Тарих • Бүгін, 08:20

Абылай хан туралы жаңа деректер

64 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Петропавлдағы «Абылай ханның резиденциясы» музей кешені қазір ханның өмірі мен қызметін зерттеудің орталығына айналып келеді. Мұнда баһадүр бабамызға байланысты зерт­теулер мен оның заманын ғылыми тұрғыдан талдаған көптеген дерек шоғырланған. Сонымен бірге хан заманы мен оған қатысты кітаптар да жетерлік.

Абылай хан туралы жаңа деректер

Сурет: e-history.kz

Музейдің директоры Аян Садаев Өзбекстан архивтеріне де барып, ондағы деректердің көшірмесін алып келуді ойлап жүргенін айтты. «Қазір Өзбекстан Республикасының саясаты ашық­тыққа бет алғаны көрініп  жүр. Ханның өмірі мен қызметі туралы біз сұратқан деректерді та­уып беруге және көшірмесін жасап жөнелтуге қарсы емес, тек ақы­ларын төлесек болды», дейді ол.

Шынында хан қайтыс болған Ташкенттің өзінде көптеген дерек болуы мүмкін. Қазір музейдің қорында Абылай хан туралы Қытай, Ресей елдерінен табылған деректер баршылық. Олардың біразы Қазақ хандығының 550 жылдығы кезінде баспасөзде басылған және түрлі телеарнада жарияланған бейнематериалдар. Соның бірі – Қытайда тұратын қазақ ғалымы Дүйсенәлі Әбділәшімнің айтқандары. Ол қа­зір Қытай архивін қарауға құқысы бар аз ғалымдардың бірі екен.  Дүй­сенәлінің айтуына қарағанда, бір­де ол Қытай архивінен Әбілпейіз сұлтанның 1774 жылы Абылай­дың қырғыздарға қарсы жорығы және оған өзінің де көмектес­кені туралы хатын тапқан. Хатта жо­рықтың себебі және немен аяқталғаны туралы баяндалған. Қырғыз қосындары қазақтың ұлы жүз тайпаларының біріне шабуыл жасап, көп адамды өлтіріп, балалар мен әйелдерді мал-мүлкімен қоса айдап әкеткен. Соған ашуланған Абылай хан дереу қол жинап, қырғыздарға қарсы аттанады. «Бұл туралы кезінде Шоқан да жаз­ған. Бірақ онда нақты қандай жетіс­тік болғаны айтылмаған еді. Ал Әбілпейіз өз хатында Абылай­дың қырғыз қосындарын талқан­дап және мыңдаған адамды қолға түсіріп, Көкшетау өңіріне айдап келгенін жазған», дейді Дүйсенәлі Әбділәшім бейнежазбада.  

Бұған қарағанда, Әбілпейіз қытайдың Ежен ханына сенімді адам болған сияқты. Белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлының «100 құжат» (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты) еңбегі­нің 89-құжатында Әбілпейіз­дің бір ұлы Хыдай келгенде Ежен хан оны құрметтеп, «құрметті қо­нақ­­асы бергені» жазылады. Ал Әбіл­пе­йіз өлгеннен кейін орнына оның үлкен ұлы Ханқожаны хан­дық­қа жарлықпен тағайында­ға­ны және оның өзіне жазған хаты көрсетілген. Қ.Салғараұлы тап­қан 90-құжатта: «Тарбағатай­дағы амбандардың кеше келген хабар­­лау мәлімдемесінен әкең  Әбілпе­йіз­дің науқастан қайтыс болға­нын естіп, қатты қайғырдым. Әкең Әбілпейіз тәуелді болғаннан бері менің атап көрсеткен көмегім­нен терең үлгі алып, қарауындағы көшпелі елін шып-шырғасын шығармай басқарды. Бар күшін салып, шекарадағы ұрлық, зор­лық-зомбылық секілді қылмыс­тық істерді тыйып, табандылықпен тәртіп орнатты. Мен оны ерекше бағаладым. Қазір оның қайтыс болғанына күйзеліп отырмын. Мен арнайы қамқорлығымды білді­ріп, Іле қолбасшысына аза тұтуға қаты­сып, ақтық салуға арнайы ұлық жіберуге бұйрық бердім», деп жазады (Қ.Салғараұлы. «100 құжат»., Алматы: «Санат»., 1998, 86-б).

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Әбілпейіздің Шы­ғыс Қазақстан аймағында билік жүргізіп, наймандардың ханы болғаны айтылады. «Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатып, қазақ-қытай, қазақ-орыс қатынастарының дамуына зор үлес қосты» делінген онда («Қазақ­стан» ұлттық энциклопедиясы. І том, 1998, 624-б).  Алайда құжат­тар оның Қытай империясының боданы болғанын көрсетіп тұр. Ол Ежен ханға өзінің сенімді адам екенін танытқан. Сондықтан Әбілпе­­йіз­дің жазғандарында жалған­дық жоқ. Олай болса Абылайдың да осы жорықта қырғыздарды жеңіп, олардың бірнеше мың адамын тұтқындағаны рас. Қазір Көкшетау өңірінде руымыз қыр­ғыз дейтін бауырларымыз бар. Бірнеше атадан бар. Қазақ болып кеткендіктен олардың қазір­гі ұрпағының негізгі бөлігі арғы аталарының қырғыздан келгенін біле де бермейді.  Тарихта «Жайыл қырғыны» деген атау алған соғыс туралы Ежен ханға Әбілпейіз осылай хабарлаған екен.  

Омбы қаласының мемлекет­тік архивінен түсірген бейнематериалда Абылай ханның орыс патшалығының жергілікті бас­шылығымен жазысқан хаттары өте көп сақталған. Олар кезінде орыс армиясы Сібір корпусы­ның әскери-жорықтық канцеляриясында сақталыпты. «Қағаздар еш бүлінбеген. Сапасы өте жақсы, арада өткен үш ғасыр олардың жазуын бүлдіре алмаған. Бір айы­бы, Абылайдың жазған хаттары­ның көбі қыпшақ тілінде, қазір оларды танитын, айыра алатын адамдар жоқтың қасы», дейді архивтің құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Людмила Огородникова.

Бір қызығы, осындағы құжат­тар арасынан Абылай ханға ар­нап Петр қорғанының қарсысында салынған үйдің алғашқы сызбасы да табылған. Онда кейін табыл­ған сызбадан айырмашылық бар. Сонымен бірге үйдің құрылы­сын салған шеберлерді драгун полкі­нің әскерлері күзеткен деген жазу да сақталған. Абылайға арнап үй салуға қарсы болған адамдар болған ба деген ой келеді.

Л.Огородникованың айтуын­ша, орыс патшалығының жергі­лікті басшылығы алдымен сол кез­дегі орта жүз ханы Әбілмәмбет­пен де көп хат жазысқан. Бірақ саяси аренаға белсенді тұлға, алымды Абылай шыққан сәттен Әбілмәмбеттен келген хаттар сиреген. Бір қызығы, орыс ше­неу­ніктері жазбаларының арасынан Абылайдың өлімі туралы айтылған құжаттар да шыққан. Онда Абылайды жауларының улағаны айтылады. «Бірақ кейін табылған құжаттар бұл болжамды жоққа шығарып, ханның өз ажалынан өлгенін айтады», дейді Л.Огородникова.    

Біз кезінде генерал-майор­ В.Дениевтің генерал-поручик И.Шпрингерге жазған баянха­тын­да Абылай ханға үй салуға құры­лысшыларды жібергені туралы айтылғанын тапқан едік. Бірақ ол барлық құжаттардың бір бөлігі ғана екен. Бұдан басқа құжаттар әлі де Омбы архивінде жатқан көрінеді. Олардың да ашылатын кезі келер.

 

ПЕТРОПАВЛ