Бокс • Бүгін, 08:05

Құрлық додасына аттанады

16 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бокстан Азия чемпионаты 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландта өтеді. Бокстан әйелдер құрамасы дайындықты Алматы облысында өткізіп жатыр. Елдос Сайдалин баптайтын спортшылар құрлық аламанынан абыроймен қайтуды көздейді.

Құрлық додасына аттанады

Сурет: orer.eu

Бапкерлік құрам Таиланд төрінде кімдердің жекпе-жекке түсетінін ай­қындады. Елдос Сайдалин 12 сал­мақ дәрежесінде додаға қосыла­тын үздіктерді қыркүйек айында Қа­­рағанды қаласында өткен «Мық­тылар турнирінде» іріктегенін айтты.

«Команданы жасақтағанда тек үш салмақта қай боксшыларды апарамыз деген сұрақ туды. Содан кейін оқу-жаттығу жиыны кезінде спаррингтік жекпе-жектерді де ұйымдастырып, барлығын жария түрде, әділетті шештік. 48 кг салмақта Әйгерім Сәттібаеваға се­нім артамыз. 50 кг салмақта Алуа Балқыбекова барады. 52 кг салмақта Жазира Орақбаева кү­шін сынайды. 54 кг салмақ дәре­жесінде Әнел Сақыш, Сымбат Әлиасқар, Элина Базарова өзара тартысқа түсіп, Сымбат басым болып, Азия чемпионатына қатысуға мүм­кіндік алды. 57 кг салмақта Ұл­жан Сәрсенбек, 60 кг-да Вик­тория Графеева, 63 кг-да Аида Әбі­кеева, 66 кг салмақта Милана Сафроноваға сенім артамыз. 70 кг салмақ дәрежесінде таңдау кімге түсетіні оңай болған жоқ. Наталья Богданова Гаухар Шайбекова мен Мадина Нұршаеваны жеңіп, мықтылығын дәлелдеді. 75 кг салмақ дәрежесінде де солай болды. Диана Мағауияева Аида Сарыбаровадан басым түсіп, Азия чемпионатына қатысатын болды. 81 кг салмақта Гүлсая Ержан, +81 кг салмақта Елдана Тәліповаға сенім артамыз. Оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өтті, әзірлік жақсы. Ел сенімін ақтап, жүлде олжалауға күш саламыз», деді бас бапкер.

Елдос Сайдалин әйелдер құ­рамасының бас бапкері лауа­зымына биыл сәуір айын­да тағайындалды. Еңбек жолын Қарағанды облысындағы балалар мен жасөспірімдердің маман­дандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастап, жас­өспірімдер мен жастар құра­маларының аға бапкері лауазымын да атқарды. Аға бапкерлік қызметін атқарған кезеңде қыздар 2021 жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатынан 2 күміс, 3 қола медаль иеленді. 2022 жылы 2 ал­тын, 2 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді.

Былтыр жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты Астанада өтті. Онда Сайдалин баптаған жасөспірімдер мен жас­тар құрамасы 8 алтын, 4 күміс, 9 қола олжалады. Сонымен қа­тар былтыр Арменияда жас­өспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп, 3 алтын, 5 қола медаль бұйырды. Ересектер құра­масының тізгінін ұстағалы Назым Қызайбай Париж жазғы Олимпиадасында қола медаль еншіледі.

Бас бапкердің біліктілігі сыналатын сайыс осы болмақ. Екі жыл бұрын Иорданияда өткен Азия чемпионатында қыздарымыз 2 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль ол­жалаған еді. Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) құрлық үздігі атанса, Гүлсая Ержан (81 кг) финалдық сайыста үндістандық Сави­таға есе жіберіп, күмісті місе тұтты. Азия чемпионатының қола медалін Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мадина Нұршаева (66 кг), Да­риға Шәкімова (70 кг), Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) еншіледі.

Биылғы Париж жазғы Олимпия ойындарында Азия құр­лығының боксшылары те­геурінді екенін тағы да паш етті. Мәселен, 50 кг салмақта қытай қызы Ю Ву чемпион атанды, қос қола медальдың бірін жерлесіміз Назым Қызайбай, екіншісін Филиппин елінің бокс­шысы Айра Вильегас олжалады. 54 кг салмақта да Қытай боксшысы чемпион атанды, Оңтүстік һәм Солтүстік Корея елдерінің бұрымды спортшыларына қола медаль бұйырды. 57 кг салмақта Тайвань боксшысы топ жарды. Жалпы, әйелдер боксында Қытай елінің қыздары жарап тұр. Бұл елдің боксшы қыздары Париж жазғы Олимпиадасына апарған 5 боксшысы да финалға жетіп, 3 алтын, 2 күміс медаль алды. Осыған қарап-ақ Таиланд төріндегі құрлық додасы бәсі жоғары болатынын бағамдай беріңіз.