Бұл ретте осыдан біраз жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы активінің ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жиналысына қатысқанымыз ойға оралады. Сонда мінберге шыққан беделі зор шаруашылық басшысы: «Жастар оңай да ақшасы көп жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандарының көпшілігі бос жүреді. Ата-аналарының зейнетақысына тамақ асырайды. Бұл қалпымызбен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Үкімет осыны неге ойламайды?» деп қара аспанды төндірген. Оның сөзін бірнеше әріптесі іліп әкетіп: «Бәленшекең дұрыс айтады, ауылдағы жастардың жұмыс істегілері келмейді», деп жарыса «жылаған». Сөз кезегі Тайынша ауданындағы жақсы жетістіктерімен аты шығып жүрген «СТЕМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) директоры Сергей Звольскийге тигенде, ол: «Мен жастардың жұмыс істегісі келмейді деген пікірмен келіспеймін. Сіздер механизаторларға қанша жалақы төлейтіндеріңізді неге айтпайсыздар? Біз көктемде жер жырту, тұқым себу, жазда егінді арамшөптерге қарсы өңдеу, күзде астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін жанталасып жүретін диқанға айына кемінде бір мың доллар жалақы төлейміз. Сондықтан бізде ешқандай кадр тапшылығы жоқ», деген еді...
Қазір маман іздеген кәсіпкер де, жұмыс іздеген адам да enbek.kz электрондық еңбек биржасының қызметін пайдаланады. Осы айда оған біз де үңіліп көрдік. Еліміздің барлық өңірінде 53 «Ветеринар» мамандығы бос екен. Сондай-ақ 17 агроном мен 12 зоотехник жұмысқа шақырылыпты.
Осы орайда назар аударарлық жайт – ветеринарларды жұмысқа шақырған агроқұрылымдар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қарабұлақ ауылындағы «Батыр» шаруа қожалығы еңбек өтілі жоқ ветеринарлық санитарға 85 мың теңгеден басталатын жалақы ұсыныпты. Көмірлі өңірдің Шахтинск қаласындағы «АПК Волынское» ЖШС ветеринарлық техникке – 140–150 мың теңге, ветеринарлық дәрігерге –185–200 мың аралығында жалақы төлемекші. Бірақ ветеринарлық дәрігер үшін үміткердің 1 жыл жұмыс өтілі болуын талап етіпті. Ал бос орындардың көпшілігі шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын саналатын ветеринарлық стансаларға тиесілі. Олар ветеринарлық дәрігерлерге – 188–230 мың теңге, ветеринарлық фельдшерлерге – 85–180 мың теңге, ветеринарлық техниктерге – 85–210 мың теңге, малды өңдеу жөніндегі операторларға – 85–180 мың теңге, ветеринарлық санитарларға 100–120 мың теңге аралығында жалақы бермекші.
Жұмыс іздеген, еңбек өтілі жоқ агрономдарға 90–180 мың теңге аралығында жалақы ұсынылыпты. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында орналасқан «Атамекен-Агро» ЖШС өзіне қажет агрономға 140–180 мың теңге жалақы төлеу үшін оның 2 жыл еңбек өтілі болуы қажет деп ұйғарыпты. Осындай маманның айлық еңбегін 150–200 мың теңге аралығында бағалаған Алматы облысы Талғар ауданының Панфилов ауылындағы «La Fattoria» ЖШС оның 5 жыл еңбек өтілі болуы міндетті екенін ескертіпті.
Зоотехник іздеп отырған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ешқайсысы еңбек өтілі жоқ маманды жұмысқа алмайтын болып шықты. Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Москалевка ауылындағы «Москалевское» ЖШС 1 жыл жұмыс тәжірибесі, техникалық және кәсіптік білімі немесе жоғары білімі бар зоотехниктерге 100–190 мың теңге аралығында жалақы тағайындамақшы. Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының «Таманское» ЖШС 2 жыл еңбек өтілі, техникалық және кәсіптік білімі бар зоотехникке 125 мың теңгеден басталатын жалақы жеткілікті деп санапты.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарап отырып, «Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары кадр тапшы деп зарлап жүргендерімен, сол кадрдың қадірін біле ме екен?» деген ойға қаласың. Себебі еліміздегі орташа жалақы мөлшері қазір 390 мың теңгеден асып жығылды. Ал электрондық еңбек биржасында жас мамандарға ұсынылып отырған мардымсыз жалақы жоғары оқу орындары түгіл, агротехникалық колледждердің түлектерін қызықтыруы да екіталай. Соған қарамастан, жас мамандардан кемінде 1 жыл еңбек өтілін талап ету ақылға қонбайды.
Жуырда Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда еліміздегі 23 жоғары оқу орнында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жүрген 7 212 студенттің 3 677-сі немесе 51 пайызы қыздар екеніне назар аударды. Мәжілісмендердің пікірінше, қыздардың көпшілігі оқу бітіріп, қолдарына диплом алғанымен, ауылға жұмысқа бармайтындықтан, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мамандықтарына ер балаларды көбірек тарту қажет. Депутаттық сауалға жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов мектептерде жоғары сынып оқушыларын мамандық таңдауға бағыттайтын «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілгендігіне байланысты кәсіптік бағдар беру жұмыстары барлық шәкірттің қажетті ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ететіндігін, ал ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ер балаларға басымдық беру қыздардың конституциялық құқын шектейтіндігін мәлімдеді. Шынтуайтында, ауыл шаруашылығы мамандықтарын алған қыз-келіншектердің арасында таңдаған кәсібін дөңгелетіп әкеткендер аз емес. Мысал үшін, Ақмола облысындағы Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралинаның мамандығы – агроном. Ол кәсіби маман ретінде мансап баспалдақтарымен біртіндеп жоғарылап, сегіз жыл бойы облыстық жер қатынастары басқармасын басқарған.
Пайымдап қарасақ, ауыл шаруашылығы саласын мамандармен қамтамасыз ету үшін мемлекет өз тарапынан әлеуметтік қолдау шараларын қолданып отыр. Он бес жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы – соның айғағы. Ал ауылға жұмысқа келген жас мамандарды тұрақтандыру үшін оларға лайықты жалақы төлеу – агроқұрылымдар басшыларының міндеті. Өкінішке қарай, олардың көбісі өздерінің сенімгерлік басқаруына мүліктік пайлары мен жер үлестерін берген жергілікті тұрғындарға және шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп жүрген жалдамалы жұмыскерлерге жыл сайын түскен ортақ табысты жариялап, әділ бөліске салғысы келмейді. Есесіне қолдарында барында қоныштарынан басып, талайы долларлық миллионерге айналған. Ондайлар күзде егістік жерін пайдаланып отырған ауылдардағы әр отбасына бір-екі қап ұн немесе мал жемдейтін шамалы астық беріп, жұртты жарылқап тастағандай кейіп танытады. Жыл қорытындысында үздік мамандар мен озат жұмысшыларға – қомақты сыйақы, пай мен жер үлесі иелеріне жартымды дивиденд төлейтін шаруашылық басшылары некен-саяқ. Сондықтан да Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері ауыл шаруашылығындағы осы көкейкесті мәселеге көңіл бөліп, ауыл еңбеккерлеріне, соның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмысқа келген мамандарға – лайықты жалақы, тұрғындарға жер үлестері мен мүліктік пайларына сәйкес әділ дивиденд төлеу мәселелерін шешуге бағытталған пәрменді шаралар қолданғаны және қажеттілігіне қарай қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізгені абзал. Бұл Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бастамасымен үйлесетін маңызды қадам болары анық.