Оны жүзеге асырудың сапасы мен жеделдігі артуда
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың қараша айында өткен Судьялардың VI-съезінде: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты межелерінің бірі – осы», деп отандық сот корпусының алдына іргелі міндеттер жүктеген болатын. Міне, осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика соттары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, олардың заңды мүдделерін қорғау, сот төрелігінің әділдігін, ашықтығы мен қалың бұқараға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері сот-құқық жүйесін реформалау бағытында басталған жұмыстар 2014 жылы өзінің шарықтау шегіне жетіп, бірқатар заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданды. Осы тұрғыдан алғанда, 2014 жыл еліміздің сот-құқықтық саласында жаңа өзгерістерге толы жыл болды десек, қателеспейміз.
Енді биылғы жылдан бастап республика соттары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған жаңа қылмыстық заңнама шеңберінде жұмыс істей бастады. Былтырғы жылдың шілде айында қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстерді заман талабынан туындаған заңдар деп айтуға болады. Бұл жөнінде Елбасы аталған съезде: «Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жобалары қазірдің өзінде дайындалып қойды. Олар ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды, оны барлығы, мен де қарадым. Онда соттардың жаңа құзыреті, соның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің тезірек қабылдануы мен жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», деген болатын.
Расында да, ізгілендіруді ұран етіп, қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуіне жол бермеу керек. Ата Заңымыздың алғашқы бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. Сондықтан да, адамның құқығына нұқсан келтіретін кез келген қылмыстың алдын алу маңызды. Ал қылмыс болған жағдайда, оның өтемі – жаза. Бұл кез келген өркениетті мемлекет жүргізетін құқықтық саясаттың басты қағидасы болып табылады. Дүниежүзілік қауымдастықтың белді мүшесі болып табылатын еліміз осыдан 5 жыл бұрын «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын» қабылдаған болатын. Осы бағдарламалық құжатта: «Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру – ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары – жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиіс. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ, қылмыстар кәнігілігі кезінде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргізу қажет.
Қылмыстық құқықты дамытудың маңызды бағыты, ең алдымен, аса қоғамдық қауіп тудырмайтын адамдарға (абайсызда қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға – жазаны жеңілдететін мән-жайлар) қатысты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын кеңейту арқылы қылмыстық қуғын-сүргінді қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкіндігін айқындау болып табылады» деп көрсетілді. Тұжырымдамаға сәйкес еліміздің құқықтық кеңістігіндегі қылмыстық заңнамалар азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізіле отырып, жаңартылды. Солардың ең негізгілерін қысқаша айтып өтсек.
Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдері әртүрлі санкциялар қатарын (айыппұл – 128, бостандықты шектеу – 356, түзеу жұмыстары – 453) көбейтуді көздейтін жаңа баптармен және нормалармен толықты. Оның ең басты ерекшелігі – қылмыстық тұрғыда жазаланатын екі топтық жүйенің енгізілуі. Оның бірі – қылмыстар болса, екіншісі – әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыс шегінде тоғысқан теріс қылықтар. Олардың қатарында жеке тұлғаға, кәмелетке толмағандарға, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы әкімшілік құқық бұзушылықтармен қатар, қазіргі таңда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылмайтын ауырлығы орташа қылмыстар бар.
Тағы бір атап көрсетілген жаңа өзгерістердің бірі – медициналық және компьютерлік қылмыстар. Олар Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің дербес тарауына енгізілді. Террористік және экстремистік қылмыстарға қатысты жауапкершілік те күшейтілді. Бұрынғы Кодекспен салыстырғанда жаңа Қылмыстық кодексте бас бостандығынан айырудың баламалы шараларын неғұрлым кеңейтуге бағытталған жазалар желісі қарастырылған.
Жаңа Қылмыстық кодекске теріс қылық әрекеті (жалпы құрамы – 156), іс жүргізу келісімінің шарттарын орындаған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату және тағы басқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі қылмыстық процестің бастапқы сатысындағы тергеуге дейінгі тексеру сатысының алынып тасталуы азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға және көптеген іс-шаралар жүргізбей-ақ, қылмыстық істі қозғауға мүмкіндік береді. Сотқа дейінгі тергеу ұғымы енгізіліп, азаматтарды ұстаудың тәртібі регламенттелді және іс жүзінде ұстау ұғымының мән-мазмұны нақтыланды. Адамды ұстау барысында оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіру қажеттігі заң нормасы ретінде белгіленді.
Тергеу барысында жедел іс жүргізу, кінәні мойындау туралы және ынтымақтастық туралы келісімдердің енгізілуі іс жүргізу шешімдерін қабылдау тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ондаған, тіпті, жүздеген томды құрайтын кейбір көп эпизодты істер бойынша айыптау қорытындысы қысқаша айыптау актісіне ауыстырылды. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сот бақылауын жүзеге асыратын тергеу судьясы, қорғалу құқығына ие куәгер, тиісті құзыретке ие процесс прокуроры, айғақтарды сақтауға қою секілді жаңа институттар енгізілді. Қолданыстағы халықаралық шарттардың жекелеген қағидалары жаңа Қылмыстық-процестік кодекс аясында іске асырылатын болады.
Мемлекет басшысының 2014 жылғы 9 сәуірдегі Өкімімен мемлекеттік органдар орындауы тиіс 42 іс-шараны қамтитын Қылмыстық заңның және қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделіне көшу жөніндегі Бірыңғай мемлекеттік іс-қимыл жоспары бекітілді. Осы іс-қимыл жоспарды орындау мақсатында Жоғарғы Сот бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шараларды жедел түрде қолға алып, жүзеге асырды. Мәселен, барлық соттарда жаңа заңнамалардың новеллаларын түсіндіруге бағытталған семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, конференциялар мен оқу курстары ұйымдастырылды. Жаңадан қабылданған қылмыстық заңнаманың новеллаларын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы медиа-жоспар қабылданды. Оның шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Жалпы алғанда, заңнамаға енгізілген бұл өзгерістер Президенттің тапсырмасына сәйкес қолға алынған түрмедегілердің санын азайту мәселесін неғұрлым тиімді шешуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жақсартуға, сот жүйесін ашық және жедел жүргізуге мүмкіндік береді.
2014 жылы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалу тетіктерін әрі қарай күшейтуге және толыққанды жүзеге асыруға бағытталған тағы да басқа бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Жоғарғы Сот заң нормаларының республика бойынша біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында нормашығармашылық қызметті тиісті деңгейде жүзеге асырып келеді. Мәселен, Жоғарғы Сот өткен жылдың өзінде-ақ сот практикасының проблемалық мәселелерін түсiндiру мақсатында, сондай-ақ заңнаманың өзгеруіне байланысты 4 нормативтік қаулы қабылдады. Осыған орай қолданыстағы 18 нормативтік қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2014 жылы сот органдары қылмыстық заңнаманы жаңғыртумен қатар, сот төрелігін сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды басты назарға алды. Былтыр соттарға 1,2 миллионнан астам өтініш пен іс келіп түсті. Бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 8,7 пайызға артық екенін айта кеткен жөн.
Соттардың 2014 жылғы қызметіне жүргізілген талдау еліміздегі сот төрелігін жүзеге асыру көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетті.
2014 жылы республика соттарына 43 878 қылмыстық іс келіп түсіп, олардың 93,3 пайызының өндірісі аяқталды. 2013 жылмен салыстырғанда, республикамыздың төрт өңірінде соттарға келіп түскен қылмыстық істердің саны біршама өсті. Мәселен, бұл көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында – 21,3 пайызға, Батыс Қазақстан облысында – 9,8 пайызға, Астана қаласында – 8,3 пайызға, Алматы қаласында 5,1 пайызға артты.
Барлығы 20 573 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Олардың арасында ұрлық бойынша үкім шығарылған істердің үлес салмағы басым, яғни мұндай істер барлық қылмыстық істердің 16,6 пайызын (3420 іс) құрайды.
2014 жылы 25 079 адам сотталып, 458 адам ақталса, 2013 жылы 26 967 адам сотталып, 510 адам ақталған болатын. Демек, сотталғандар мен ақталғандардың да саны да біршама азайған.
Былтырғы жылы сотталғандардың ішінде 9 690 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 10 514 адамды құраған болатын.
Өткен жылдың еншісіндегі жағымды үрдістердің бірі ретінде кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыс санының азайып, олардың сотталу көрсеткішінің 36 пайызға (1 063-тен 681-ге дейін) төмендегенін айтуға болады. Сонымен қатар, олардың арасында бас бостандығынан айыруға сотталғандар саны да екі есеге азайды (2014 жылы – 108, 2013 жылы – 207).
Жалпы қаралған істер санының артуына қарамастан, 2014 жылы шығарылған сот актілерінің 98,7 пайызы заңды әрі негізді болып табылады.
Қорыта айтқанда, 2014 жыл сот жүйесін одан әрі жаңғырту және оның құқықтық негіздерін қарқынды дамыту тұрғысынан маңызды өзгерістерімен ерекшеленген жыл болды. Бұл өзгерістер Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі ұлттық сот жүйесінің көрсеткіштерін біршама жақсартты. Аталған рейтингте қазақстандық сот жүйесі 2014 жылы «Соттардың тәуелсіздігі» өлшемі бойынша өз көрсеткішін 2011 жылмен салыстырғанда 25 позицияға жақсартып, 86 орынға тұрақтады. Әрине, бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Еліміздің сот қауымдастығы бағындыратын белестер әлі алда. Ең бастысы, сот корпусы – «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы айқындағандай, халқы сот төрелігіне жүгініп, заңды сыйлайтын қоғамды қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсайтыны анық.
Ақылтай ҚАСЫМОВ,
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы.