Жастар театры өнерпаздары ақынның балалық шағы мен жалынды жастығын қамтитын қойылымын сахналап бастаған кездесуде қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев шаһар басшысының құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы жетекшісі, белгілі ақын Қаршыға Есімсейітова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қатира Жәленова, балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаевалар кеш иесін құттықтады. Туған жер құшағында кеші өтіп жатқан ақынға арналған қаламдастар тілегі ел азаматтары Айтбай Көшербаев, Өлмесхан Болатбековтердің лебізімен жалғасты. Қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 IT лицей оқушылары ақынның лирикалық өлеңдері мен балаларға арналған туындыларын оқыды.
Кеш иесі өз сөзінде ел азаматтарына, кешті тамашалауға келген оқырманға шынайы алғысын жеткізді. Осы кеште ақынның «Үлпет» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтіп, оқырманға жол тартты.
ҚЫЗЫЛОРДА