
Суретті түсірген – Айтжан МҰРЗАНОВ
Бірде әлгі көрші жігіт оншақты күндей көрінбей қалды. Содан бір күні көшеде ұшыраса кеттік. Оң көзінің айналасы көгіс тартқан. Тегеурінді жұдырық тигені анық. Бұл әдепкісінен жазылған түрі екені белгілі. Қабағының үсті ісіңкі, екі беті жырылған, сырылған.
Амандық-саулық білісіп жатырмыз. Мас емес, сап-сау.
– Иә, біраз болды ғой, көрінбей кеттің...
– Оншақты күн келініңіздің сақтап келген жылы-жұмсағын жеп үйде жаттым шіреніп, аға.
– Олай болса, жағдайың жақсы екен...
– Әншейін айтып жатырмын, аға, қайдағы жылы-жұмсақ, көзім көгеріп, бетім жара-жара болған соң көршілерімнің көзіне мынандай сықпытыммен көрінбей-ақ қояйын деп жұмысқа ерте кетіп, кеш келіп жүрмін. Содан ғой көрінбей жүргенім. Қазір рең-басым реттеліп, жайлап-жайлап жұртқа көріне бастадым.
– Тыныштық па, кімнен жәбір көріп жүрсің?
– Сіз сұрамаңыз, мен айтпайын... Келініңіз ғой, түздегісі емес, үйдегісі, әрине, – деді әзілдегенсіп, қулана жымиып.
– Қой, келіннен таяқ жегені несі, – дедім мен таңғалыңқырап әрі оның айтқаны шыны не әзілі екенін айыра алмай.
Мұнымды сезе қойған ол әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Аға, келініңіз құп қатырды. Ол талайлардан ақылды екен. Менің жындылығыма қарсы әрекет-амалы пайда бермей келген еді. Бірақ бұл жолғысы тәубама келтірді, – деді ол жүзіне күлкі үйіре.
Оның көңілінде әйеліне немесе әлдекімге деген еш реніш, өкпе жоқ екені сөйлеу мәнерінен, реңінен анық байқалып тұрды.
– Не болып қалды сонша...
– Асықпай тыңдаңыз, аға... Сізге ғана айтамын, өйткені журналиссіз. Аты-затымызды көрсетпей бұл оқиғаны басқаларға ой салу үшін жазарсыз не айтып жүрерсіз... Мен қай бір жетіскен адам едім, кейде үйге ішіп келіп жанжал, ұрыс-керіс тудырып жатамын. Бәленің бәрі менен басталады. Әйелім байғұс анандай жемедім, ішпедім, мынандай кимедім, қолымды жылы суға малып отырмадым деген емес, обалы нешік... Отау құрғанымызға төрт жылдан асып барады. Екі перзентіміз бар. Жұбайым мұғалім, қазір декретте. Қарашаңырақтан еншімді алып кеткен бойда өз билігім өзіме тиіп тым еркінсіп, білгенімді істеп келемін. Әйелім менің бар жаман қылығымды түскен жеріне де, төркініне де білдірмей, жаманымды жасырып, жақсымды асырып-ақ келді. Кей кездері отбасылық ұрыс-керіс болғанда келініңізді шектен шыға ұрып-соғатыным да бар. Кейін естідім, сондай жайсыз бір күні әйелім шешесіне хабарласып, жағдайды жеткізеді ғой, бір қолдауы болар деп. Бірақ шешесі әкесіне айтпай-ақ, өзі былай дейді: «Өзің сүйдім-күйдім деп тиген байың, маған не дейсің? Өлігің сол үйден шықсын». Мұңын шаққанда шешесінің айтқаны осы болады. Демек, төркін жақтан қайран жоқ. Әйелім қысылғанда көмекке полицияға шақыру отбасының болашағына балта шабу екенін жақсы біледі. Содан ол бірден маневрін өзгертті. Ол мұнысының жемісін көре де бастады. Бұл қандай жаңа әдіс дейсіз бе? Қазір ол енесімен сырлас-мұңдас болып алған. Қай ата-ана перзентінің отбасы берекелі, ынтымақты болғанын қаламайды дейсіз... Мен қит етсем шешеме хабар жетіп тұратын болды. Оны әкем естиді. Бір күні әдеттегідей ішіп келіп, үйде кезекті топалаңды бастауға жақындап қалғанмын, сол сәтте қалаға жақындау ауылда тұратын әкем мен шешем үйге кіріп келмесі бар ма? Бір бәленің болатынын іші сезген әйелім ата-енесіне алдын ала хабар берген. Ішімдіктен көзім қызарып, сықпытым қашып тұрған маған әкем сүлесоқ амандасты. Шешем де елпілдей қойған жоқ. Әкемнің мінезі ауыр еді. Бір сөзді. Ол кісі дастархан басында көп сөйлеген жоқ, көзін өңменімнен өткізе отырып айтарын қысқа қайырды да қойды. Жерге кіріп кете жаздадым. Шешем де жетеме жеткізе ақылын айтты. Сүмірейіп отырмын. Әйелім сабырлы күйде. Содан не керек, әке-шешеме арақты қоятынымды, тыныш жүретінімді айтып, уәдемді беріп шығарып салдым. Содан төрт-бес ай жақсы жүрдім. Арақ татып алмадым. Отбасымыздың шынында берекесі кіріп қалды. Арада уақыт өте келе «өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, әке-шешенің ұрсып әрі айналайын деп айтқан сөздері, менің берген уәделерім көңілде көмескі тарта бастады. Оның үстіне жұмыста бірге істейтін жігіттердің күнделікті ду-думаны елітіп, өзіне тарта түсті. Ақыры бір күні арақтың алдына тізерлеп жығылдым. Сөйтіп қайтадан отбасымнан береке үркіп, ынтымақ ыдырай бастады. Содан мен кезекті рет шектен шыға бастаған сәтімде әйелім енесіне шағымын жеткізеді ғой, ол да өлсін ба?.. Менің жындылықты қайта бастағанымды шешем, одан әкем естиді. Әкем «ақыры айтқанға көнбейді екенсің» дейді де қалада тұратын үлкен ағама тиісті бұйрығын береді: «Ініңнің әумесерлік жасап жатқан кезінде үстінен түсіп, тәубасына келтір, сазайын тарттыр». Ағам келінімен телефон арқылы сөйлеседі де, менің тағы да бұзықтың жасай бастаған шағымда хабар беруін ескертеді. Әйеліме де сол керек. Бір күні кешке «мың қой бір сом болып» масаң күйде үйге келіп, құтырына бастаған сәтімде үй қасына бір машина келіп тоқтады да, іле ағам екпіндей үйге кіріп келді. Бір сұмдықтың боларына күмәні жоқ әйелім балаларды алып сыртқа зып берді. Ағам амандық-саулық та сұраспай бірден іске көшті. «Көзіңнің еті өсейін деген екен сенің» деп маған тап берді. Бұрын үйленбей тұрып осы ішімдіктің кесірінен ағамнан оңбай таяқ жегенмін. Бір беткей ағамның қолы ауыр, қарулы. Ал келіп сабасын. Түгімді қалдырмады, қарсыласуға шама бар, әрине, бірақ ағама қол қайтару, қол көтеру түйсігі менде мүлде жоқ еді. Қорғанып бақтым, онымнан дым шықпады. Сілейте сабады, көзден от шықты, жағым уатылды... Бір кезде ағам тірлігін аяқтады-ау әйтеуір. Ағамның мені осыншама ашуланып келіп сабауынан әдепсіздік пен аярлықтың шыңына шығып кеткенімді шын ұғындым. Сабаған өзіңнің туған ағаң. Сабатқан әкең. Кімге не дейсің?
Ағам сол түні біздің үйге қонып шықты. Екеуміз бір-бірімізге тіл қатпадық. О, тоба! Көңілімде ағама деген үліңгірдей де сызат жоқ. Мұның барлығы мен үшін, отбасым үшін жасалып жатқан «тірлік» екенін жүрегім атқақтап айтып тұр.
Ертесіне ағам көгерген, көнектей болып іскен, жырылған, сырылған жүзіме барлай қарады да жаны ашып кетті-ау деймін маған құшағын ашты. Мен оның бауырына бір уыс болып еніп кеттім. Терезеден әйелімнің ағыл-тегіл жылып тұрғанын көрдім. Ағамның да көңілі босады. Мені құшағына қатты қысып, ұзақ тұрып қалды. Ағамның жан-дүниесіндегі бұл толғаныс пен тебіреніс бауырына жаны ашудан емес, інісінің өзіне қол қайтармай, жауап қатпай, кек сақтамай, ағалығын кіршіксіз мойындағанынан, кішілігін көрсетіп, қанша таяқ жеп жатса да өзінің інілік жолынан шықпағанынан туындаған еді. Менің де көңілім босап, дел-сал күй кештім. Ағам бойын тез жинап алды. Маған көңілі босағанын білдірмеуге тырысып тұрып жұмсақ әрі қатқылдау дауыспен: «Отбасыдағы әйел мен балалар өздеріне қорған болуы тиіс адамнан жапа шекпеуі керек. Осыны ұқ. Тағы да бір рет қылтың-сылтыңыңды естіп не көретін болсам, аямаймын», деді де машинасына отырып қозғалып кетті. Міне, осылайша келініңіз бастапқы маневрін өзгертіп, жаңа әдіспен тас-талқанымды шығарды. Мен сөз басында келіншегімді неге ақылдылар қатарына қосқанымның себебі осы.
– Шынында келіншегің ақылды екен, – дедім мен.
Сосын ол қалтасынан бір бума ақша шығарды да:
– Аға, қолымда қазір екі жүз мың теңге бар. Жалақым. Көрдіңіз бе, міне, – деп қолындағысын мақтана көрсетті, – Мұны үш күннен бері үйге тастамай әдейі қалтама салып жүрмін. Неге дейсіз бе? Мен бұрын қалтамда екі жүз мың теңге түгілі азын-аулақ тиын тебен, майда-шүйде ақша болса кездескен кафе, не дүкенге бас сұқпай шықпайтынмын. Өйткені, құлқыныма «жүз грамм» құймай үйге қарай аяғым тартпайтын. Тіпті ақшам мүлде болмаса да дүкенші таныс болса, қарызға жаздырып алып арақ ішетінмін. Ал қазір осы ақшаны қалтамда ұстап, өзімді сынап жүрмін. Ақшам болса да кафе, дүкен дегенге арақ үшін жолағым да келмейді. Сол бәлеге мүлде тәбетім де жоқ. Арақ, сыра дегенді тастадым...
Екеуміз жылы қоштастық. Ол үйіне қарай беттеді. Сол кезде балаларының бірін жетектеп, бірін көтеріп келіншегі мәз-мейрам алдынан шыққанын көрдім.
Біз Астанаға көшіп кеттік. Араға оншақты жыл салып Шымкентке барғанымда әлгі ерлі-зайыптыларды сыртынан орталықтағы үлкен супермаркеттің алдынан көріп қалдым. Олар сүліктей қара жаңа мерседестен бала-шағасымен түсіп жатыр екен. Екеуі бір-біріне қарап әлдене айтып күлісіп қояды. Ересегі, кішкентай бар бес бала супермаркеттің кіреберісіне қарай жүгіріп барады. Дәл солар. Анық. Мен өз жолыммен кеттім.
Елімізде некелі жұптардың ажырасуы өте көп. Мұның себептері сан түрлі. Алайда, осы себептердің басым бөлігінің түп негізі күйеудің өз жұрты мен қайын жұртын, ал әйелдің келін болып түскен жері мен төркінін «барикаданың» екі жағына шығарып қойып, араға өсек-аяң, болмайтын сөз киліктіру, бір-бірлерінің жақсысын жасырып, тек жаманын айту, соның кесірінен пайда болған қос тараптың арасындағы ұрыс-керіске май құю сынды жағдаяттардан бастау алады деп ойлаймыз.
Түсініксіз, алдына қойған мақсаты тұрлаусыз, өзі құрған отбасының жүгін, жауапкершілігін көтеруге құлықсыз не қабілетсіз, бірінің өз жұрты мен қайын жұрты, бірінің келін болып түскен жері мен төркіні жабыла қолдап, отбасы болып кетулері үшін күш біріктірсе де оң нәтиже көрсетпейтін мәнжубас еркектердің не парықсыз әйелдердің қылығынан және шектен шыққан қытымыр, жайсыз ата-ененің кесірінен туындайтын ажырасу фактілерін айтпағанда, некелі жұптардың екі жаққа бет бұруына көбіне «жақсы ерінің төрдегі басын көрге сүйрейтін, жаман ерінің есіктегі басын төрге сүйрей алмайтын» әйелдің кінәсі, таяздығы себеп болып жатады. Ол не кінә, нендей таяздық?
Біріншіден көбіне келін ә дегеннен немесе жүре келе ата-енесіне иық бере қоймай, тасыраңдайды. Ата-енесіне осылай жасаса, қайын ағалары мен қайын інілеріне, қайын бикелері мен қайын сіңілілеріне қайдан құрметпен қарасын? Осыдан келіп келін мен отбасы мүшелері арасында дұрыс қатынас қалыптаспайды. Бұл одан әрі келіннің отбасындағы қит еткенді жіпке тізгендей қылып шешесіне, бауырларына жеткізіп отыруына ұласады. Мұның ақыры қос тарап – құда-жегжаттарды «баррикаданың» екі жағына шығарып, өзара ұрысып-керісуге, бітпес дауға, кінәласуға барып тіреледі. Осыдан келіп некелі екеудің ажырасуларына негіз қаланады. Төркінінен қуат алған келін биті әбден семіргенде, әке-шешесі мен бауырларының айтағына арандағанда ажырасу үдерісі жылдамдай береді. Қыздарына басу айтатын, «барған жерің, ата-енең, күйеуің, күйеуіңнің бауырларын жамандап бізге бір ауыз сөз айтушы бол ма, арамызды бұзасың» деп тыйып тастайтын ата-ана кем де-кем, ілуде біреу болуы да мүмкін. Сөйтіп, төркін жақтан «Ішіме сыйған сыртыма да сыяды» айтылады.
Төркін жақтың қолтыққа су бүркіп, есе жібермеу амалдарын айтудан аса алмауына басты себеп – қыздарының сипаттаумен құда-жегжаттар олар үшін құбыжық, жаналғыш, әділетсіз, тағысын тағы.
Рас, кейде әйелдер отбасында адам төзгісіз жағдайларға тап келіп жатады. Мұндай жағдайлар сирек кездесетіндіктен, біз жалпы басымдыққа ие көріністерді сөз етіп отырмыз.
Негізінен, ақылды әйелдер келін болып түскен жеріне иығын беріп, мейірімін түсіріп, ата-ене, күйеуінің бауырларына құрметпен, ізетпен қарауға ә дегеннен түбегейлі бет бұрады. Төркініне өзі келін болып түскен шаңырақ, оның мүшелері жөнінде жаман атты бір ауыз сөз айтпайды. Есті әйел алда-жалда отбасында қандай да бір кикілжің, түсінбеушілік, дау-жанжал, тіпті жан төзуі қиын жағдаят орын алса да бірінші кезекте төркініне жүгінбей, түйінді өзі шешуге тырысады, ал қолынан келмесе ата-енесіне, күйеуінің бауырларына немесе келін болып түскен ортасының үлкендеріне шағымданады. Бұл ақылды әйелдің қадамы. Мәселе үлкендердің қатысуымен талқыланғанда ғана ненің бұрыс, ненің дұрыс екені, кімнің жазықты екені айқындалады әрі әлгі орта некелі жұпты жарастырып жіберуге барын салады. Бұдан барлық тарап ұтады. Ал қит еткенге төркінді араластыра берудің соңы жақсылықпен бітпейді.
Әрине, төркінді араластырмаса шешімін таппайтын мәселелер де болады, бірақ бұл алдымен келін болып түскен жерінде талқылануы қажет. Одан шешімін таппағанда, шетін жағдайда ғана төркінге жүгіну теріс болмас.
Міне, бүгінгі қазақ қоғамы осы мәселеге мән беруі қажет. Мұны жастарға түсіндірген абзал. Бұл айтылғандардың түпкі астарында ұлт тәрбиесінің ұстыны тұр. Осы ұстынды құлатып алмайық, ағайын.
Біз жоғарыда ерлі-зайыптылар оқиғасын бекерден-бекер айтқанымыз жоқ.