Еңбек • Бүгін, 08:47

Сақи атанған «Сары қазақ»

42 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арқа төсінде құт қонып, ырыс дарыған ауыл көп. Өрісіне мал жайылып, еккен егісі бітік шығатын Шет ауданының Көктіңкөлі ауылы – соның бірі. Мұнда Владимир Ковальчук есімді кәсіпкер тұрады. Осыдан отыз жыл бұрын ол құрған «Жаңа» шаруа қожалығы бүгінде қанатын кеңге жайып, қабырғалы агрокешенге айналды. Ұлты белорус Владимирдің қазақ болып кеткеніне көбі қайран. Алған жары орыс ұлтынан. Ай­наласындағылар іскер аза­­матты «Сары қазақ» дей­ді. Өйткені соғымға ту бие сойып, қазы-қарта жеп, қы­мыз ішпесе, көңілі жайланбайтын жомартыңның өзі.

Сақи атанған «Сары қазақ»

Аталған агрокәсіпорын сан сала­лы бағытта ырысын еселеп отыр. Негізінен мал шаруа­шы­лығымен айналысады. Қазіргі уақытта оның иелігінде екі жүз ірі қара, жүзден асып жығылатын жылқы, жүз елу қойы бар.

Төрт түліктен несібе тапқан ағайынға ауыл шаруашылығы техникаларының сақадай сай болуы қашанда маңызды. Бұл шаруаға да Владимир мы­ғым. Шаруашылыққа қа­жет техни­каның түр-түрі бар. Олар­дың бұзылмай, жылдың кез кел­ген мерзімінде сағаттың меха­низ­міндей сартылдап жұмыс істеп тұруына шаруашылық басшысы баса мән береді.

Фермер шаруашылығының мүмкіндігін тек малдың өсімі­мен ғана өлшемейді. Егістік алқабындағы шаруаларды да игеріп, игілігін арттыруды көз­дей­ді. Сөйтіп, өзіне тиесілі 500 гектардың жартысына егін салып, қалған 250 гектарына арпа, бидай, сұлы егіп, астық қамбасын толтырып алды.

«Биылғы жерге салған өніміміз бітік шықты. Қамбамызды қам­пайтып алдық. Көп шаруа мол­шылыққа кенелді. Төккен тері­мізді, еселі еңбегімізді Жер ана ескерсе деп тілейміз. Агросаланың қиындығы көп. Үнемі ізденіп, жетіліп отырмасаң, шаруаң іркі­ліп қалады. Сондықтан өзің агроном, ветеринар, малшы, механизатор болмасаң, мал бітпейді», дейді фермер.

пр

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

2017 жылы Үкіметтен аз пайыз­­­бен несие алған ол қорасын асыл тұқымды сиырға толтырады. Несие қаржысына Ресейден етті әрі сүтті «Симменталь» тұ­қымынан 50 сиыр әкеледі. Содан бері ірі қараның кесекті еті, мол сүті көл-көсір табысқа кенелтіп, берекесін әрі қарай арттырған көрінеді. Шаруашылық жыл сайын 8000 тонна ет, 9 тонна сүт өнімін өндіріп, саудалап отыр.

Атырабына «Сары қазақ» деп аты танылған оның бойын­да дарқандық бар, өзінен артыл­ғанымен өзгеге қарайласа­тын қайырымды жандар қатары­нан. Кәсіпкер өзі туып-өскен Көк­тіңкөлі аулына қарасты Әлихан елді мекеніне барынша жағдай жасап отыр.

– Шарапатты іс адамгершілігі жоғары, рухани әлемі бай, жан дүниесі таза адамдардың ғана қолынан келеді. Владимир – осындай санаттағы азаматтың бірі. Барын ауылымен бөліседі. Жылда Әлихан аулының жалғызбасты қарт адамдарына көмірін, қысқы жемшөбін түсіріп береді. Мектеп алдындағы 250 шаршы метр жерге асфальт төседі. Мектептің акт залына пластикалық терезе орнатқызды. Жылда Көктіңкөлі стансасының бәйгеден өтетін маусымашар­дың бас жүлдесіне ірі қарасын тіге­ді. Мұнымен қоса округіміз­ге қарасты Жы­лан­ды аулының ұзындығы 9 шақырым кіреберіс жолын жөндеуге де демеушілік жасады. Қыста ауылдың жолдарын қардан тазартуға қаржысын да, тех­никасын да аямайды, – дейді Көктіңкөлі аулының әкімі Қуаныш Қоршабеков.

Атпал азамат Владимирдің мұқтаж жандардың жағдайын жүрегімен қабылдап, қолынан келгенше жәрдемдесуге дайын тұратын атымтай-жомарттығын ауылдастары да ризашылықпен айтып жүреді. Шынтуайтында, батыл фермер кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін жан-тәнімен сезінеді. Туған ауылын түлетуге үлес қосып жүргені де сондай ұстанымының арқасы болса керек.

Істің қиюын тауып, шаруашы­лықтың тасын өрге домалатып жүрген кәсіпкердің отбасын да үлгі қылуға болады. Босағасы­на береке, шаңырағына шаттық үйірілген отаудың бірі. Жары Натальяның қазаны оттан түспей­ді. Бие сауып, қымыз ашытады. Сиырдың сүтінен қаймақ, май, сыр, ірімшік, құрт дайындайды. Ақ дәмнің бәрі дастарқанда жайнап тұруы керек деген үрдіс бар екен.

– Құт-берекенің барлығы дас­тар­қаныңның молшылығымен ке­леді. Отағасы жылқы етінсіз оты­ра алмайды. Даладан мал тү­ген­­деп келген күні міндетті түр­де қазанға ет саламын. Қонақ­қа есігіміз ашық. Жылда құран оқы­тып, шекемізді береміз. Бізді енді танығандар аң-таң болып жатады. Кәдімгі қанымыз да, жанымыз да қазақ болып кеткен, – дейді фермердің жары.

Отбасындағы ұлы Павел мен қызы Любовь әкесінің жанында жүріп, еңбекке ерте араласқан. Бала кезінен шаруа істеп, шымыр болған олар спортқа жақын. Павел – еркін күрестен спорт ше­берлігіне үміткер. Қызы Лю­бовь ауыр атлетикадан ел намы­сын байрақты бәсекелерде қор­ғап жүр. Ел чемпионатының бір­неше дүркін жеңімпазы. Оңтүс­­тік Кореяда өткен Азия чемпио­на­тының күміс медаль иегері.

Владимир Ковальчуктің ауыл шаруашылығы саласындағы маң­дай тері атаусыз, ескерусіз қа­лып жатқан жоқ. Мемлекет­тік бағдарламалар мен Президент­тің ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыру жолындағы еңбегі бірнеше мәрте түрлі марапатпен аталып өткен. Ал іскер азамат өзі жақсылық жасаған жандардан алғыс алуды марапат біткеннің төресіне балайды.

Міне, шағын ғана ауылда тұ­рып, шаруашылығын дөңге­летіп қана қоймай, айналасына шарапатын тигізіп жүрген, «Сары қазақ» атанған азаматтың әлемі осындай ізгілікке толы.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Көктіңкөлі ауылы