Ілкімді жобасымен ерекшеленген мекен
Елена Степаненко Мамлют ауданына алдымен тағайындалып, сосын әкім сайлауы болғанда халықтың басым даусына ие болып, сайланған әкім. Биыл аудан экономикасына 12,8 млрд теңге тартылып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14 пайыз артық болды. Аудан диқандары гектар берекелігін 20 центнерден айналдырып, 263 мың тонна астық, 48 мың тонна майлы дақылдар жинады. «Агротехникалық талаптар орындалып, егіс алқаптарына 12 мың тонна минералдық тыңайтқыш себілді. Шаруашылықтар үкіметтің қолдауымен машина-трактор паркын 2,4 млрд теңгеге жаңартып, 126 жаңа техникалар алды», дейді аудан әкімі Е.Степаненко.
Бұл ауданда да тауарлы-сүт фермаларын тұрғызу қолға алынған. «Қызыләскер» ЖШС 2,2 млрд теңгеге 400 тұяқ симментал тұқымдас сиыр сауып, жылына 2 мың тоннадай сүт алатын ферманың құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ бірнеше ет, сүт өңдеу цехтары да іске қосылған. Мысалы, «Белое Агро» ЖШС абердин-ангус тұқымды сиырдың етінен жартылайфабрикаттар жасайды. «Ахитовка» кооперативі сүт өңдеп, ірімшік, йогурт, май шығаратын шағын зауыт ашуды жоспарлап отыр. «Ухов» ЖК 100 млн теңге несие алып, 2025 жылы балық өңдейтін цех ашуды қолға алмақшы.
Биыл аудандық маңызы бар «Сенжарка – Троицк – Николаевка – Ленин» автожолына 482,9 млн теңгеге ағымдық жөндеу жасалды. Сондай-ақ 129 млн теңгеге Мамлют қаласының 2,4 шақырымдық кентішілік жолдары жөнделді. Өкінішке қарай, Андреевка, Бексейіт, Меңкесер, Бостандық, Новомихайловка ауылдарының жолдарын жөндеуге 2023 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттарға (ЖСҚ) әлі күнге қаражат бөлінген жоқ. 2024 жылы 1,5 млрд теңге бөлуге тағы 5 автожолға ЖСҚ жасалған, бірақ қаражат бөлу мәселесі шешілмеген.
Аудан тұрғындарының таза ауызсумен қамтамасыз етілуі 86 пайызға орындалған. 2025 жылы Дубровный, Афонькино, Воскресеньевка, Михайловка Кранознаменка, Бексейіт ауылдарына таза ауызсу жеткізу жоспарланған.
Биылғы қыс маусымына отын барлық мектептер, басқа да бюджеттік мекемелер мен орталық қазандықтарға жеткізіліп, 8,9 мың тонна көмір үйілді. Жұмыс күші артық аймақтардан көшіру бағдарламасы аясында аудан аумағына құрамында 200 адамы бар 52 отбасы көшіп келді. Барлық отбасыларға бағдарламада белгіленген материалдық қолдаулар көрсетілді.
Ауданда 23 мектеп, 3 қосымша білім беру орындары бар. Биыл мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 311,3 млн теңге жұмсалған. Соның ішінде Дубровин, Покров мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Бостандық, Афонькин мектептерінің әрқайсысына 500 мың теңгеге ағымдағы жөндеулер жасалды. Мамлют қаласындағы қазақ мектеп-интернатына, Бостандық, Леденев, Менгесер, Афонькин мектептеріне барлығы 11,3 млн теңгенің құрал-жабдықтары сатып әперілді. 23 млн теңгеге үш мектеп интерактивтік кабинеттермен қамтамасыз етілді.
Мамлют ауданында 28 денсаулық сақтау орындары бар. Соның ішінде біреуі аудандық аурухана, 6 ФАП, 21 медициналық бекеттер. Биыл 113,5 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған. Ауданға жаңадан 4 дәрігер жұмысқа келген. Алайда әлі де 7 маман жетіспейді. Биыл Дубровный, Қызыләскер ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттерге 106,6 млн теңгеге күрделі жөндеулер жасалды.
Аудандағы мәдени ошақтарының 80 пайызы ескірген. Биыл соның төртеуіне күрделі жөндеу жасалды. Тағы бір мәдениет үйін жөндеудің ЖСҚ дайын. Биыл Мамлют қаласындағы «Юность» стадионының күрделі жөндеуден өтті. Аудандық, облыстық жарыстар өткізуге стадион сақадай сай тұр.
Кейбір агроқұрылым басшылары да мәдени-спорттық нысандар тұрғызуға көңіл бөледі. Мысалы, «Белое-агро» ЖШС Щучье ауылындағы бұрынғы ескі мектепті мәдени демалыс орнына айналдырды. «Андреевка СК» мен «Сенім» ЖШС бірігіп, Андреевка, Бостандық ауылдарына 50 млн теңгеге шағын футбол алаңдарын салды.
Аққайыңның табысты тірлігі
«Аққайың ауданының экономикасына биылғы 10 айда құйылған инвестиция көлемі 13,4 млрд теңге, жылдың аяғына дейін ол 15,5 млрд теңгеге жетуге тиіс», дейді аудан әкімі Жанар Құсайын. Аудан диқандары биыл гектарынан 24 центнерден өнім жинап, барлығы 409 мың тонна астық, гектар берекелігін 14,3 центнерге жеткізіп, 43 мың тонна майлы дақыл алған. Жем-шөп көлемін 162,1 мың тоннаға жеткізіп, бір жарым жылдық қор үйген. Тиянақты шаруашылықтар Үкіметтің қолдауын орынды пайдаланып, биыл 6,1 млрд теңгеге 157 дана жаңа техника сатып алған.
Мал шаруашылығы саласында ауданда үш инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Қиялы ауылындағы «Гагарино» ЖШС 1,5 млрд теңгеге 400 тұяқ сиыр сауылатын тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізіп жатса, Власовка ауылында «Гердт» ШҚ бұрынғы ТСФ-ны 400 тұяққа, ал «Кедр» ШҚ бұрынғы ТСФ-ны 200 тұяққа кеңейту жобаларын қолға алған. «Леонов» ШҚ 2 млрд теңгеге 400 тұяқ сиыр сауылатын ТСФ құрылысын салып жатыр. «Полтавка» ЖШС 6 млрд теңгеге глютенсіз үлпек шығару мүмкіндігі бар дәнді дақылдарды өңдеу зауытын, «Астрахан» ЖШС 400 тұяқ, «Бейбарыс Аққайың» ЖШС 200 тұяқ ақбас тұқымды бордақылау алаңдарын салуды жоспарлап отыр.
Ауданның өнеркәсібі қалыпты дамып келеді. Жыл басынан бергі 10 айда 8,1 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылды. Биыл «Северный бройлер» құс фабрикасы сағатына 5 тонна өнім шығара алатын жемазық зауытының құрылысын аяқтады. Қуаттылығы жылына 41 мың жұмыртқа шығаратын инкубатор тұрғызды. Тоқшын ауылында фанер шығару ісі қолға алынып жатыр, ал «Дайындық агро» ЖШС майлы дақылдар өңдейтін, қуаттылығы тәулігіне 7 тонна цех салуды жоспарлап отыр.
Аудан аумағында 2 620 оқушыны қамтыған 26 мектеп бар. Қазан айында жалпы білім пәндері бойынша жарияланған облыстық конкурста 11 жобаның ішінен аудан мектептері 8 жоба жөнінен үздіктер қатарынан көрінді. «Қазақстан халқына» қорының бастамасымен аудан орталығы Смирнов ауылындағы мектеп-гимназияға 250 млн теңгеге жаңа құрал-жабдықтар сатып әперілді. Сонымен бірге 25,1 млн теңгеге 3 пән кабинеті жасақталды.
Смирнов ауылында 58 орындық аудандық аурухана бар. 250 адам қабылдайтын емхана, 4 амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт бар. Биыл кардиолог, сәулелік диагностика мамандары жұмысқа алынды. Туберкулез індетін уақтылы анықтау үшін тұрғындар жыл сайын флюорографияға түсіп тұрады. Ауданға невропатолог, онколог мамандар жетіспейді.
Аудан тұрғындарының 42 пайызы спортпен айналысады. Балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебінде 440 адам спорттың 13 түрімен шұғылданады. Биыл Дайындық ауылында 200 млн теңгеге спорт кешені құрылысын салу басталды. 2025 жылы аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 384,0 млн теңгеге хоккей корты салынады.
Таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде 99,9 пайыз орындалған. 31 ауылдық елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Биыл 3,6 млрд теңгеге Смирнов ауылындағы су жеткізу жүйесін жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр. Қиялы, Камышлово, Кучковка ауылдарында таза су сақтайтын резервуарлар салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.
Биыл аудандық маңызы бар 17 шақырым жолдарды орташа жөндеуге 813 млн теңге бөлініп, игерілді. Тоқшын, Власовка, Тюмен, Көктерек ауылының кіреберіс жолдарын жөндеуге 290 млн теңге бөлінді. Смирнов ауылының 6 кентішілік жолдары 150 млн теңгеге жөнделді. Енді Смирнов ауылын айналып өтетін жолдарды жөндеу қолға алынады. Бұған 510 млн теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде Қиялы, Ленин, Трудовой ауылдарының кентішілік жолдары 260 млн теңгеге жөнделген.
Аудандық маңызы бар «Смирнов – Черкасский – Новороссийский» жолын ағымдық жөндеу жұмыстарының техникалық құжаттамасы жасалған. Оған 1,3 млрд теңге сұралып отыр. Сондай-ақ аудан орталығының жеті көшесі жөнделмек.
Солтүстік Қазақстан облысы