Ауыл • Бүгін, 08:58

Болашағы жоқ ауылдар... Елімізде жыл сайын ондаған елді мекен жабылады

51 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің қиын жылдарында ауылдардың күйі кетіп, қалаға жаппай көшу басталды. Мал санымен қоса адам саны да азайып, тіпті кейбір елді мекендерде бір-екі үй ғана қалды. Ел ішін жұмыссыздық жайлады, еңбеккерлер көк темірді құшақтап, жүген ұстап қалды. Бар мүлік-мүкәмал талан-таражға түсті. Алмағайып кезеңде әркім өз басын күйттеп, қозғалысы көп жерлерге үдере көшті. Кейінде заман өзгерді, ауылдарға жан кірді. Қазір де көптеп көңіл бөлініп жатыр. Соған қарамастан жыл сайын жабылып жатқан ауылдардың саны азаймай отырғаны алаңдатады.

Болашағы жоқ ауылдар... Елімізде жыл сайын ондаған елді мекен жабылады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жуырда жол түсіп, бозбала шақтың бал күндерін өткізген Атбасар ауда­нына іс-сапармен барған едік. Көк­темдегі тасқын судан зардап шеккен ауылдастарымның Үкіметтен су жаңа пәтер кілтін алып, қоныс тойын тойлаған сәтіне куәгер болып бір қуандық, жолда қаңырап тұрған ауылдарды көріп, бір қуардық. Ауыл шетіндегі ескі мола да, бұрынғы дүркіреп тұрған ауыл да бір... Бүгінде мүлгіген төмпешіктер мен қара-құра үйінділер ғана.

Сондай ауылдардың бірі – Шұңқыркөл ауылы. Атбасар ауданының әкімші­лік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс­тер туралы Ақмола облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 қыркүйектегі № А-11/451 қаулысы, облыстық мәслихатының №6С-5-4 шешіміне сәйкес «Шұңқыркөл ауылдық округінің Шұңқыркөл ауылы есептік деректерден шығарылып, қысқартылсын» делінген. Ауыл 2016 жылы ресми таратылғанымен, күні кешеге дейін төрт-бес шаңырақ туған мекенін тастап кетуге қимаған. 2019 жылы Шұңқыркөл ауылдық округі болып, құрамына Сочи ауылы қосылған. Бірақ баяғы Шұңқыркөл ауылы енді жоқ. Құлазып орны ғана қалды.

«Кеңес өкіметі ыдырап, ұжымшар-кеңшарлар тарай бастағанда мал ферма­ла­ры­ның жұмысы тоқтап, қалғаны ұста­ғанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Күні екі-үш малға қарап отырған елдің көбі жұмыс іздеп, жан-жаққа шашылды. Ауыл қараусыз, қадағалаусыз қалды. Қолы жеткендер ескі үйінен бас­тап, қара темірге дейін тасып әкетіпті. Сөйтіп жарқырап тұрған ауылдың жарығы бір-ақ күнде жалп етті» дейді ауылдың соңғы тұрғыны Мейрамбек Нығмет.

Көптен толғандырып келіп, қолға қалам алдырған осынау «Могиканның соңғы тұяғының» жан сыры еді. Шөбі шүйгін, жері шұрайлы Шұңқыркөлді, ондағы өзі бала жастан көрген-баққан көп жайтты ақтарғысы келгенімен, кескінінен туған ауылы туралы өткен шақта айтуға әлі де аузы бармайтындай қимастықты аңғардық.

Тегінде, бұл маң көзің қиып, тастап жүре беретін жер емес еді. Шұңқыркөл, Қаракөл, Егіндікөл, Сарыкөл ауылдары картадан өшіп барады. Баяғыда жағасында асыр салған көлдер бүгінде қарашығы ағып түскен соқырдың кө­зіндей айдынсыз, қалың құрақ өскен ойпатқа айналды. Әйтпесе заманында қазақтың Біржан салы әніне қосып, әуелеткен көлдер еді.

«Шұңқыркөл бір замандарда айналасы атшаптырым, терең де, үлкен көл болған екен. Осы көл туралы Біржан салдың өлеңінде: «Аққошқар Сайдалының заманында, Бұл көлден қырық мың жылқы суарыпты...» (мүмкін асыра мақтаған да болар) делінетінін сол елдің ақсақалдары әңгімелеп отырушы еді», деп жазды атбасарлық өлкетанушы Клара Әмірқызы.

Бүгінде Мейрамбекпен мұңдас адам аз емес. Ауылдан арыла көшіп, қалаға ағыла жеткен ағайынның қарасы көп. Ұлттық статистика бюросының есептеуіне сенсек, елімізде 1 жылда 78 ауыл тараған, ресми жабылған. Яғни былтыр ел көлемінде 6 286 ауыл болса, биыл 6 208 ауыл. Ал жалпы кейінгі 10 жылда 582 ауылдың оты сөнген. Қазір халықтың 38%-ы, яғни 7,5 млн адам ауыл­да тұрады. Осы көрсеткіш жыл сайын жұқарып барады.

«Болашағы жоқ ауылдар» деген санат пайда болды, оған 50 шақты ғана адам тұратын елді мекендер жатады. Өкінішке қарай, мұндай ауыл көп екенін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

«Бүгінде республикада 6 256 ауылдық елді мекен бар, оларда 7,6 миллион адам тұрады, бұл ел халқының 38,4 па­йызын құрайды. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 7,2%, жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 33 пайызды немесе 1,2 миллион адамды құрайды», деді министр.

Оның айтуынша, министрлік жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг, талдау жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы қауіпсіздік деңгейі 64,3%-ды құраған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 пункт артық. Бұл ретте нысандар мен қызметтердің ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (72,4%), Атырау (70%), Ақтөбе (69,6%) облыстарында байқалады.

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлік стандарттармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында елімізде 2023–2027 жылдарға арналған ауылды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Онда ауылды көркейтуге көптеген мүмкіндіктің бары рас, алайда адам саны азайған ауылды қайта аяққа тұрғызуға тұжырым­даманың енді құдіреті жете қоюы неғайбыл тәрізді.

Сарапшылар бұған урбанизациямен қатар өзге де себептер барын айтады. Соның бірі – табиғи апат ықпалы. Мәселен, көктемгі су тасқынында түгелдей дерлік су шайып кеткен ауылдар бар. Ресми дерекке сәйкес, наурыз, сәуір айында болған апат салдарынан 10 облыста 11 865 үй зақымданған екен. Олардың біразы үйлеріне күрделі жөндеу жүргізгенімен, көбі аудан, облыс орталықтарына ойысты. Бұған қоса, кейбір тағы да су басу қаупі бар аумақта орналасқан ауыл тұрғындары басқа жерлерге, орталықтарға көшірілген. Мұның бір мысалы – Ағанас ауылы. Астана қаласынан 45 шақырым жердегі ауыл 2015 жылы болған су тасқыннан кейін қаңырап бос қалды. Қазір онда өрістен қайтқан мал түгілі, үрген иттің үні естілмейді. Тек қираған тамдар мен шөп басқан көшелер бір кезде мұнда қайнаған тіршіліктің болғанынан болымсыз сыр шертеді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 39 ауыл қысқартылған, биыл 78 ауыл. Осы 39 ауылдың 25-і Қостанай, 7 ауыл Қараған­ды, 3 ауыл Батыс Қазақ­стан облысында таратылыпты. Ауылдар­дың таралуы көбінесе солтүстік аймақ­тар­да көбірек байқалады. Өйткені тәуел­сіз­діктен кейін ел аумағында ішкі-сырт­қы көш көрініс бергені белгілі. Әсіре­се елдің солтүстік өңіріндегі орыс диаспо­ра­сының бір парасы тарихи отанына көшті. Сол себепті де солтүстіктегі ауылдар­дың халық саны азайып, біразы босап
қалды.

«Мен қазір солтүстікте жүріп, ауылдардың жабылып жатқанын жиі көремін. Көбінесе бұған себеп мектептегі балалардың аздығы болып отыр. Он-он бес оқушысы бар мектепті қамтамасыз ету Үкіметке тиімсіз. Сол себепті мектептер жабылады. Ол ауылдағы баласы бар адамдар амалсыз ауылын тас­тап көшуге мәжбүр», деді солтүстікке қазақтарды қоныстандыру мәселесін көтеріп жүрген «Тәуекел» ұйымының жетекшісі Бура­хан Дақанов. Қоғам белсендісі шекара шебіндегі ауылдардың азаюы қате үрдіс екенін, сол тұрғыда ішкі-сыртқы көш бұйдасын солтүстікке бұру керектігін алға тартады.

Экономист Бауыржан Ысқақов елдегі ауылдан қалалы жерлерге көшудің негізгі себептерінің бірі инвестициялық жобалар мен қаржының көбі қалаға құйылып жатқаны дейді.

«Бүгінде ауылдық жерлерге шикізат өндіретін, мал бордақылайтын, сүт өндіретін, яғни тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инвес­торлар табылған жағдайдың өзінде іске асуы қиын. Өйткені инвесторлар қар­жы салуға дайын болғанымен, бізде оны игеретін маман тапшы. Жоғары білік­ті мамандарды айтпағанда, қара жұмыс істейтін жұмысшы аз», деді сарапшы.

Алайда бұл мәселеде урбанистердің ұстанымы мүлде басқаша. Мұны табиғи үдеріс деп бағалайды. Мәселен, бүгінде әлем халқының 55 пайызы қалаларда тұрады. БҰҰ-ның болжауынша, қала тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 68 пайызға жетеді. Ал біздің елде бұл көрсеткіш сол жылға дейін 69,1 пайыз болады деп болжанады.

2020 жылы Мемлекет басшысы Жолдауында: «Өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсіл урбанизация үдерісін басқаруға, «миграция толқынын» кезең-кезеңмен жүргізуге, ірі қалалардағы халықтың тығыз орналасуы мен әлеуметтік шиеленіс мәселелерін шешуге мүмкіндік береді» деген еді. Мұны  сарапшы мамандар биліктегі «күтпеген бетбұрыс» деп бағалаған. Өйткені қазір экономикалық даму урбанизация деңгейімен де тығыз байланысты. Мысалы, ЭЫДҰ (OECD) елдерінде урбанизация деңгейі 77% болса, елімізде бұл көрсеткіш 58,7%. Демек бұл әлі басы деген сөз.

Әлеуметтік, урбанистік зерттеулерге қарағанда, бұл үдеріске оптимистік пайым-көзқарас ұстанатындардың да бары байқалады. Мұны қазақы қарапайым тілмен айтсақ, «ескіні жамасаң, есің шығады» дегенге саяды. Президент Жолдауында: «Елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек» дегенді қадап айтқан еді. Расында, аты да, заты да кеңестік ескі ауылдарды есіркейміз бе, әлде жаңаны жарылқаймыз ба деген сұрақ туындайды.

Әрине, жеті атасы күл төгіп, от жаққан қара шаңырақ ауылдардың жарығы сөніп жатқаны жанға бататыны рас. Әйткенмен, бір ойшылдың сөзі бар еді: «Дүние біткен жерден басталады» деген...