– 90-жылдары ескінің бәрі қирап, жарамсыз болып жатты емес пе? Жездіде әлеуеті зор автобаза болатын. Мен сонда еңбек жолымды бастаған едім, слесарь болып істейтінмін. Сол кәсіпорын аяқ астынан ешкімге керексіз болды да шықты. Жүз қаралы адам жұмыссыз қалдық. Бір жақсысы, сол кезде бұрын бізде басшы болған Райымбек Аяшов есімді азамат Сәтбаев қалалық жылумен-сумен қамту кәсіпорнының директоры болып істейтін еді. Сол кісіге барып, жұмыс жағынан қарасуды өтіндім. Рахаң – терісі кең кісі. «Кресло сұрап тұрған жоқсың ғой, екі қолға бір жұмыс табылар. Бұрыннан үйреншікті жұмысың мұнда да бар», деді де слесарь етіп қабылдады. Міне, содан бері осы кәсіпорында жұмыс істеп келемін, – дейді Әділ, бар өмірбаяным осы дегендей.
Адамды абыройға қанша жерде істегені емес, қалай еңбек еткені бөлейді емес пе? Әділ Қуанышұлы жаңа еңбек ұжымында да бірден-ақ тындырымды еңбегімен көзге түсіп, сенімнен шыға білді. Мақтау, марапаттар иеленді. Арада өткен уақыт оның еңбек кітапшасына бір ғана өзгеріс енгізді. Егер ол 1997 жылы Сәтбаев қалалық жылумен-сумен қамту кәсіпорнына слесарь болып қабылданған болса, қазір слесарьлар бригадасының бригадирі. Оның қарауында 20-дан аса слесарь бар. Коммуналдық шаруашылық саласының жұмысы ешқашан таусылып бітпейді. Күн жылыда қысқы жылу беру маусымына дайындаласың, ал қыста халыққа дер мезгілінде жылу жеткізіп тұруды қамтамасыз етуде күні-түні жұмыс істеуге тағы тура келеді. Мұны өзің қаншалықты сезіне білсең, қарамағыңдағы жұмыскерлерді де соншалықты ортақ іске жұмылдыра білу керек. Демек бригадир талап қоя білуге де, істі ұйымдастыру жағына да мығым болу керек. Бұл жағынан да Әділ Қуанышұлы өзіне жүктелген сенімге селкеу түсіріп көрген емес.
Ә.Сейітжанов биыл III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ұжым басшылығы оның жоғары мемлекеттік наградаға ұсынылғанын өте құпия ұстады.
– Жоғары жақ бекітпей қалса, көңілін жаралап алармыз деген ойда болдық. Сондықтан қашан сүйінші хабар жеткенше тісімізден шығармадық. Орденді зор салтанат үстінде облыс әкімі өзі тапсырды. Бұл қарапайым еңбек адамына деген шынайы құрметтің белгісі болды, – дейді аталған кәсіпорынның басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Тоқымбаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу туралы әр кез айтып, еске салып, міндеттеп келеді. Әділдің кеудесін көріктендіріп тұрған орден де Президент тапсырмасының мүлтіксіз орындалып жатқанын айғақтайды.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы