31 Қаңтар, 2015

Кәсіпкер жүгі жеңілдейді

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматы қаласы әкімдігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Заңды тұлғалар және жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеу рәсімдерінің қыс­қартылуы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Биылғы жылдың 1 қаң­тарынан бастап өз күшіне енген «Қа­зақстан Республикасында кәсіп­керлік қызметке қолайлы жағдай тудыру мақсатында Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің жекелеген салаларына қатысты бірқатар тиімді өзгерістер қабылданған. Қала әкімдігінде өткен дөңгелек үстелді отандық кәсіпкерлердің заңды мәселелерін оңтайлы шешуге бағытталған заңның жекелеген баптары мен оңтайлы тармақтары жөнінде жан-жақты талқылау болып, түрлі мемлекеттік қызмет пен бизнестік ұйымдардың өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. – Біз отандық кәсіпкерлердің қызметін едәуір жақсарту мақ­сатында мемлекет тарапынан жа­салған қолдауды талқылау және түсінік беру шарасын Алматы қаласында өткізуді кездейсоқ таң­даған жоқпыз. Өйткені, бұл қала­да кәсіпкерліктің ең жоғары көр­сеткіші мен қаржылық айна­лымның тұрақты биік межесі қалыптасқан. Мемлекет ІЖӨ-сінің 20 пайызын құрап отырған Алматы еліміздің бизнес орталығы ретінде шетелдерге де кеңінен таныс. Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен былтырғы жылдың соңын­да қабылданған отандық кәсіп­кер­лікті қолдау туралы заң Парламент қабырғасында жан-жақты қызу талқымен қабылданғанын біле­сіздер. Әлемде дамыған 30 ел­дің қатарына қосылу жолында біз отандық кәсіпкерлікке қатысты заң актілеріне көптеген жеңілдіктерді енгізген едік. Бүгін соны кәсіпкерлеріміз бен түрлі бизнес өкілдеріне таныстыру шарасына келіп отырмыз, – деді Бақытжан Сағынтаев кіріспе сөзінде. Алқалы жиында қала басшысы Ахметжан Есімов өткен жылда ел қаза­нына қосқан қала үлесінің көрсеткіш­терімен таныстыра келіп, қала аумағын­дағы экономикалық салалардың жай-күйін, қаржы секторындағы өзгерістер мен әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты орын алған шектеулер жөнінде, халықты жұмыспен қамтудың мүмкіншіліктері жайында айтып өтті. – Алматы қаласында кә­сіп­кер­лік одақтардың үлкен тобы шоғыр­ланғандықтан және халықты жұмыспен қамту, мемлекет қа­занына салық түрлері бойынша еселеп үлес қосу жөнінде еліміздің жалпы көрсеткішінің төрттен бірін құрап отырғаны аян. Мұның барлығы қала әкімдігінің жекелеген банктермен және бизнес­пен өзара тығыз қатынас орнатып, жан-жақты меморандумдар қабыл­да­ға­нының нәтижесі. Былтырғы көрсет­кіш бойынша шағын және орта кәсіпкер­лікті несиелендіруде, жалпы қаржы саласында көптеген жақсы нәтиже­лерге қол жеткізілді. Қазіргі әлемдік экономикадағы дағдарыс жағдай­ы­на байланысты қаланың стратегия­лық бағдарламасын қабылдап, алдағы уақытта бұған дейінгі қол жеткіз­ген жетістіктеріміздің деңгейін биік дәрежеде ұстап тұруға шешім қабыл­дадық, – деп атап өтті қала басшысы. Дөңгелек үстел барысында шағын және орта кәсіпкерлік ұйымдар мен бизнес топтардың өкілдеріне биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заң актісі бойынша «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы орта және шағын кәсіпкерлікті тіркеу мерзімі, орта және шағын кәсіп иелеріне мемлекеттік тіркеу барысында заңды тұлға ретінде салынатын алымның қысқартылғаны, кәсіпкерлердің жарғы капиталының мөлшерлемесі, заңды тұлғаларды тіркеуде кәсіпкерлік субъектілерге хабарлама жасау, тіркеу кезінде жарғыны талап ету міндеттемесі, тіркеу мерзімдері және нотариалдық куәландыру шарасының алынып тас­талуы, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы заңды тұлға статусы анықтамасын алу жолдары, сонымен қатар жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңның 21-бабына сәйкес құжаттарды қабылдау нормасының жаңартылған нұсқасы түсіндірілді. Ұлттық экономика министрлігі, Энергетика министрлігі, Әділет министрлігі және Қаржы министрлігінің, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының, Ұлттық банктің өкілдері шағын және орта кәсіп иелеріне аталмыш заңға енгізілген толықтырулар мен жаңалықтарды таныстырып, құжаттандырудың жаңа үлгісі туралы түсініктеме берді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.