Форумға өз саласында табысқа жеткен білікті жастар қатысты. Жиынның алғашқы бөлімі жас мамандарды жігерлендіру, қанаттандыру бағытына арналды. Онда олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жетістіктері туралы әңгімеледі. Ал екінші бөлім – мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған шеберлік сабағына жалғасты.
Жиында жас педагогтер білім беру үдерісіне инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізуге бағытталған тренингтер мен тәжірибелік жұмыстарға араласты. Сабақ барысында оқыту әдістемесін жетілдіру, заманауи технологияларды тиімді қолдану және оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру жолдары талқыланды. Қатысушылар математикалық стильдегі креативті тәсілдерді, ағылшын тілі сабақтарында жасанды интеллектіні қолданудың тиімділігін, орта сынып оқушыларына көркем шығарманы оқытуда цифрлық технологияларды пайдалану жолдарын сарапқа салды.
Сонымен бірге инклюзивті білім беру жағдайында оқу үдерісін бейімдеу, оқушыларды олимпиадаға дайындау стратегиялары және STEAM негізіндегі инженерия мен дизайндағы инновациялық шешімдерді әзірлеу тәсілдері бойынша тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін дамытты.
Биыл үшінші рет өтіп отырған іс-шараға облыстық білім мекемелерінен 200-ге жуық жас педагог қатысып, білігі мен білімін толықтырды. Қатысушылар форумнан өз салаларындағы жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, кәсіби тәжірибелерін жетілдіруге арналған құнды ақпарат пен идеялар алды. Форум жас мамандардың өзара тәжірибе алмасу алаңына айналып, педагогикалық шеберліктерін дамытуға серпін берді.
Абай облысы