Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Цифрлық инфрақұрылым игілігі
Әкімдерге IT мамандарын қолдау мақсатында өңірлерде цифрлық инфрақұрылым құру тапсырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Astana Hub» жұмысының аясында IT-экспорт көлемін арттыру, цифрлық платформалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отандық стартаптарды іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «Терриконовая долина» IТ-хабының басшысы Сабир Ниязов, «Arlan BioTech» компаниясының басшысы Болат Сұлтанқұлов, «ITS Partner Ltd» компаниясының басшысы Марат Тастеміров баяндама жасады.
Еліміз әлемде цифрландыру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді әрі онлайн-қызметтер көрсетуде 8-орында тұр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында IT-қызмет экспорты 306 млн долларға дейін өсті. Жыл соңына дейін 600 млн доллардан асады деп күтіліп отыр. Жалпы, 5 жыл ішінде отандық IT-қызметтердің экспорты 20 есеге ұлғайды. Елімізде роботтандыру мен жасанды интеллект технологиялары орнықты дамып, көптеген салада трансформация жалғасып жатыр. Сондай-ақ заңнамалық база қалыптасып, үнемі жетілдіріліп отырады. Цифрлық трансформация тұжырымдамасы қабылданды, венчурлік нарық пен стартап-экожүйені дамытуда қолайлы экономикалық жағдай жасалды. «Astana Hub» технопаркі көптеген стартапқа шын мәнінде, инновациялық кластерге әрі ең негізгі әріптеске айналды. Бұл алаңда 1,5 мыңнан аса компания табысты жұмыс істеп жатыр. «E-commerce», «BigData», «GameDev», «Fintech», «MedTech» пен басқа да серпінді жобалардың экспорттық әлеуеті жоғары. Олардың белсенді дамуы 2026 жылға қарай ІТ-өнімдер мен қызметтер экспортын 1 млрд долларға дейін өсіруге ықпал етпек.
Премьер-министр Үкімет алдағы уақытта да IT-технологиялар мен көрсетілетін қызметтер саласын белсенді қолдай беретінін атап өтті. Өңірлік акселерациялық бағдарламаларды, басқа елдердегі жаһандық әріптестік желіні дамыту саясатын одан әрі жалғастыру қажет.
– Мемлекет басшысы 2029 жылы цифрлық технологиялардың экономикаға қосатын үлесін 1%-ға дейін, ал ІТ-қызметтердегі жергілікті үлесті кемінде 80%-ға жеткізу міндетін қойды. Оған қол жеткізуде IT-хабтар мен венчурлік қорлар басты драйверлерге айналуға тиіс. Кейінгі алты жылда елімізде венчурлік қаржыландыру көлемі 6 еседен аса өскен. Әрі қарай өсу үшін біз осы саладағы озық сарапшыларды тартуымыз керек. Бұл орайда білім беру бағдарламаларын дамытып, ірі бизнесті тарту және сауатты цифрлық инфрақұрылым құру жұмыстарына жете көңіл бөлу қажет. Цифрландыру, ІТ-саланы дамыту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру экономиканың дамуына ықпал етуге тиіс, – деді О.Бектенов.
Жалпы, Президент жүктеген жасанды интеллектіні дамыту міндеттерін іске асыру аясында салалық заңнаманы жетілдіруде белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Келер жылы Астанада Жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жас таланттарды тарту нүктесіне айналуға тиіс. Цифрлық даму министрлігіне осы мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.
IT-саланың жоғары білікті мамандарын даярлау да басым міндет болып отыр. «Astana Hub»-та үздік халықаралық тәжірибе ескеріліп, қажетті жағдайлар жасалған. Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне «Astana Hub»-пен өңірлік хабтармен өзара тығыз байланыса отырып, одан әрі даму мен оқыту тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Осы ретте оқу бітірген мамандардың санын көбейту мақсат емес, олардың даярлық сапасына баса назар аудару қажеттігі аталып өтті. Үздік әлемдік әдістемелерді назарда ұстап, цифрлық білім мен дағдыларды арттыру тәсілдерін үнемі жаңартып тұру маңызды.
Сонымен қатар өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге бұл мәселелерге әкімдік тиісті көңіл бөлу керек. Салалық министрлікке өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, «Astana Hub»-ты дамыту, өңірлік хабтарды қолдау мен IT саласында экспортқа бағытталған бағыттарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ венчурлік қаржыландыруды қолдау жүйесіндегі тәсілдерді жаңарту тапсырылды.
Теміржол саласында серпіліс бар
2030 жылға дейін теміржол көлігін дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданғалы бері, бұл салаға баса назар аударылып келеді. Бүгінде 2,8 мың шақырым жол жөнделіп, 143 жолаушы вагоны жаңартылған. Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың 10 айының қорытындысында жүк тасымалының көлемі 3,5%-ға артып, 263 млн 400 мың тоннаны құраған. Ішкі тасымалдар 10,8%-ға өсіп, 156,2 млн тоннаға жеткен. Ал транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейінде қалды. Яғни 22 млн 400 мың тонна.
Қазір Президент тапсырмасын іске асыру аясында көлік-логистика саласын дамытуда елде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері 2,8 мың шақырымнан астам теміржол жөнделді. Жылжымалы құрамды жаңарту жұмысы жалғасып келеді. «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, биыл 185 локомотив пен 143 жолаушылар вагоны сатып алынған. 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мыңнан аса бірлікке жетіп, елдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Ал Премьер-министр саланы жаңғыртуда күш-жігерді арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Әсіресе теміржол вокзалдары мен стансалардың инфрақұрылымына ерекше назар аудару керектігін тілге тиек етті. Қазір олардың шамамен 90%-ы жөндеуді қажет етеді.
– Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытында нақты міндеттер қойды. Бұл ретте теміржол саласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ ол ішкі және транзиттік жүк тасымалын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Алға қойылған мақсаттарға жетуге біз қолданыстағы теміржолдар мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Сондай-ақ вагон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүріп жатыр. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігі мен оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн контейнерге дейін өседі, – деді О.Бектенов.
Халықаралық көлік дәліздеріндегі отандық бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Премьер-министр шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жедел көрсетуге барлық рәсімді аяқтауды тапсырды. Қазіргі уақытта салық жүйесі мен теміржолдың ақпараттық жүйелері интеграцияланды.
Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтау тапсырылды. Сонымен қатар вагондарды жаңартуда қиындықтарға кезігіп отырған жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеу қажет.
Бұған қоса, Үкімет басшысы теміржол жүктерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту, теңіз тасымалының әлеуетін арттыруға Ақтау портының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына 2025 жылы контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау тапсырылды.