Жетісу жерінде шалғайдағы ауыл-аймақтарда да тұрғын үй салу жұмысы қызу жүріп жатыр. Солардың ішінде Кербұлақ ауданына қарасты Алтынемел ауылында 5 үй, Шанханай, Шұбар, Қаспан ауылдарының әрқайсысында 6 үйден пайдалануға берілді. Аудан әкімі Қанат Есболатов ауылдарға арнайы барып, жеке тұрғын үй кілттерін жаңа иелеріне табыстады.
Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, тұрғын үй кезегінде 1 603 адам тұр. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта бағдарлы жұмыстар жүйелі атқарылып келеді.
«Бүгінде Кербұлақ ауданына қарасты ауылдарда 100 жеке тұрғын үй салынып жатыр. Одан бөлек аудан орталығы Сарыөзек ауылында 60 пәтерлі екі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Тағы 60 пәтерлік бір үйді Республика күні қарсаңында қолданысқа бердік. Салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығы кезекте тұрған азаматтарға, соның ішінде тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға, үйлері апатты деп танылғандарға беріледі», дейді Кербұлақ аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақыткелді Қабидолда.
Ауылдардағы жаңа үйлер 3 бөлмеден тұрады. Әрқайсысының аумағы 77 шаршы метр. Үй ішінде тұрмысқа қажетті қолайлы жағдай толық қарастырылған. Жаңа қоныс қуанышына кенелген азаматтардың ішінде Қаспан аулының тұрғыны Гүлмира Жанатаева да бар.
«Қаспан аулында көрнекті, жаңа алты үй салынды. Соның бірі – бірінші топтағы мүгедектігі бар балама берілді. Үйдің іші, жайлы, кең, көңілімізден шықты. Осындай қуаныш баспанаға зәру азаматтарға жұғысты болсын, ұзағынан сүйіндірсін», дейді қаспандық тұрғын.
Талдықорған қаласындағы «Шығыс» шағын ауданында да 17 отбасына жаңа баспана берілді. Жаңа пәтерге ие болғандар қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне теңестірілген азаматтар бар. Баспаналы болып жатқан тұрғындарды қуаныштарымен құттықтауға қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков арнайы келіп, пәтер кілттерін табыс етті.
«Көптен күткен пәтерімді алып, риза болып жатырмыз. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасы ретінде кезекте тұрып, 10 жылдан аса уақыт күттік. Міне, сол күнге де жеттік. Халықтың жағдайына аса көңіл бөліп жатқан қала басшылығына аналық алғысымды айтамын», деді Альмира Закарьянова.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен он айда өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Талдықорғандағы пәтер кілті 5 жетім балаға, 4 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасына, 3 көпбалалы анаға, 2 толық емес отбасыларға, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 2 азаматқа, сондай-ақ әскери қызметін орындау кезінде қайтыс болған бір отбасына табысталды.
Жетісу облысы