Тағзым • 27 Қараша, 2024

Міржақыпты еске алды

84 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлты үшін бойындағы барын беріп, жан аямай еңбек еткен ұлы тұл­ғаларымыздың бәрінің күрес­кер жолы мектеппен байланыс­ты. Олардың санасында мектеп пен білімді түзеу – ұлтты оятумен бірдей деген толғағы піскен пәлсапа болды. Кешегі кер заманда туып, халқымыздың білім алу, ғылым жолына түсу сынды күреске толы өміріне тым ерте араласқан Алаш ардақтысы, ақын Міржақып Дулатұлының туған күні қарсаңында елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда «Алаш – ұлтты оятқан рухты сөз» атты мазмұнды іс-шара өтті.

Міржақыпты еске алды

Оны Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты, «Qyr balasy» ҚҚ және жоғары да аталған білім ордасымен бірлесіп өткізді. Іс-шара аясында «Qyr balasy» қоғамдық қоры басып шығарған кітаптардың тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды. Айталық, биыл «Алаш кітапханасы» сериясымен Нұғыман Манай, Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы және «Жетісудағы Алаш тарихы: Жаркент іздері», «Қаныш Сәтбаев феномені» зерттеу еңбектері оқырманға жол тартты. Сондай-ақ «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясымен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай сынды Алаш зиялыларының нақыл сөздері топтастырылып, жеке кітапша ретінде жарық көрген.

Мәдени іс-шара басында сөз алған Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Оңдағанқызы: «Біз осындай іс-шаралар арқылы мектебіміздегі жас ұрпақтардың санасына ұлттық тәрбие ұғымын сіңіріп, олардың елінің, жерінің, ұлтының тарихы мен мәдениетін, салты мен дәстүрін жақсы білетін білім иелері етіп тәрбиелеуге құлшынып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің мақсатымыз – тұлға тәрбиелеу, қалыптастыру», деді ол.

Әдеби жиынға Қайсар Әлім, Айгүл Серікқызы, Ербол Ердембекұлы, Марат Әбсемет, Шолпан Тілепина, Сағымбай Жұмағұл, Алмас Жұмағали, Қайырбек Кемеңгер, Алма Сайлауқызы, т.б. сынды алаштанушы – ғалымдар мен Роза Бақтығалиқызы, Ризабек Кемеңгер, Камлет Баяхметұлы секілді Алаш ардақтыларының ұрпақтары сөз алып, Алаш арыстары туралы парасатты ой толғады. Сонымен қатар Абай мекте­бінің оқушылары Міржақып Дулатұлы туралы «Азаматы Алаштың» атты қойылым қойды. 11 «Ә» сынып оқушысы Саяжан Азаматқызы М.Ду­латұлының «Қазақ тілінің мұңы» мақаласын, бас­­тауыш сынып оқу­шы­лары Алаш арыстары туралы өлең­дерді жатқа оқыды. Әсіресе жас су­рет­ші Назерке Болатқызының Алаш арыс­тарының әр кездегі бейнесін қыл­қаламмен сөйлеткен туындылары кешке қатысқан барша қауымның қызы­ғушылығын туғызды. Мұны мектеп оқушыларына ұлттық тәлім-тәрбие берудің жаңаша жолы деп түсінуге болады.

Мазмұнды іс-шарадағы тағы бір ерек­шелік – Астанадағы Алаш қайраткер­лерінің есімі берілген мектеп директорлары мен мұғалімдері де осы басқосуға қатысып, өз ойларымен бөлісті. «Qyr balasy» қоғамдық қорының президенті Жанболат Абайхан мен құрылтайшысы Ертай Біләл жаңа крауд­фандингке үлес қосқан азаматтарға кітаптар табыстады.

«Алаш» ғылыми-зерттеу институты­ның директоры Ұшқын Сәйдірахман «Алаш мұрасын оқыту – ұлттық тәрбие өзегі» тақырыбында баяндама жасап, «мектепте тілдік орта қалыптастыру, іс-шаралардың қазақ тілінде өтуін негіз ету, ұлттық құндылықтарды дәріп­тейтін арнайы жобалар дайындау, ұлттық мәдениетті тәжірибеге енгізу, Алаш арыстарының атын иеленген мектептердің одағын құру және сол мектептердің оқушылары арасында «Алаш олимпиядасын» өткізу» атты ұсынысын ортаға салды.

Жиын соңында Ербол Ердембек­ұлы мен Роза Бақтығалиқызына «Алаш зиялысы» медалі, Шолпан Тілепина, Камлет Баяхметұлы және Мұрат Ескендірұлына «Барлыбек Сырттанұлы» медалі табыс­талды. Белсенді демеуші азаматтардың атынан үздік 20 оқушыға «Алаш стипендиясы» берілді.