Қоғам • Кеше

Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті арта түсті

41 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет жастар кәсіпкерлігін дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Кейінгі кезде өңірде әлеуетті жас бизнесмендердің қатары көбейіп келеді. Олар арнайы оқыту курс­тарында білімін жетілдіріп, сол жерден алған сертификат арқылы жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Облыс әкімінің грантын жеңіп алған жас кәсіп иелері түрлі бағытта ел экономикасын еселеп отыр.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті арта түсті

Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Былтыр бизнесін жаңа бастаған 50 кәсіпкер облыс әкімінің грантына ие болды. Әсіресе қазір әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру жал­ғасып жатыр. Атап айтсақ, ерекше бала­лар мен олардың ата-ана­ларына көмек­те­сетін орталық көбейді.

Қайтарымсыз гранттың иегері атан­ған Гүлшат Әкім­жанова мемлекет берген қаражатқа облыс орта­лы­ғы­ның Майқұдық аума­ғынан «Бақыт мекені» түзету-дамыту орта­лығын ашты. Орта­лық­тағы логопед, логопед-дефектолог, АВА терапевт секілді білікті мамандар дамуында тежелу, сөйлеуінде мүкіс­тік бар балаларға көмек береді.

ва

– Грант қаражатына кабинеттің толыққанды жұмысына қажетті барлық құралды, балаларға ойын­шық, дамыту арналған заттар алдық. Облыс әкімінің қайта­рымсыз гранты туралы әлеуметтік желіден білдім. Басында бұл істі бастауға қорқақтағаным рас. Бірақ «не де болса тәуекел» деп, жобамды ұсындым. Конкурстан өткенімді білгенде ерекше қуандым. Бола­шақта афк, сенсорлық терапевт, нейропсихолог мамандарын орта­лыққа тартуға тырысамын, тағы лого­пед болса, тіпті жақсы болар еді. Түзету жұмысы үзілмеуі керек, үзіліп қалса даму да кері кетеді. Тағы бір айта кететін жайт – қазақ тілді логопед мамандардың тапшылығы. Жас мамандар ерекше қажеттіліктері бар баламен жұмыс жасауға қорқады. Ата-аналармен байланыс орнатудан қашқақтайды. «Нәтиже шықпай қалады» деп өздеріне сенімсіздік танытады. Мен өзім 12 жыл бойы бала­бақшада жұмыс жасап, енді ғана жеке кәсібімді аштым. Оқуды бітірген бетте кабинет ашу мүмкін емес. Өйткені оған білім керек, тәжірибе керек. Баламен жұмыс жасаудан мол тәжірибе жинап, әкім грантының арқасында орталық аштым. Өз кәсібім­ді дөңгелету арқылы ерекше бала­ларға да көмегімді тигізіп жатырмын, – дейді Г.Сүлейменқызы.

Рымжан Аринова есімді қала тұр­ғы­нының баласы орта­лыққа келіп жүр­геніне екі айдан асыпты. Ол жүргізілген жұмыс нәтижесіз емес дейді.

– Логопед Гүлден Серікқызына кел­гендегі себебіміз, балам р әрібін айта ал­майды. Мектепте қиындық туғызбасын деп жүгіндік. Балама ұнайды, тапсырмасын үйде қайталаймыз. Логопед мамандар қай жерде де тапшы, мектепте де жетіспейді. Мектепте де бұл мамандар көп болса деймін. Өйткені қазір балалардың көбісінің кейбір дыбыстарға тілі келмейді немесе оларды бұрмалап айтады, – деді Р.Аринова.

Жас кәсіпкер Г.Әкімжанова кейбір ата-аналар «әлі ерте, бала­бақшада сөй­леп кетеді» деп балаларын алып кете­­тінін айтады. Кейбірі жұмысты ұнатып, әрі қарай жалғастыруды сеніп тапсырады.

– Балабақшаға барса, сөйлеп кететін балалар болады. Бірақ бұл әдіс бірде болады, бірде жүзеге аспауы мүмкін. Бала­бақ­ша­да тілі шықпаса, ата-ана уақыт өткізіп алғанына өкінеді. Сондықтан логопедке ерте жастан апара берудің артықтығы жоқ, – дейді маман.

Анар Гизатулина да облыс әкімінің грантына Саран қаласынан «Уникум» түзету кабинетін былтыр ашты. Кабинет ашып, кәсіппен айналысуына өзінің ұлы себеп болған. Бір жылдың ішінде жүз шақты баланы қамтып үлгерген. Қазір кабинетінде логопед, психолог, сенсорлық терапевт жұмыс істейді. Грант қаражатына кабинетті толық жабдықтап, сенсорлық интеграция бұрышын жасақтады.

– Бізге түрлі бала келеді. Аутизм, ақыл ойында кемістігі бар, сал ауруларының жеңіл түрле­рімен ауыратын, дамуында түрлі ауыт­қулары бар балалар­ды қабыл­дай­мыз. Күніне кемі он бала­мен жұ­мыс істейміз. Демалыс күндері де жұ­мысты үзбейміз. Себебі қазір ерекше қажет­­тіліктері бар балалар көп, – дейді А.Гизатуллина.

Жас кәсіпкердің ендігі ойы – мемлекет ұсынып отырған қолдау шараларын ұтым­­ды пайдаланып, кәсібін ұлғайту. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс алу мақ­са­тында жұмыс жүргізу керек. Өйткені кә­­сіп­кер инклюзия тегін болуы керек деп есеп­­тейді.

– Ата-аналарды жақсы түсінемін, сон­дық­тан бағасын көтермеуге, жан-жақты көмек­те­суге тырысамыз. Бір жыл ішінде бала­­лардың бойындағы өзгеріс­тің, оң нәти­женің бары анық байқалады. Әсі­ре­се тұрақ­ты келетін балалардың басым бөлі­гін­де ілгерілеу бар. Мүлдем сөйле­ме­ген балалар сөйлеп, әлеу­мет­теніп, тұрмыстық машық­тарды үйреніп келеді, – дейді Анар.

Кабинетіндегі мамандар үнемі білік­тілігін арттырып отырады. Өзі де оқып, тренинг, шеберлік сабақтарынан қал­мау­ға тырысады.

– Балама аутизм диагнозы қо­йылған. Сондықтан бұл мәселе маған жақсы таныс болғандықтан басқа ата-аналарға да кеңес бере­мін. Біздің ата-аналардың көп жағдайда балалар мүгедектігі, инклюзия туралы білімі аз. Негізгі түзету жұмыс­та­рынан бөлек, ата-аналармен де жұмыс жүргіземіз, – дейді ол.

Облыстық жастар саясаты мәсе­ле­лері жөніндегі басқарманың бас маманы Ұлан Омаров осындай инклюзиялық бағыттағы жобалардың грант иегері атану мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Өйткені мұндай ерекше жобалар қазіргі уақытта өзекті әрі сұранысқа ие. Биылғы конкурс жаңартылған форматта өткізіледі. Облыс әкімінің гранты ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, медиа, бизнес сынды бес бағытта беріледі.

– Конкурсқа 18-34 жастағы облыс тұр­ғын­дары қатыса алады. Қазір хабарла­­­сып, сұрап, біліп жатқандар бар. Былтырғы кон­курсқа 300-ден астам жоба ұсынылып, 50 жеңімпаз анық­талған болатын. Биыл да осынша грант иегері болады деп күтіп отырмыз. Грант алушылар арасында инклюзивті, өндірістік жобалар, тігін, шығармашылық, зият­керлік шеберханалар, техни­калық, медициналық, ауыл шаруа­шы­лығы бағыттары, қызмет көрсету, туризмді дамыту, басқа да қызмет бағыт­тарын атап өтуге болады. Жоба қажеттілігі, нәтижелі болу мүм­кіндігі, әлеуметтік ма­ңызы, басқа да критерийлерге қарай таң­далады, – дейді бас маман.

Облыс әкімінің гранты жастар кәсіп­кер­лігін қолдап, дамыту мақсатында 2005 жылдан бері беріліп келеді. Әуелде грант көлемі 500 мың, 1 млн теңге болса, қазір 2 млн теңгеге өсті. Мұнымен қоса, об­лыс­­тың қала мен аудан әкімдерінің гран­тына да конкурс ұйымдастырылады. Жеңім­паздарды арнайы бекітілген комиссия анықтайды. Жобаның жүзеге асырылуы арнайы мониторинг тобының бақылауында болады.

– Конкурс жеңімпаздарымен келісім жасалады. Олар бір жыл ішінде өздері ұсынған жобаны жүзеге асыруы керек. Бұл ерекше бақыланады. Конкурсқа кәсібін енді бастағысы келетін немесе ісін одан әрі жетілдіруді қалайтын жастар қатыса алады, – дейді Ұ.Омаров.

 

Қарағанды облысы