Зерде • Бүгін, 08:02

Елорда Шерхан Мұртаза даңғылымен асқақтауға лайық

44 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда түсіме Шерағаң кірді.

Мен қазір Астанадағы «Самал» шағын ауданында тұрамын. Тү­сімде сыртқа шығып, әдеттегідей үйіміздің жанында тұр екенмін деймін. Кенет дәл алдыма есік пен төрдей, жарқыраған ақ машина келіп тұра қалды. Машинаның ішінен Шерағаның жүзі көрініп, «Әй, Болат, бері жақында, отыр менің қасыма» деген даусы анық естілді. Қолма-қол шұғыл қимыл­дап Шерағаңның жанына барып отырдым.

Елорда Шерхан Мұртаза даңғылымен асқақтауға лайық

Суретті түсірген – Шүкір ШАХАЙ

 

– Менің алыс сапарға шығып кеткеніме де біраз уақыт болыпты-ау, – деді Шерағаң. – Астанамыз абаттана түсіпті. Аспанмен талас­қан жаңа үйлер салыныпты. Әдемі. Жарасып тұр. Ал сөйле, қане. Көрсет қалаңды. Мен сапарға шы­ғып кеткелі болған өзгерістерді.

– Тәуелсіздік даңғылымен жү­рейік онда, – деймін мен.

– Кеттік, ендеше, – дейді Шераға жүргізушіге.

Мен оның көптен бері көрмеген жүзіне үңіле қараймын. Еш өзгеріс жоқ. Баяғы Шерағаң. Терезеден көз алмай қарап отыр.

Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынова атындағы көшелерді көргенде қуанғаннан жанары жарқ еткенін байқап қалдым.

– Дұрыс-ақ! Астана өзінің аймаң­дайлы ұлдары мен қыздарын осылай әспеттегені жөн-ақ. Қаланың көркіне көрік қосып, жарасып-ақ тұр, – дейді Шерағаң.

Осы сәтте бір нәрсе тарс ете қалып, ұйқымнан оянып кеттім. Оянғаныма өкіндім. Сөйтсем жұ­байым таңертең демалысқа жол­ға шығатынымызды ескеріп, жи­һаздарды орнынан қозғап, үй ішін тазартып жуып жүр екен.

Одан әрі Шерағаң түсіме қайтып енбеді...

Шерағаң қайтыс болғалы да бі­раз уақыт өткен екен-ау деп мен ойға қалдым. Бірден-ақ Пар­ла­мент­те депутат болып жүргендегі Шер­ағаңның бейнесі көз алдыма қайта елестеді.

Шерағаң сөз алғанда, трибуна­ға шыққанда зал сілтідей тына қа­лушы еді ғой. Тікелей эфир ке­зінде Шерағаңның бейнесіне рес­публикамыздың қалалары мен да­лаларындағы қалың жұртшы­лық, бүкіл әлеумет ынта қойып, көз тігетінін сезіп отыратынбыз. Өйткені Шерағаң бос сөйлемей­тін. Жұртшылықтың көкейіндегі өмір­шең, толғақты мәселелерді дәл басып айтатын. Сөйтіп, қалың жұртшылықты ойландыратын. Толғандыратын.

Содан ойды ой қуалап, осыдан жетпіс жыл бұрын, сонау алыста қалған жастық шағымда сол кездегі елге ең көп таралатын «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінде Шерағаңның басшылығымен жалындап-жанып қызмет атқарған жылдарым еріксіз есіме түсті.

Мектепті Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы шық­қан Жуалы ауданында қазақша бітір­ген Шерағаның барлық дәрісі орысша ғана жүретін Мәскеу университетінің журналистика факультетіне оқуға қалай түскені де бізге жұмбақ болатын...

Шерағаңның мінезінде де ­ауылдас ағасы Бауыржан Момышұлы­­на ұқсастық бар еді. Ол қай кезде де қандай мәселе болсын қақы­ратып шындықты ғана ­айтатын. Әділет жолынан танбайтын. Бұл қасиеті парламентте депутат болып жүрген кезінде де барынша айқын көрінді. Бұған өзінің досы, әріптесі Камал Смайылов­пен республикамыз­дың аға газеті «Егемен Қазақстан­ның» бе­тінде жарияланған, «Елім, саған айтамын, Елбасы сен де тың­да» деген айдармен берілген мақала­ла­ры куә.

Өзінің өміршеңдігін жоғалт­паған, жас ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесі мол сол мақалалар 1998 жылы Алматыдағы «Қазақстан» бас­пасынан кітап болып жарияланды. 3000 дана тиражбен басылып, республикамыздың барлық облысындағы кітапханаларға таратылды. Бұл кітаптың еліміздің өркендеуіне қосатын үлесі, жас ұрпаққа да, еліміздегі көкірегін­де оты бар барлық азаматқа да тигізетін шапағаты, пайдасы әлі де зор.

Енді Шерхан ағамен қызметтес болған кездегі оқиғаларға аз-кем тоқталайын. Шерхан аға «Лениншіл жаста» редактор болған жылдарда мен газетте бөлім бастығы болып істейтінмін. Оның алдында газеттің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып бірер жыл қызмет істеп қайтқанмын. Содан бір күні газеттің жауапты хатшысы Қалдарбек Найманбаев «Білім және еңбек» журналына бас редактор болып ауысты. Қалдарбек­тің орнына енді қайсымызды қояр екен деп барлық қызметкер елеңдесіп, әрқилы әрекеттерге көшті. Мен редакциядағы ең жасы әрі кіші қызметкер болғандықтан ол орыннан дәмеленгенім жоқ. Соның алдында Шерағаң редактор болып келген бойда мені Оқушы, студент-жастар бөлімінен жұмысы жауапты әрі қауырт деп саналатын Комсомол тұрмысы бөліміне меңгеруші етіп ауыстырған еді.

Сол күндердің бірінде, таңер­тең, жұмыс енді басталып жатқан­да Шерағаң маған: «Болат, тез киін де төменге түсе бер», деді. Басқа ештеңе айтпады. Мен ойланып келемін. Бүгін онда бюро отырысы болуға тиіс. Шамасы сол бюро отырысынан маған материал да­йындататын шығар деп пайымдаймын. Жағдай бірақ басқаша болып шықты. Шерағаң бюрода мен туралы қысқаша баяндады да, «осы қызметкерімізді жауапты хатшы етіп бекітулеріңізді сұраймын», деп сөзін аяқтады. Сөйтіп өзім де, ре­дакциядағы басқа қызметкер­­лер де күтпеген жағдайда мен газет­тің жауапты хатшысы болып бекіп кеттім...

Енді бастапқы әңгімеме қайта оралайын.

Жоғарыда айтқанымдай, таяу­да түсімде көргеннен кейін мен Шерағаң туралы көп ойландым. Оның редактор ретінде қазақ бас­пасөзін дамытуға, республикамыз­ды өркендетуге қосқан үлесі аз емес, қомақты. Елімізге қажетті жур­налист кадрларын даярлауға сіңір­ген еңбегі де орасан зор. Хал­қы­мыз өзінің осындай аймаң­дай ұлдарын орнымен бағалап, олар­ды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, атта­рын көшелерге, мектептерге беріп жатса – бұл қуанарлық іс.

Сондықтан Шерхан Мұртаза­ның республикамыздың өсіп-өр­кендеуіне, өз шығармаларымен, ең­бегімен журналист кадрларын, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан, келешекте де қоса беретін үлкен үлесіне орай ономастика комиссиясы, елорданың жауапты орындары Астанадағы орталық көшелердің біріне оның есімін беруді кешіктірмей шешуі елдік мәселе деп санаймын.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,«Egemen Qazaqstan»-ның ардагері