Сурет: history.kz/kz
Басқосуда ғалымдар Орта ғасыр тарихын зерттеу мен зерделеудің жағдайы және осы саладағы проблемалар туралы ой қозғады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудағы араб-парсы деректерін пайдалану және сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау мәселелері де сөз болды.
Жиын тізгінін ұстаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов тарихшылар үшін қызықты кезең келгенін жеткізді.
– Соңғы жылдары төл тарихымызды жаңаша зерделеуге көңіл бөліне бастады. Бір жағынан, қоғамда тарихымызға қатысты сан алуан пікір бар. Бұған билік те назар аударды. Осы бағытта еліміздегі тарихшылар конгресі біраз жұмыс атқарды. Алдағы желтоқсан айының соңында ұлттық тарихшылар форумы өтеді деп жоспарланып отыр. Соның алдында жиналып, біраз дүниені пысықтап алайық, – деген Ерлан Бәтташұлы, сөзін одан әрі жалғап: – Біздің тарихымыз тәуелсіздік алғанға дейін қалай жазылғаны белгілі. Қазір егемен елміз. Еркінбіз. Соның бір белгісі – санадағы, ғылымдағы еркіндік. Алайда еркіндік деп тарихи деректерден ауытқуға болмайды. Бұған дейін қалыптасып қалған қасаң тұжырымнан арылатын уақыт жетті, – деді академик.
Кейінгі жылдары көкірегі ояу, санасы сергек халыққа жанашыр азаматтардың ұлт тарихына қызығушылығы артқан. Сондай бірқатар азаматтар тарихымызға қатысты шетелдегі архивтер мен кітапханаларда сақталған көне кітаптар мен қолжазбалар көшірмесін әкелуге қаржылай қол ұшын созып, қолдау көрсеткен.
Дегенмен заман өзгерді. Қазір сол тарихи деректерді түпнұсқадан тікелей тәржімалау мүмкіндігі туып отыр. Бірақ Ерлан Сыдықов ол үшін тіл білетін білікті маман қажет екенін айтады. Мәселен, елімізде шағатай, араб және төте жазу үлгісіндегі қазақ алфавитінен тікелей аударатын мамандар өте тапшы.
Одан кейін сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, экономист-ғалым Жақсыбек Құлекеев өзінің бас болуымен тарихымызға қатысты бірқатар құнды кітап аударылып жатқанын баяндады. Сонымен бірге кеңес заманында отандық ғалымдарға Алтын Орда дәуірінің құрылған кезеңін зерттеуге тыйым салғанын айта келіп, біздің тарихшыларға XVII-XVIII ғасырдан бергі уақытты зерттеуге ғана мүмкіндік берілгенін тілге тиек етті.
– Мен тарихшы емеспін, бірақ тарихтың жанашырымын десем болады. Кез келген ақылы толысқан азамат: «Біз кімбіз,тарихымыз қандай?» деген сауалдың жауабын білгісі келеді. Шындығында, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, біз тарихымызды әлі толық таныған жоқпыз.
Қазір үйде отырып, шетел кітапханаларынан кез келген іздеген материалыңды табасыз. Мысалы, Ұлыбритания кітапханасынан орта ғасыр тарихына, әсіресе біздің тарихымызға қатысты көптеген құнды кітаптың электрондық нұсқасын алдым. Оны барлық азамат ала алады. Орта ғасыр тарихын зерттеу оңай емес. Осы ғасырға байланысты шетелдегі архивтерде жатқан қолжазбаларды табуымыз қажет. Солардың ішіндегі өзімізге қатысты дүниелерді аудару керек. Сондықтан тарихшылардың арасында парсы, шағатай, түркі тілдерін білетін мамандардың болғаны дұрыс. Әсіресе жас ғалымдарға көп үміт артуға болады. Ғылымды солар көтереді, – деді Ж.Әбдірахметұлы.
Еуразия ұлттық университетіндегі «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығында сирек кітаптар мен қолжазбалардың біраз қоры сақталған. Орталық директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Махат солардың ішінде өте сирек кездесетін құнды дүниелер бар екенін атап өтті.
– Біздің орталықта 13 қор бар. Солардың ішінде кеңестік кезеңнің сүзгісінен өтпей қалған қолжазбалар да кездеседі. Мүмкіндігінше, соларды зерттеп жатырмыз. Көне қолжазбаны оқу – оңай емес. Мәселен, Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты еңбегі бес томды құрайды. Бұл жинақ 90-жылдары шыққан. Бірақ оны шығарған мамандар тарихымызға қатысты бөлімін ғана алып, басқа жерлерін қысқартып, мазмұнын ғана берген. Сөйтіп, бір кітапқа сыйдырған. Орталық ғалымдары осы еңбекті біраз жылдан бері зерттеп келеді. Алғашқы екі томын аударып, жұртшылыққа ұсындық. Бір жағынан, бұл кітап – өте күрделі. Автор түрлі ғылымның басын тоғыстырып жазған. Ендігі бір өзекті мәселе – маман даярлау. Елімізде шығыстану мамандарын Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия ұлттық университеті даярлайды. Ал шығыстануды бітірген мамандар көп болғанымен көне қолжазбаны оқитын маман сирек. Біздің орталыққа да маман жетіспейді,– деді ғалым.
Жалпы, сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинау, сақтау бойынша өзекті мәселелер қордаланып қалған. Айталық, елімізде 100 мыңға жуық қор болғанымен, оның аты бар да заты жоқ екен. Кейбір мекемелер өздерінің сирек қорына 2000-жылдары шыққан кітаптарды кіргізіп қойған. Қысқасы, Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Жандос Болдыков осы салада проблема көп екенін айтты.
– Бүгінге дейін елімізде сирек қорды сақтауға байланысты әлі толық ереже жоқ. Тіпті көне кітаптар мен қолжазбаларды сақтайтын ешқандай жағдай жасалмаған. Қаншама бағалы дүниеден осылай айырылып жатырмыз. Қазақ жерінен әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздан бастап, көптеген ғұлама ғалымдар, ақындар шықты. Бірақ солардың еңбектерінің бірде-бір түпнұсқасы жоқ. Бәрі де көшірме. Мәселен, тарихымызға қатысты біраз дерек Ресей архивінде, кітапханасында сақталған. Биыл біз Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Әзербайжанға іссапарға бардық. Бұларда көне қолжазбаларды сақтау жоғары деңгейде дамыған. Мысалы, көрші Өзбекстанда да бұл сала жақсы жолға қойылған. Өз мұрасын қызғыштай қорып отыр. Ал біздегі жағдай мүлде басқаша. Мен осы мәселені бес жылдан бері көтеріп келемін. Әлі шешімі табылмады, – деді ол.
Сондай-ақ дөңгелек үстелде «Жошы ұлысы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Құралай Сейітқазина және тағы басқа ғалымдар сөз алып, тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында жиында көтерілген мәселелерге байланысты бірқатар ұсыныс жасалды.