Шымкент • Кеше

Шайынды су шаруаларға жарап тұр

63 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС әкімдігі ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Шымкент қаласы сарқынды суларды тазалау қондырғылары кешенінің аймағында орналасқан Бөржар су жинақтағышының жұмысымен танысты.

Шайынды су шаруаларға жарап тұр

Нысанның директоры Ме­йір­жан Есенбековтің айтуынша, кешеннің негізгі қызметі сар­қынды суларды тазалап, то­ғанға жинау. Қыс мезгілінде су сонда жинақталса, жаздың күндері, суару маусымы кезінде су егістік алқаптарына жіберіледі. Су жинақтағыштың жобалық сыйымдылығы 26 млн текше метрді құрайды, жаз мезгілінде 40 млн текше метрге дейін су босатылады.

Тоғанда балық та бар. Алай­да ол өндірістік емес, био­ло­гиялық тазалау мақсатында өсі­­­ріледі. Қондырғыда тазалау ме­­ха­­никалық, биологиялық әдіс ар­қылы жүргізіледі. Меха­ни­­калық әдіспен сүзгілер арқы­лы сар­қынды сулар қатты зат­тар­дан, майлардан тазалан­са, биологиялық әдіспен, балық­тардың көмегімен судағы орга­никалық заттар жойылады. Өйткені органикалық тіршілік иелері суда көп болса ол иістене бастайды. Мұндай биологиялық әдіс дамыған елдерде тәжірибе жүзінде көп қолданылады екен.

Кешен басшысының мәлім­деуінше, қанша дегенмен су құрамында органикалық заттар кездесетіндіктен, ол топырақ­қа дайын тыңайтқыш. Сондық­тан маман техникалық әдіспен азықтық ауыл шаруашылығы дақылдарын да еш қорықпай суара беруге болатынын айтты. 2022 жылы су жинақтағыштың түбі лайдан тазаланыпты. 2025 жылға дамбыны күшейту бойын­ша жұмыстар жоспарға қойы­лып отыр. Тазалау қондырғы­сы Польша елінің технологиясы. ­2017 жылы жаңғырту бағдарлама­сы аясында польшалық компания осы қондырғыны орнатып берген екен. Мұндай технология қазіргі таңда еуропалық елдердің көпшілігінде қолда­ныста. Орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің ішінде бірегей қондырғы саналады. Тіпті қы­тайлық инвесторлардың өзі оған қызығушылық танытқан. Сар­қынды суларды екінші мәрте пайдалану көп елдерде жоқ. Бұл игі шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде берген тапсырмасымен үндеседі.

Маманның айтуынша, кәріз жүйесінің қалдық суларын ішу­ге жарамды етуге мүмкіндік бере­тін технология да бар. Алайда мегаполисте әзірге стратегия­лық жерасты су қоры жеткілік­­ті мөл­шерде. Сондықтан мұн­дай тех­нологияға қажеттілік дәл қа­зір туындап отырған жоқ. Ке­шен негізінен үйден шығатын ша­йынды суларды тазартуға ар­налған. Бірақ жауын-шашын­мен қосылып келетін суларды да мұ­най қалдықтарынан тазалап жатыр. Өйткені көліктерден там­ған жанармайды жаңбыр суы жолдан шайып, науаларға ағы­зады, оның бір бөлігі кәріз жүйесіне де барып құйылады. Кәріз жүйесіндегі жаңбыр суы тазалау қондырғысына жеткенше арнамен ағып барады. Ереже бойынша жауын-шашынға бөлек кәріз жүйесі керек екен. Себебі көшеден аққан жаңбыр суында мұнай қалдықтары көп болады. Дегенмен кешен қондырғысы құрамында мазуты бар сарқынды суларды да шама-шарқынша тазартып отыр.

Маманның мәлімдеуінше, егер су таза болмаса тоғандағы ба­лықтар әлдеқашан қырылып қа­лар еді. Балықтар судың эко­ло­гиялық тазалығының анық­тау­шы­сы, индикаторы рөлін атқа­ра­ды. Егер олар тірі жүрсе, демек су да таза деген сөз. Оның үс­ті­не, су жинақтағыш жергілікті эко­­логия департаментінің жіті ба­қы­­лауында. Әрдайым эколог ма­­ман­дар тоған суынан сына­ма алып, құрамын зерттеп тұра­ды. Сол тұрғыда тіпті су жинақ­тағышқа адамдар шомылса да болатынын айтады кешен директоры.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС сарқынды суды био­ло­гиялық тазалау үшін хлорелла микроорганизмдерін қолданып келеді. Бұл тіршілік иесі суда­ғы қалдық заттарды жоюға кө­мек­теседі. Соның нәтижесінде көлдегі су бүгінде мөп-мөлдір. Кәріз жүйесінен тазаланып шық­қан су екенін алдын ала біл­меген жұрт оны табиғи көл деп ойлап қалады. Жергілікті тұр­ғындардың айтуынша, бұрын Бөр­жар су жинақтағышынан шы­ғатын жағымсыз иіс қол­қаны қабатын. Қазір ол иіс жо­ғалды. Соның арқасында бұл ма­ңайдың тұрғындары бүгінде қалыпты күй кешіп отыр. Ал жаман иістен құтылуға бірден-бір көмегін тигізген хлорелла микроорганизмі. Одан бөлек, гидроқұрылым суын Түркістан облысына қарасты көршілес Ордабасы ауданының шаруалары да егіндеріне тегін пайдаланып отыр.

«Ордабасы ауданы Бөржар елді мекеніндегі 800 гектардай алқапты осы көлдің суымен суарамыз. Сонау 1974 жылдан бері бұл су жинақтағыш шаруалардың қажетіне жарап тұр. Жоңышқа, бидай, жү­гері еккен диқандар жылда судан ешқандай қиналмайды. Бөгет суы 6 шақырым каналмен, одан 8 шақырымнан ас­там құбырмен ағып барады. Негі­зінде елді мекенде суармалы егіс көлемін су жинақтағыш есе­бінен 2,5 мың гектарға дейін ұл­ғайтуға мүмкіндік бар. Кеңестік дәуірде етектегі совхоздар егістік алқаптарына суды осы бөгеттен алатын. Бірақ ол су таза болмайтын. Сол үшін сарқынды су тек совхоздар еккен мал азы­ғы дақылдарына ғана жарайтын. Қазір су таза, мөп-мөлдір. Егістікке қорықпай пайдаланып жатырмыз», деді «Еркін Қай­нар» өндірістік кооперативінің төрағасы Еркін Арысбаев.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Береке белсендіге бітеді

Кәсіпкер • Бүгін, 09:30