келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия үкіметтерін қол жеткізген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру үшін бірлесе әрекет етуге шақырды. Атап айтқанда, екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретін ірі жобаларды нақтылау қажет екенін айтты.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмысына зор үміт артатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы елімізде инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыратын Сербия бизнесмендеріне Қазақстан Үкіметі толығымен қолдау көрсетуге да­йын екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Милош Вучевич Белград­тың Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды мұқият зерделеп, сондай-ақ бірқатар перспективті бағыт бойынша байланысты нығайту мүмкіндігін қарастырып жатқанына тоқталды.

Сербия Премьер-министрі өз елінің Қазақстанмен тауар айналымын ұлғайтуға, сауда-экономика, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін растады.

Милош Вучевич «жасыл» технология, қуат көздерін алмастыруға қатысты мәселелерді қозғап, осы бағытта тәжірибе бөлісуге шақырды. Сонымен қатар екі елде бір-бірінің мәдени күндерін ұйым­дастыруды және бизнес-форумдарды тұрақты түрде өткізуді ұсынды.

 

Қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің көрмесін тамашалады

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичпен бірге Белград маңындағы «Батайница» аэродромына қойылған әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының көрмесін аралады.

Сербия – әскери мақсаттағы тауар­лардың экспорты бойынша аймақтағы көшбасшы ел. Қазір Сербияның қорғаныс өнеркәсібі өнімдері әлемнің 70 мемлекетіне, соның ішінде БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Болгария, Индонезия сияқты елдерге жеткізіледі.

Көрмеде құрлық әскерінің жауын­герлік техникаларының, сербиялық қару-жарақпен жабдықталған тікұшақтар­дың, әуе қорғанысы жүйелерінің, атыс қару­ларының, артиллериялық және басқа да оқ-дәрілердің, миналар мен мино­меттердің үлгілері ұсынылған.

Сербияның осы бағыттағы мол тәжі­рибесі Қазақстанның қорғаныс әлеуетін нығайтуға ықпал ете алады.

Осылайша, Мемлекет басшысының Сербияға ресми сапары нәтижелі болды. Белград әуежайынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Сербия Премьер-министрі Милош Вучевич шығарып салды.