Білім • 03 Желтоқсан, 2024

Ауыл өрендері грант иеленді

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл балалары олимпиадасы аяқталды. Елордада елді мекендерде орна­лас­қан мектептердің оқушылары арасында жаратылыстану-мате­ма­тика бағытындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анық­тал­ды. Қорытындылау жиынына Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, педа­гогтер, білім бәйгесінің жүлдегерлері мен ата-аналар қатысты.

Ауыл өрендері грант иеленді

Министрлік ақпаратына сүйенсек, ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы респуб­ли­калық олимпиада осымен екінші рет өткізіліп отыр. Жақында сол II рес­пуб­ликалық олимпиаданың нәтижесі шыға­рылды. Қорытынды кезеңге 486 оқу­шы қатысып, оның ішінде 221 оқушы жеңім­паз атанды. Бұл балалар – еліміздің ең шал­ғай аймақтарынан келген білім алушылар.

Марапаттау рәсіміне қатысып, жүлде­гер­лерді жеңісімен құттықтаған Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатов олимпиаданың бірінші кезеңінен өткен қатысушылардың қатары көбейіп келе жатқанын жеткізді.

«Оқу-ағарту министрлігі ауыл мек­теп­терінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақ­са­тында республикалық олимпиаданы екінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Егер былтыр олимпиаданың бірін­ші кезеңіне 78 мың оқушы қатысса, биыл олардың саны 113 мыңнан асты. Бұл ауыл оқушыларының зияткерлік жа­рыс­тарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын, республикалық олим­пиаданың мәртебесі жоғары екенін көрсетеді. Баршаңызды жетістік­те­ріңізбен құттықтаймын және білім жолында жаңа табыс тілеймін!» деді комитет төрағасы.

Павлодар облысынан келген Имран Құсайынов пен Қызылорда облысы­нан бақ сынаған Төре Балтабаев «Олим­пиа­да­ның ең жас қатысушысы» аталымы бойынша дипломдармен марапатталды. Дарындылар додасының ең жас қатысушысы Төре Балтабаев жарыс тура­лы өз ойын: «Мен 6-сыныпта оқимын, бірақ олимпиадаға 9-сыныптың бағ­дарламасымен қатысамын. Біздің елде білім алып, ғылыммен айналысуға мүм­кіндік көп. Мемлекетіміз талантты балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз үшін олимпиадалар, байқаулар ұйым­дас­тырылады, ал үздіктер халықаралық жарыстарға жіберіледі. Мен де олимпиа­далық резервтің бір бөлігі болуды, білі­мім­ді одан әрі жетілдіріп, бір күні елім үшін алтын медаль ұтып алуды армандаймын», деп жеткізді.

«Үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша I дәрежелі диплом­дарды Қызылорда, Түркістан және Маң­ғыстау облыстарының құрама командалары иеленді. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 8 ректорлық гранты табысталды, тарқатып айтқанда, 6 грант – SDU-дан, 2 грант – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университетінен келген қатысушыларға тағайындалды. Сондай-ақ математика, физика және информатика пәндерінен I дәрежелі диплом иегерлері – 9–10-сынып оқу­шы­ларына Алматы қаласындағы Рес­публикалық физика-математика мек­те­бін­де 2025–2026 оқу жылында білім алуға грант берілді.

Министрліктің дерегіне қарағанда, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада барлығы 221 медаль сарапқа салынды, мұның 117-сі – қола, 62-сі – күміс және 42-сі – алтын медаль. Аталған білім бәйгесі 13 пән бойынша өтеді, жаратылыстану-математика және қоғамдық-гумани­тар­лық бағыттарды қамтиды, үш кезеңнен тұрады. Мектеп кезеңіне 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынады, ал финалға 1000-ға жуық оқушы шықты. Соның ішінде 486 оқушы жаратылыстану-математика бағытындағы олимпиадаға қатысты, ал 450 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша олимпиадаға қатысады. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша олимпиада 10–14 желтоқсан ара­лы­ғын­да Астанада өтеді.

Айта кетейік, олимпиаданың қоры­тынды кезеңіне қатысқан барлық оқушы «Дарын» республикалық сырттай мек­те­бі­не қабылданады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылғы наурыз айында өтетін жалпы білім беретін пәндер бо­йын­ша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатысады.