боздақтар мен жауынгерлердің ерен ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етудің жинақталған тәжірибелері өңірде өз қолдауын тауып келеді
Мен сөзімді Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Республикалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» атты фестивальдан бастағалы отырмын. Олай болатын реті бар. Өйткені, бұл шара 13 ауданды түгел қамтып, ақтық мәре Погодин атындағы орыс драма театрында жалғасты. Қорытынды байқауға соғыс ардагерлері, еңбек майталмандары, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар, қала жұртшылығы қатысып, Отанды дәріптеу, елді, жерді сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қазақстандық патриотизмнің айшықты үлгілері жан-жақты насихатталды.
Бұл байқау, бір жағынан, өнер ұжымдарының шығармашылық зор қуатын арттырудың, кәсіби шеберлігін жетілдірудің бір көзі ретінде де есте қалды. Әр шаңыраққа зор қайғы-қасірет әкелген, әкені баладан, баланы анадан айырған қанды қасаптың, қолдарына қару алып, асқан жанқиярлықпен шайқасқан сарбаздар мен сардарлардың биік тұлғасын көз алдымызға елестететін сахналық қойылымдар ұсынылып, майдан әндері шырқалды. Гала-концерт те жоғары деңгейде өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сапарбек Айдаров аймақ басшысы Е.Сұлтановтың ыстық ықыласқа толы құттықтауын жеткізіп, фестиваль жеңімпаздарын марапаттады. Осындайда Президент Жолдауындағы «Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деген ұлағатты сөздері ойға оралады.
Иә, Елбасының сүттей ұйыған ауызбірлікке, береке-ынтымаққа жетелейтін сындарлы саясаты арқасында қазақстандықтар ұлтаралық жарасымды сабақтастықты жалғастырып, талай биік белестерді бағындырып келеді. Аға ұрпақтың тілегі – ел тыныштығы, баға жетпес басты құндылығымыз Тәуелсіздік тамырының беки түсуіне өз үлестерін қосу. Бүгінде облыс тұрындарының жетіден бір бөлігін зейнеткерлер құраса, 23 мыңдайы – мүгедектер. Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі интернат-үйлерде 2 мыңға жетеғабыл жалғызілікті жандар тұрады. Олардың арасында от пен оқтың арасынан аман-есен оралып, бейбіт өмірде еңбектің тамаша дәстүрлерін қалыптастырған майдангерлер саусақпен санарлықтай. Бар-жоғы 300 ғана. Ең жасы 90-ды алқымдап қалғанын ескерсек, Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа жыл қарсаңында еліміздегі барлық соғыс ардагерлеріне өз атынан арнайы сый-сияпат жасап, жергілікті билік орындарына әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту жөніндегі тапсырмалары ардақтыларымызға көрсетілген мемлекеттік қамқорлықтың тағылымды өнегесі болып табылары даусыз.
Осыған орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов бірнеше ардагердің отбасында болып, Мемлекет басшысының жүрекжарды құттықтауын, тарту-таралғыларын жеткізді. Алдымен 94 жастағы Анна Васяноваға арнайы атбасын бұрып, ілтипат көрсетті. Адам жанын шуаққа бөлейтін жылы лебіздерді Мұқатай Айтбаев, Анатолий Гершунов, Қуанышбай Байманов, Бронислава Голова секілді 90-нан озған қариялар да үлкен қошеметпен, терең тебіреніспен қабыл алды. Мұндай сияпаттар аудандарда да жалғасып, Елбасының ашық хаты, азық-түлік салынған себет пен гүл шоғы 283 қарияға салтанатты түрде тапсырылды. Былтыр қайырымдылық шараларынан түскен қаражаттан 79 мың зейнеткер 140 миллион теңге көмек алса, суық окоптарда қар жастанып, мұз төсенген аға ұрпақ өкілдеріне, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне мұндай қаржылық демеу, басқа да қолдау акциялары одан әрі жалғасатын болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында облыстың 92 мыңнан астам тұрғыны әскерге алынып, 34 адам еңбек армиясына шақырылған. Соғыстан 45 364 боздақ оралмаған. Яғни, майданға аттанған екеудің біреуіне топырақ жат жерден бұйырған. 1941 жылдың жазында Петропавл қаласында 314-ші атқышдар дивизиясы жасақталып, Мәскеу, Сталинград, Курск иіні бағыттарындағы жойқын жорықтарға, Еуропаны фашизмнен азат етуге атсалысқан. Соғыс өрті шарпыған аумақтардан 20 зауыт көшіріліп, қорғаныс кәсіпорындарының кешені топтастырылған. Шаруашылықтар Сталинградтың, Донецк теміржолының, Орел облысының қалпына келтірілуіне мол қаржы аударған. Украинаға мыңдаған бас мал жөнелтілген.
Солтүстікқазақстандықтардың жанқиярлық ерлігінің белгісі ретінде 53 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағының, 11-і «Даңқ» орденінің толық иегері болған. Бір сөзбен айтқанда, Қызылжар өңірінің тұрғындары да «Бәрі жеңіс үшін, бәрі майдан үшін!» ұранына қызу үн қосып, бар күш-қуаттарын бақайшағына дейін қаруланған жауды өз ұясында талқандауға жұмылдырғанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Олай болса, күн өткен сайын қатары сиреп бара жатқан, дені өздігінен жүре алмайтын халге түскен әр майдангерді жеке қамқорлыққа алып, құрмет көрсетуден айбынымыз аспаса, абыройымыздың кемімесі анық.
2015 жыл ТМД аумағында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы ретінде жарияланғаны белгілі. Өңір басшысының қатысуымен өткен ардагерлер активінде Жеңіс күніне әзірлік барысы талқыланып, бірқатар ұсыныстар оң шешімін тапты. Ал Астана мен Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне 17 ардагер қатысатын болады. Өткен жылы әр соғыс ардагеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік жәрдемақы берілсе, биыл бұл сома екі есеге ұлғайды. Сонымен бірге, ТМД аумағында бір рет пойыз, болмаса ұшақпен тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Қабылданған іс-шаралар жоспары шеңберінде 24 томдық «Жеңіс жауынгерлері» кітабы дайындалып, соғыстан оралған 30 мыңға жуық жерлесіміздің аты-жөндері кіргізілді. Облыс орталығындағы «Жеңіс саябағында» арнайы аллеяның іргетасы құйылып, көктемге салым Кеңес Одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің есімдері мен ерліктері жазылған айшықты панорама бой көтереді. Тың еңбеккерлеріне де осы үрдісте қошемет көрсетіледі. Мұның бәрін ерлікке тағзымның, елдіктің белгісінің нақты шаралары ретінде қабылдаған жөн.
Қарастырылған шаруалар аясында майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған 500-ден астам ескерткішті жаңғыртып, қалпына келтіруге, абаттандыруға аудан әкімдіктерінің, жеке кәсіпкерлердің қаражат бөліп отырғаны құптарлық. Облыста бірнеше іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар жыл сайын соғыс ізі сайрап жатқан өңірлерде болып, жерлестеріміздің сүйегін табуда, аты-жөндерін анықтауда зор жұмыстар атқарып жүр. Биыл да белгіленген бағдарлама бойынша Ресей, Украина, Беларусь жерлеріне аттануды белгілеп отыр.
Кешегі жауынгер, бүгінгі ардагер аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ескірмейді, ұмытылмайды. Олардың өмір, еңбек жолдары әр қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, көпұлтты, көпконфессиялы ынтымақты шаңырағымыздың іргетасын беріктендіре түсуге қалтқысыз қызмет ете беретін болады.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері.
ПЕТРОПАВЛ.