*«ҚазАгро» холдингі АӨК субъектілерін қаржыландыру көлемін сақтап қалады. Оның жалпы сомасы 200 млрд. теңгеден асады. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің сөзіне қарағанда, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бюджет шығындарының тиімділігін арттырады.
*Еліміздегі көктемгі дала жұмыстары үшін 60 млрд. теңге бөлінеді. Бұл – былтырғы жылғыдан 20 млрд. теңге артық. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, шаруаларды қаржыландыру үшін бюджеттік несие бөлу ісі де жоспарланып отыр.
*Әуежайлардың инфрақұрылымын дамытуға 100 млрд. теңге инвестиция тартылады. Airoport Management Group ЖШС бас директоры Клод Банан Астанадағы халықаралық әуежайда жаңа жолаушылар терминалы салынатынын мәлімдеді. Айта кетейік, AMG компаниясы әуежайларды оңтайландыру және әуе активтерін басқару мақсатында қызмет көрсетеді.
*Астана – медициналық туризм бойынша Орталық Азиядағы жетекші қалалардың бірі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлағанындай, 2011-2014 жылдары аралығында елордадағы Ұлттық медициналық холдинг клиникаларында және Ұлттық ғылыми медициналық орталықта әлемнің 30-дан астам елінің 4 799 азаматына дәрігерлік көмек көрсетілген.
*Оңтүстік Қазақстанда баламалы энергетика бойынша 28 жоба іске асырылып жатыр. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, былтыр өңірде баламалы энергия көздері бағытында жалпы қуаттылығы 753 мВт болатын 3 жоба қатарға қосылған. Сондай-ақ, аймақта білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, көлік және экология салаларын қамтитын 21 инновациялық жоба қолға алынып отыр.
*Қызылордада балық шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аймақта соңғы жылдары балық өнімдері экспортының көлемі артып келеді. Мәселен, 2014 жылы құны 3,1 млн. АҚШ доллары болатын 500 тоннадан астам балық өнімдері Грузия, Дания, Польша, Австрия және Германия мемлекеттеріне жөнелтілді.
*Ақмола өңірінде өткен жылы 295,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, былтыр аймақ экономикасының дамуына 181,1 млрд. теңге инвестиция тартылған.
*Атырау облысының дамуына «Теңізшевройл» ЖШС зор үлесін қосып келеді. Құрылымның бас директоры Тим Миллер бүгінге дейін өңірдегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға компания тарапынан 930 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция салынғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол жергілікті халықпен жемісті ынтымақтастық арқасында осы көрсеткіштің әлі де өсе түсетініне сенім білдірді.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «24kz» телеарнаcының деректері бойынша дайындалды.