Суретті түсірген – Тишбек Хамитов
Салтанатты кешке өнер мен мәдениет қайраткерлері, әр жылдары Қарқаралыға ән-жырын арнаған ақын, сазгер мен жезтаңдай әншілер қатысты.
Алыс-жақыннан келген меймандарға, әнсүйер қауымға аудан әкімі Әділжан Арғынов құттықтау сөзін жеткізіп, лебізін білдірді.
Одан соң Мәди Бәпиұлының әйгілі әнімен аталған «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» ән жинағының тұсаукесер рәсімі жасалды. Қарқаралының 200 жылдық тойына ерекше тарту-таралғы болған ән жинақтың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, аудан басшысы Әділжан Арғынов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қарлығаш Құспанова, белгілі композитор Қанат Мерсалимов кесіп, алпыстан астам ән жинақталған топтамаға сәт сапар тіледі.
Сахнада елге кеңінен танылған әсем әндер шырқалды. Әдемі әуендер туған жерді тербеді, тыңдарман қауымның жүрегін тебірентті.
Дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі алыбы Жақсыгелді Кемалов бастаған Дәуренбек Әркенов, Сержан Мұсайын, Нұрлытаң Саятқызы, Сәрсен Әбішев, Азамат Амантайұлы сынды таланттардың әніне құлақ салды.
«Салтанат» ән-би ансамблінің, «Қарқаралы әуендері» ансамблінің, «Аңыз» хореографиялық би тобының, өнер мектебі өрендерінің, жергілікті өнерпаздардың бекзада өнеріне бек тәнті болып, қошемет білдірді.
Осылайша Арқаның інжу-маржаны атанған Қарқаралыға арналған әндер жинақталып, ел ішіне таралып, тарихқа айналды.
Қарағанды облысы