- Замбияның Лусака қаласында бадминтоннан Дмитрий Панарин чемпион атанды. «Zambia International Challenge 2024» халықаралық турниріне 25 елден спортшылар қатысты. Дмитрий биыл Париж жазғы Олимпиадасына да қатысқан болатын. Бірақ іріктеу сынынан аса алған жоқ, жапон Кента Нишимотоға есе жіберді.
- 23-24 қараша күндері елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде пара дзюдодан «Grand Prix» жарысы өтеді. 15 мемлекеттен 100-ге тарта балуан қатысатын додада ел үмітін арқалайтын балуандар J1 санатында күреседі. Турнирге қатысушылар 10 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Олимпиада цикліне орай салмақ дәрежелері өзгеріп, ерлер 70, 81, 95, +95 кг-да тартысқа түседі. Ал әйелдер 52, 60, 70, +70 кг-да күш сынайды. Сонымен қатар Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада бағдарламасына енбейтін екі салмақта да балуандарды белдестірмек. Ерлер 64 кг, әйелдер 46 кг салмақта сынға түседі.
- Бүгін Канаданың Ванкувер қаласында семсерлесуден әлем кубогінің кезеңі өтеді. 24 қарашаға дейін жалғасатын жаһандық сайыста Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Кирилл Павловқа сенім артылмақ. Еліміздің спортшылары бұған дейін әлем кубогінің кезеңінде 7-орын иеленген болатын.
- Астана қаласында 29 қараша күні «WrestlingStars» халықаралық турнирі өтеді. Әлемдік аренада олжа салып жүрген даңқты балуандар елорда төрінде тартысқа түседі. Олардың арасында еркін күрестен екі дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, италиялық Фрэнк Чамизо, жастар арасында әлем чемпионы, жерлесіміз Исхар Құрбаев, қырғызстандық Ұлықбек Жолдошбеков сынды саңлақтар бар. Турнирге еркін күрестен Азия чемпиондары Данияр Қайсанов пен Санжар Досжанов, үш дүркін Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Хорлан Жаһанша да қатысады.