АҚШ ғалымы Элизабет Бэконның «Ресей отарындағы Орталық Азия» атты зерттеу еңбегіндегі елімізге қатысты деректерді парақтап көрдік. Автор аталған кітабының алғысөзінде бұл жазбаның маңызы мен оның Орталық Азияны танудағы рөлін анық баян етеді. «1933–1934 оқу жылында Йель университеті мен КСРО Ғылым академиясының бірлескен жобасымен Қазақстанға бару мүмкіндігіне ие болдым. Бірнеше апта Алматыда болып, Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының вице-президенті С.Ж.Асфендияровтың ұйымдастыруымен көптеген қазақпен, кейбір аға буын тұлғалармен, педагогикалық факультетте білім алып жүрген ауылдан қалаға жаңадан келген жастармен сұхбаттасуға мүмкіндік туды», деп жазады ол сапар барысын түсіндіріп.
Әрі қарайғы беттерде автордың Алматыдан көп нәрсені байқағаны, жалпы алғанда қаланың сыртқы келбеті, жаңа салынған пошта бөлімшесінің жанында байлаулы тұрған түйелер, заманауи сәулеттік стильдегі кейбір ғимараттар, шаһар шетіндегі киіз үйлер, мешіт азаншысының тұнық дауысы сөз болады. Ғалым ебін тауып қазақ студенттерімен шүйіркелескенде, олардың білім саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы айтқандағы бал-бұл жанған жүздеріне таң-тамаша болады.
«Мамыр айында Орынбордың (қазіргі Чкалов) арғы жағындағы дала жап-жасыл, қызғалдақ жайнап тұр. Арал теңізінің солтүстік шетіндегі дала сарғайып кеткен, оның үстіне шөп тым шалаң көрінді. Ал бұл өңірде әлі күнге дейін ұжымдастырудан бас тартқан қазақтар пойыздағы жолаушыларға қолмен иірілген жүн жіптерді ұсынады. Жалғыз аялдамада діңге сүйеніп, алай-түлей дауыс шығарып тұрған пойызға еш назар салмай, бір қазақ қобыз ойнап отыр. Түркісіб темір жолынан аулақта қараусыз қалған бекіністердей бірнеше хан немесе әулие-пірлердің бейіттері көзге бірден шалынады. Бізбен пойызда бірге отырған қазақ үкіметінің әлдебір мүшесі Семейдегі ең маңызды жер – кеңес өкіметі өсіру үшін әкелген герефорд бұқасы базасын көруіме кеңес берді». Сапарын осылай бастаған зерттеуші еліміздің су ресурстары, жер бедері, Орталық Азиядағы түркі халықтарының тілдік байланысы, қазақ тарихы мен мәдениеті туралы сыр қозғайды. Осы арада автор «Ескі және жаңа қазақ көлігі» атты бір суретті кітабына кірістіреді. Баябан далада атқа мінген үш кісі мен жаңа заманның көлігі велосипедте отырған бір азаматтың жарқын бейнесі көз алдымызда тұр. Бәрінің басында қазақы тымақ.
Әсіресе халқымыздың жылқы мәдениеті, барымта-сырымта дәстүрі ғалымды қатты қызықтырған. «Қазақ баласы әдетте тым ерте жастан атқа мінуді үйренеді. Әр балаға ат әзірленіп, әбзелдер беріледі. Бұл жағдай оның емін-еркін жүріп, еркіндікті сезінуіне жол ашады. Қазақтың өрісі малға толы, оның ішінде жылқы саны мол. Кейбір байларда 3 мыңнан астам жылқы бар» дей келе, автор сайын дала төсіндегі көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінде әр түліктің өз орны мен рөлі барын, әр мезгілде қоныстанатын мекеннің де алдын ала таңдалатынын баян етеді. Сонымен қатар жұттың қазақ мал шаруашылығына қаншама зиян салғанын, ХІХ ғасырдың ішінде Қазақстанда 20-дан астам жұт болғанын айтады.
Оқшау өмір сүрсе де, өркениеттен кенже емес екенімізді айтқысы келді ме, ғалым ұлтымыздың ас-су, киім-кешек мәдениетіне айрықша тоқталады. Мысалы, ол шапанның қалай тігілетінін, оның қадірі мен бағасы, кімдер киетіні жөнінде арнайы түсінік беруден жалықпайды. «ХVIII ғасырдың аяғында киім-кешек қарақұйрықтың, құлынның, құндыздың, түлкінің терісінен тігілді. Сол кезде қазақтар айырбас немесе керуендерді тонау арқылы импорттық тоқыма бұйымдарды да пайдаланды. Кейінгі ғасырда, әсіресе әйелдер киімі импорттық маталардан арнайы тігілетін болды», дейді. Бұл деректен халқымыздың сонау ертеде сыртқы келбетке баса мән беретінін түсінеміз.
Батыс ғалымдары жазған көптеген еңбекте халқымыздың береке-бірлігі айрықша сөз болады. Оларды біздің енші бөлу дәстүріміз тәнті ететінін де осындайда айта кеткен жөн. Жаңа отау құрған жас отбасын ауыл-аймақ болып аяқтандырып, демеп жіберу дәстүрі – Батыс адамдары үшін таңсық салт болып көрінетіні шындық. Әдеттегідей Элизабет Бэкон қазақтың үш жүзінің тарихы, орналасу жағдайын айта келіп, жетімін жылатпаған, жесірін жатқа бермеген қазақ рубасыларының ауылын ұйыстырып, берекесін бекемдеген дипломатиялық көзқарасына үңіледі.
«ХІХ ғасырда қазақ шаруашылығында аңшылық аз рөл атқарды, бірақ түлкілер, бөкендер және басқа жануарлар терісі үшін аулалып, киім-кешек және көрші халықтармен айырбас ретінде пайдаланылды. Қазақтардың көпшілігі балықты тағам деп санамайды, тіпті оны менсінбейді. Киіз үй көшпелі өмірге де, ыңғайсыз континенттік климатқа да тамаша бейімделген». Тас үйде отырған адамдар үшін киіз үйдің қолайлылығы, оның құрылысы, тарихы таңырқайтын дүние болып көрінуі әбден мүмкін. Осыдан кейінгі сөзінде автор ұлтымыздың көшпелі халық болғандықтан, би-болыстарымен келіспесе, олардан қысым көрсе, жаңа қонысқа көшіп кететінін тілге тиек етеді. «Қазақтың әдет-ғұрып құқығын алғаш рет жүйеге келтірген хан Тәуке (1680–1718) туралы деректер тым аз. Олар кезінде жауға қарсы шапқан қолбасы қызметін атқарды» дейді сөз арасында Тәуке ханның беделін биіктетіп.
Халқымыз туралы деректерді құнттап жинағаны сонша, америкалық ғалым бір сөзінде қазақтар арасында құлдық дәстүр болғанын, соғыс тұтқындары, ашаршылық кезінде ата-анасы сатып кеткен балалардың болғанын айтады. Осыдан кейін ол біздің жеті атаға толмай қыз алыспау секілді далалық ерекшелікке ие тиымдарымызға тоқталады. Шамандық дәуір, бақсы-балгерлік сенім, діни мейрамдар туралы айта келе «қазақтардың дінге деген сенімі шамалы болды» деген көзқарасын қосады. «Білім беру саласында өзгерістер көбірек байқалды. Бөкей ордасындағы немесе кіші жүз қазақтары Жайық пен Каспий арасындағы аймақтан батысқа қарай қоныс аударғанда, билік ұстаған хандары өз халқының білім алуына ынталы болды. 1823 жылы хан болған Жәңгір медреселер мен мектептер салып, жазда киіз үйде сабақ беретін мектеп курсын ашу туралы жарлық шығарды. 1841 жылы Қазан татарларының жетекшілігімен қазақ гимназиясы ашылғанға дейін бұл мектептерден ерекше көзге түскен оқушылар орыс гимназиясына жіберілді». Сонымен, ол осылай қазақ даласында ағартушылық, білім-ғылымның сәулесі қашан, қалай жағылғанын оқырманына аңғартады. Осыдан кейін автор Ыбырай Алтынсариннің істеген ұлы істеріне тоқталып, оқыған қазақтардың орыс пен қазақ арасын алтын көпір болып жалғағанын, соның мысалы Шоқан Уәлиханов болғанын баяндайды.
Элизабет Бэкон өз зерттеуінде хакім Абайды да ұмытпағанын аңдадық. Ол туралы жылы пікірін былай өрбітеді: «Семейдегі мұсылман медресесінен білім алған аса білімді Абай Құнанбайұлы да орысша үйренуге пейілді болды. Ол араб, парсы тілдерін меңгерген. Сол үшін де ақын Шығыс классиктерінің еңбектерін, «Мың бір түнді», «Шахнаманы», Лермонтов, Пушкин, Гете, Байронның шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті». Ғалымның Абай туралы бұл көзқарасы ақынның есімін Батыс әлеміне таныстыруға септігін тигізген шығар деген ой жылт ете қалары анық. Ендігі сөзінде ол Абайдың прозалық, поэзиялық шығармаларында грек үлгісінің және Дарвин, Спенсер, Спиноза секілді Батыс ғалымдарының гуманистік ықпалы көрініс табады деген тұжырымдаманы алға тартады. Абайдың «Мың бір түн» мен «Шахнаманы» аударды дегені біздің бұл тақырыпты әрі қарай тереңдете зерттеуіміз тиіс екенін айқындайды.
Сонымен, алпыс жыл бұрын біздің даламызға келген америкалық ғалым Элизабет Бэкон бұл жақтан нені көріп, нені сезінсе, кітабында соны жазыпты. Тіпті ол кең даламызда жайылған малдың да санын біліпті. Оның дерегінше, 1916 жылы біздің елде 4 миллион 340 мың жылқы болыпты. «Осы зерттеуді жүзеге асыруға көмектесіп, грант бөлгені үшін америкалық Білімді қоғамдар кеңесіне және Веннер-Грен Антропологиялық зерттеулер қорына алғыс айтамын» деп жазыпты автор 1965 жылдың қарашасында. Араға алпыс жыл салып халқымыз туралы танымдық кітап жазғаны үшін Элизабет ғалымға алғыс айтамыз.