Құрылыс қарқын алған жыл
Облыс орталығынан бөлек, аудан-ауылдарда сәулетті ғимараттардың көптеп бой көтергені аймақтың құрылыс саласындағы ілгерілеушілікті айғақтайды. Биылдың өзінде өңірде түрлі нысан мен тұрғын үй құрылысына 180 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Көктемде жыл санап қоныстанушылар қатары көбейіп келе жатқан сол жағалауда заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ашылды. Салада жаңа экономикалық кеңістік қалыптастырудың маңызын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деп атап өткен болатын. Бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге салынған ғимаратта жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған.
Сәуір айында ашылған автовокзалдан күніне 200-400 жолаушы 38 бағытқа, әр тарапқа жол тартады. Жолаушыларды түсіретін 6, сапарға шығатындарға арналған 11 перрон бар. Бүгінде Арал, Қазалы, Төретам, Қармақшы, Бекарыстан би бағыттарына жол жүру билеттері автовокзалдан, теміржол вокзалы алаңынан сатылып жатыр.
Жыл үлесіндегі тағы бір жаңалық – қаланың осы аумағынан Қан орталығы ашылды. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын қан тапсырады екен. Енді жаңа орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындамақ.
Тұрақтандыру қоры қамсыз емес
Қызылордада «Жан Арай» атты агро-индустриалды кешен бар. Күріш өндірісі, күріш жармасын халықаралық стандарттар бойынша өңдеумен қатар құрама жем өндірумен айналысатын серіктестік құрылтайшысы – белгілі кәсіпкер Бағдәулет Мақашов. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ келісім негізінде осы серіктестік қоймасында тұрақтандыру қорына тиесілі өнімдерді сақтап отыр.
«Мұнда сақталған өнімдер 3 айға жетеді. Олар тікелей өндірушіден алынған. Былтыр күріш бағасы 480 теңгеге көтеріліп кеткенде бізде 350 теңге болды. Базарда макарон бағасы өскеніне қарамастан, біз 35 әлеуметтік дүкен арқылы 270 теңгеден елге ұсынамыз. Олардан бөлек, ірі сауда орындарында әлеуметтік бұрыштарымыз бар. Облыстың 11 шаруашылығы форвардтық келісім негізінде бізге өнімдерін өткізеді. Бұл қажетті тауарды шеттен іздемей өзімізден табуға мүмкіндік беріп отыр. Келісім негізінде былтырдан бастап картоп пен сәбізді жергілікті шаруашылықтар жеткізе бастады. Алдағы уақытта күріш пен тұздан басқа, өзімізде өндірілген көкөніс өнімдерін көбейте түсеміз», дейді тұрақтандыру қорының басқарма басшысы Мейрамбек Серікбай.
Жалпы, бұл қоймада 1500 тоннаға дейін жеміс сақтауға мүмкіндік бар. Оның 1120 тоннасын тоңазытқышқа сақтау қарастырылған.
Алғашқы «Жайлы мектеп»
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салынады. Бүгінде солардың онының құрылысы жүріп жатыр. Осы арқылы аймақтағы 4 апатты, 3 бейімделген мектептің мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Жалпы, облыста әлеуметтік мәселелерді оңынан шешуде жеке компаниялардың да көмегі көп. Мысалы, осы ауданда «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимараты бой көтеріп келеді.
Қалада 10 млрд 900 млн теңгеге салынып жатқан «Шығармашылық инновациялық орталықта» балаларды спорттық сауықтырудан бөлек, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану, гуманитарлық бағытта дамыту көзделіп отыр. Футбол, баскетбол, волейбол, воркаут алаңдары, бассейн, соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған кабинеттер жұмыс істейді.
Құны 8 млрд 400 млн теңге болатын дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты «Білімді қолдау қоры» есебінен салынып жатыр. Жақын арада қолданысқа берілетін оқу орны ертең ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды мектептен әзірлеуге септігін тигізбек. Мектеп-интернат жанында 300 орынға арналған жатақхана болады.
Балаға жағдай жасаған
Бүгінде облыста 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ондағы үйірмелерге 60 мыңнан астам оқушы қатысады. Көкөрім балалардың көкжиегін кеңейтетін осындай орталықтың бірі – қаладағы Оқушылар сарайы. Биыл Қала күні мерекесі аясында қолданысқа берілген ғимаратта техноорталық, бағдарламалау, роботтехника, өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар, хореография кабинеттері бар. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС нысан құрылысына қаржы бөліп, оның материалдық-техникалық жабдықталуына да толық жағдай жасады.
«Оқушылар сарайында қазір 213 бала түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысады. Ғимарат сол жағалау тұрғындарына өте тиімді болып отыр. Ашылғалы бері хореография мен роботтехника үйірмесінің балалары түрлі жарыстарға барып қатысып, жүлделі орындармен оралды. Өңірдегі жоғары оқу орындарымен, басқа да мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен меморандум аясында жұмыс істеп жатырмыз», дейді директордың міндетін атқарушы Гаухар Құдайбергенова.
Оқушылар сарайының іргесінен орын тепкен үстел теннисі орталығының салынуына облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаралса, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге бөліп, көп көмек жасады. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ауқымды ойын алаңы, көрермендерге арналған 350 орындық трибуна, жаттығу залы, әкімшілік бөлмелер бар.
Орталық директорының міндетін атқарушы Жәнібек Оңталаптың айтуынша, мұнда 3 жаттықтырушы 200-ге жуық баланы жаттықтырады. Олардың арасында ел чемпионатының жүлдегерлері бар. Алдағы уақытта мұнда жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары өткізілмек.
Мәдениеттің мәйегі сақталған жер
Баспасөз турына қатысушылар биыл көктемде ашылған Өнер орталығында да болды. Мың орындық орталықта Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, симфония оркестрлерінен бөлек, 7 өнер ұжымы орын тепкен. Кейінгі үш жылда аймақта жаңа 21 нысан салуға қаражат бөлініпті, олардың оны қазір жұмыс істеп тұр, қалғаны жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Екі жылда салада 6 ұжым жұмысын бастап, 200-ден аса штат ашылыпты. Он жылға жуық үйірме ретінде жұмыс істеп келген Жастар театры өз алдына жеке кәсіби ұжым болып құрылса, мүгедек өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған «Инклюзивті театр» жобасы үйірме ретінде жұмыс істеп жатыр.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы аймақтағы мәдениет, руханият саласында атқарылған жұмыстарды саралап, Сыр өңірі түркі дүниесінің ең үздік мәдени аймағы деп бағалады. Астана мен Алматы қалаларында Алаштың анасы атанған өңірдің өнер күндері ұйымдастырылды.
Ән үзілмейтін орталық
«Анаға тағзым» орталығының таңнан кешке дейін ана жайлы ән кернеп тұратын ерекшелігі бар. Жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастыру, отбасылық құндылықтарды нығайтып, бүгінгі қазақ әйелінің рухани келбетін қалыптастыру, креативті индустрияны дамыту бағытында жұмыс істейтін орталықта «Қазақ елінің ұлы аналары» атты бірегей картина мен киіз үйдің инсталляциясы орналасқан. «Мирас», «Бойтұмар», «Ана тілі», «Жас отау» клубтары мен «Береке» аспаздық студиясы, «Шамшырақ» фото-видео студиясы қазір көпке таныс. Мұндағы психолог мамандардың да жұртқа көмегі мол. Мекеме ашылған сәттен бастап «Даму Lift» жобасын қолға алып, мектеп оқушылары мен студенттерді орталыққа шақырды. Олармен жұмыс істеу барысында «Анама хат» жобасы пайда болды. Көкейдегі сырын ешкімге айта алмайтын жастарға арналып жүзеге асырылған жоба аясында ірі сауда орталықтарына «Сенім жәшіктері» орнатылып, жиналған хаттармен психологтер жұмыс істеді.
«Бір жылдың ішінде бас-аяғы 500-ге жуық хат түсті. Олардың арасында виртуалдық ойынға қызығушылығына анасы тыйым салғанын жазғандар көп. Осыдан кейін біз мамандармен ақылдасып, осы тақырыпқа арнайы әлеуметтік бейнеролик түсірдік. Қазір ол барлық білім беру орнына таратылды», дейді орталық директоры Алтынай Молжанова.
БАҚ өкілдері жаңа әуежай мен қала іргесіндегі шаруашылықтар жұмысын да аралап көріп, елге ортақ игілікті істерге куә болды.
ҚЫЗЫЛОРДА