Банк • Бүгін, 09:45

Барлық банкке бірыңғай QR-код енгізіледі

36 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық банк кез келген терминалдан төлем жасауға болатын банк­ара­­лық QR төлем жүйе­сін іске қосты. Енді бар­лық банктің тер­ми­на­лы арқылы QR-кодпен тө­лем жасай аласыз. Айт­­пақшы, бұл әзір­ге қанатқақты жоба. Ұлт­тық банк (ҰБ) пен Ұлт­тық төлем корпорация­сы (ҰТК) қолға алған жоба ая­сындағы алғашқы тран­закция 15 қарашада Қазақ­стан қаржы­гер­ле­рі­нің конгресінде болды.

Барлық банкке бірыңғай QR-код енгізіледі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Банкаралық QR төлем қыз­меті – азаматтарға QR ар­қылы төлем­дер­ді тез әрі ың­ғайлы іске асыруға көмек­тесетін Ұлт­тық цифрлық қаржылық инфра­құрылымның (NDFI) маңызды бөлшегі. Бұл түрлі банктің бірнеше терминалын орнату шығынын азайтады, азаматтар кез келген банктің тер­миналы арқылы QR-кодпен тө­лем жасайды. Сондай-ақ банкара­лық транзакцияларды өң­деу шығындарын төмендетіп, клиенттерге ұсынатын төлем қызметтері кеңейе түседі. Қазір бұған банктер кезең-кезеңімен қо­сы­лып жатыр. Жобаны кең ауқымда қосу келер жылға жос­пар­ланып отыр.

– Қазір Ұлттық банк инфра­құ­ры­­лымының негізінде банкаралық QR төлемдер жүйе­сі құрылып жатыр. Бұл жүйе бүкіл елге, бар­лық нарық қатысушысына және олардың клиенттеріне ар­налған. Оны енгізу банктердің төлем мүмкіндігі мен қызмет көрсету аясын кеңейтеді, олардың клиенттеріне кез келген банк­тер арасында банкаралық QR-төлемдерді қабылдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл төлем нарығындағы бәсе­ке­лес­тікті арттырып, тұтыну­шы­лардың құқығын қор­ғауға жол ашады, – деген еді ҰБ басшысы Тимур Сүлейменов «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.

«Quick Response» (QR) жүйе­сін алғаш рет 1994 жылы Жа­пония­ның «Denso Wave» компаниясы жасаған. Авто­кө­лік бөлшектерін жылдам қада­ғалауға арналған әдіс қаржы саласын дүр сілкін­ді­реді деп ешкім де ойла­ма­ды. Штрихкодтарға қара­ғанда әлдеқайда көп ақпарат сақтайтын, смартфон арқылы лезде сканерлеуге болатыны оны сан салаға сыйымды етті. QR кодтың ішіне 7 мың таңбаға дейін мәтін, суреттерге сілтеме немесе электронды визитка сияқты мәліметтер салынады. QR кодтар пандемия кезінде ерекше танымал болды. Олар байланыссыз төлемдер, тамаққа тапсырыс беру, ден­сау­лық жағдайын бақылау (Ashyq жүйесі сияқты), адамдар ара­сын­дағы қашықтықты сақтауға жиі қолданылды.

– Бұл – күрделі техникалық тетік. Дегенмен банктер жалпы алғанда бұл бастаманы оң бағалағанын атап өткен жөн. Қазір жүйе технологиялық тұр­­ғыдан жұмысқа дайын, на­рық қатысу­шыларымен бірге бизнес-процестерді талқылап, техни­калық интеграциялау жұ­мыстары жүргізіліп, банк­тер Жол картасына сәйкес жүйеге қосылып жатыр. Қыз­мет 2024 жылдың аяғына дейін іске қосы­лады, ал нарық қатысу­шы­лары өз клиенттері үшін оның аясын 2025 жылдан бас­тап кеңей­те бас­тайды, – деді Ұлттық банк басшысы.

Елімізде барлық банкке бірың­ғай QR-код енгізілетіні 2022 жылы айтылған еді. Сол арқылы қай банк­тің клиенті болса да, кез келген терминалдан QR арқылы төлем жасауға болатыны белгілі болған. Тіпті ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов биыл 23 ақпандағы баспасөз мәслихатында банк­терді бірыңғай QR-код қосылуға міндет­теуі мүмкін екенін де айтқан.

– Банктер Ұлттық қаржы инфра­құрылымының артық­шы­­лықтарын көруі керек, оның негізінде олар бір-бірімен өзара әрекеттесу мүмкіндіктері бар. Ол ерікті түрде жасалады. Барлық банк­тер бірыңғай QR-код бо­йынша төлемге қосылады деп үміттенемін. Егер ерікті түрде қосылмаса, біз міндеттеу шарасын іске асыра алатынымызды жоқ­қа шығармаймын, – деген еді ол.