Digital • 03 Желтоқсан, 2024

Жемқорлықтан жирендіретін компьютерлік ойын

52 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысының оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойын жасап шығарды. Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрәли Амангелдиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын әзірледі. Жас өнертапқыштың бұл еңбегі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған.

Жемқорлықтан жирендіретін компьютерлік ойын

Нұрәлидің айтуынша, ойын­ның басты мақсаты – жасөс­пірім­дерге жемқорлықтың зиянын тү­сіндіру әрі оған қарсы тұру мә­де­ниетін қалыптастыру. Ол осы ар­қылы мектеп оқушыларын адал­дық пен әділдікке баулуды көздейді.

Ойын сюжеті танымал эпос­тық кейіпкер Алпамыс батырдың бей­несіне негізделген. Алпамыс түр­лі сынақтан өтіп, әділдік пен парасаттылықты сақтап, жем­қорлыққа қарсы тұрады. Әрбір деңгейде ойыншы өзі­нің адал әрекеттері арқылы ғана жеңіс­ке жете алады. Ойын квест форматында жасалған. Ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді сот, прокурор, мемлекеттік қызметшілердің қай­сысына қатысты жүргізетінін де өзі шешеді. Ең басты мақсат – жемқорлықты әшкерелеу.

Оқушының бұл жобасы мұғалімдер мен сыныптастары арасында қызығушылық тудырып, үлкен қолдауға ие болды. Жезкент мектеп-лицейінің әкім­шілігі де Нұрәлидің бастамасын жоғары бағалап, оның жобасын әрі қарай жетілдіруіне жағдай жасауды жос­парлап отыр. Қа­зіргі уақытта ойын мектепте құ­қық негіздері сабағында тә­жірибе жұмысы ретінде ен­гізілген. Мұғалімдер мұндай әдісті оқу­шылардың құқықтық білі­мін арттыру, жем­қор­лыққа қарсы мәдениетін қа­лыптастыру тұрғысынан тиімді деп бағалап отыр.

Нұралидің айтуынша, ойын­ның рухани мазмұнына ерекше назар аударылған. Жоба авторы алдағы уақытта әр дең­гей­ге Абайдың қарасөздерін енгізіп, тәрбиелік маңызын арттыруды да көздеп отыр. Сонымен қатар ол ойынның мобильді нұсқасын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынуды жос­парлап отырғанын айтты.

«Ойын еліміздегі нақты оқиға­ларға негізделген көркем роман форматында жасалған. Әр эпизодта Қылмыстық кодекске түсін­дір­ме беріліп, оқушылардың құ­қық­­тық сауаты арттырылады. Ал ойын соңында көп ұпай жина­ған ойыншы жеңімпаз атанады», дейді Нұрәли.

Айта кетейік, жас өнертапқыш жобаны дамытуға былтыр І рес­пуб­­ликалық сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жобалар бай­қауын­да жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын жұмсаған. Сол ар­қылы ойынның техникалық мүм­кін­дігін жақсартып, оның көпке қолжетімді болуына мүм­кін­дік жасаған.

Қоғамдағы жемқорлыққа қар­ы күрес мәселесі – күн тәр­тібінен түспейтін өзекті тақы­рып. Нұрәлидің ойыны осы бағытта жасалған игі қадам­дар­дың бірі деуге болады. Бола­ша­ғынан үлкен үміт күтті­ретін оқушы жобасы танымал болып, қоғамды өзгертуге үлес қосса екен дейді.