Ғылым • 03 Желтоқсан, 2024

Ғылыми зерттеу еңбектері коммерциялануға тиіс

77 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді. Атқарылған жұмыстар туралы есеп тыңдалып, одан әрі даму жоспарлары қаралды.

Ғылыми зерттеу еңбектері коммерциялануға тиіс

NU президенті Вакар Ахмад университет Орталық Азия ай­мағындағы жетекші жоғары білім беру, зерттеу және инновация мекемелерінің бірі екенін айтты. 2011 жылдан бастап 360-қа жуық ғылыми жоба, 9 мыңнан астам жарияланым, 500-ден астам стартап ұсынылды.

Орта білім беруді дамыту мәсе­лелері жөнінде НЗМ басқарма төр­ағасы Әнуар Жанғозин сөз сөй­леді. Бүгінгі таңда «Ауылдық жер­лердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында НЗМ қол­дауымен 135 өңірлік білім беру ұйым­дары қамтылды, 583 маман даяр­ланды, олар кейіннен ауыл мек­теп­терінің директоры болды. Ке­ле­сі жылы ауылдарда тағы 200 ті­рек мек­тепті дамыту жоспарланып отыр.

Қамқоршылық кеңестің төр­ағасы мен мүшелері күн тәртібін ес­­кере отырып, білім беру сапа­сын арттыру, әкімшілік және бюд­жеттік үдерістерді жетілдіру жөнін­де­гі NU мен НЗМ жоспарларына қатыс­ты бірқатар мәселені айтты.

Назарбаев университеті жанындағы технопаркке барған кезде Премьер-министр ЖОО зерт­теушілері іске асыратын және ғылыми шешімдерді коммер­цияландыруға бағытталған ден­саулық сақтау, жасанды интеллект, тау-кен металлургия салаларын дамыту салаларындағы озық ғылыми әзірлемелермен танысты.

Премьер-министрге бүгінгі таңда ауданы 3 мың шаршы метр технопарк аумағында 32 отандық компания, тәжірибелік-эксперименттік цех, цифрлық прототиптеу зертханасы жұмыс істейтіні, арнайы экономикалық аймақ режімінің мүмкіндіктері берілетіні баяндалды. Ғылыми жобалардың басшылары индуст­рия­лық серіктестермен бірлесіп өз өнімдерін көрсетті және Премьер-министрдің әзірлемелерді коммерцияландыру мен ілгерілету бойынша бұған дейін қойған міндеттеріне қол жеткізу әрекет­тері туралы хабарлады.

Әр жоба технологиялардың дайындық деңгейіне сәйкес TRL шкаласы бойынша 0-ден 9-ға дейінгі баллмен бағаланады.

Оқушылардың цифрлық дағ­дыларын дамытуға бағытталған отандық Codiplay стартап-жобасы қазіргі уақытта Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Түркия, Әзербайжанды қоса алғанда, 10 елдегі 450-ден астам оқу орындарын қамтиды. Еліміз­дің мектептерінде технология­ны енгізу бойынша жұмыс жүр­гізілуде. Жыл соңына дейін Түркіс­тан облысының 10 білім беру ұйымы Codiplay экожүйесіне қосылып, кейіннен 2025 жылы тағы 60 мекемеге, оның ішінде Ақтөбе және Қарағанды облыстарында кеңейтілетін болады. Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мектептерде Codiplay әзірлемелерін белсенді енгізуді тапсырды.

«Smartview Innovation» ЖШС стартапы пайдалы қазбаларды өндіру тиімділігін арттыруға бағыт­­талған. Жаңа технология жұ­­мыс күшін 90%-ға дейін үнем­­деуге мүмкіндік береді, қызмет­кер­лердің қауіпсіздік шараларын 80%-ға, аппаратшылардың жұ­мыс тиімділігін 50%-ға арттыра­ды. Премьер-министрге қазір­гі уақытта қанатқақты жоба Түркістан облысында «Central Asia Mining Co»-мен бірге жүзеге асырылып жатқаны, қосымша серіктес іздестірілуде екені айтылды. Стартапты Ресей, Канада, Аустралия және АҚШ сияқты халықаралық нарықтарға кеңейту жоспарланып отыр.

«IHT Central Asia» жобасы медициналық бұйымдарды әзірлеуге және өндіруге маман­данған. Қазақ-испан кәсіпор­ны биыл 4 мыңнан астам өнім түрін шығарды, олардың ішінде мио­кард инфарктісі мен жүректің ишемиялық ауруын емдеу кезінде көмектесетін коронарлық стенттер мен катетерлер бар. Компания технопаркпен бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер орталығын ашу, отандық тігін материалын өндіру фабрикасын іске қосу және «СК-Фармациямен» ынтымақтастық­ты кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазі­ргі уақытта кәсіпорын өз өнім­д­ерін Қырғызстанға экспорттайды, одан бөлек 7 елге шығу­ды жоспарлап отыр. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне отандық өндіру­шілерге жәрдемдесу үшін «СК-Фармация» және Дәрілік заттар­ды сараптаудың ұлттық орталы­ғы­мен жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігінің алдына отандық тауар өндірушілерді экспорттық қолдау шараларымен қамтуды кеңейту міндеті қойылды.

Премьер-министрге тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалту үшін экзоқаң­­қалар өндірісін іске қосу, клини­каға дейінгі кезеңде донорлық органды ұзақ мерзімді тасымалдау жүйесін, қатерлі ісікке қарсы жаңа препаратты әзірлеу бойынша жобалар таныстырылды.

Трансплантология саласын­дағы жоба бойынша О.Бектенов ел тұрғындары арасында өсіп келе жатқан қажеттілікті ескере отырып, қазіргі заманғы медицинаның барлық талаптарына сай болған жағдайда сертификат алу рәсімін жеделдетуді тапсырды. «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя әзірлеудің бірегейлігі оқшауланған органды 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтап қана қой­май, оның жай-күйін емдеу­ді, бақылауды жүзеге асыру мүмкін­дігінде, атап айтқанда, дәрігер­лерге ультрадыбыстық, тамыр­ішілік зерттеулер сияқты рәсімдер қолжетімді болатынына тоқталды.

Су ресурстарын басқаруда жасанды интеллектіні пайдалану, металдарды терең өңдеу саласын­дағы бірқатар жоба бо­йынша бүгінгі таңда индустрия­лық серіктестерді анықтау үшін келіссөз жүргізілуде, өндірістерді дамыту бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар Премьер-министрге ақпараттық технологиялар, медицина, роботтехника, жасанды интеллект, энергетика, білім беру салаларындағы ком­мерциялық әлеуеті бар 10 жаңа әзірлеме таныстырылды.

О.Бектенов Үкіметтің эконо­ми­ка­ны дамытуға және халық­тың тұрмыс сапасын жақсарту­ға бағытталған озық жобаларды қол­дайтынын атап өтті. ЖОО бас­шы­лығы мен мүдделі мемлекеттік ор­ган­дар басшыларының алдына ғылым мен өндірісті интеграциялау, өткізу мен экспортқа бағыттау бойынша міндеттер қойылды.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында университеттердің экономиканың нақты секторымен байланысын күшейту қажеттігін атап өтті. Біз танысқан ғылыми әзірлемелердің табыс­ты бизнес-жобаларға айналу перспекти­валары зор. Біз үшін инновация­лық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үндестіру маңызды. Біз ғылыми зерттеу жобаларын ынталандыру үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың коммерциялануына ықпал етуіміз керек. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту­ға және жоғары технология­лық салалардың дамуына серпін береді», деп атап өтті О.Бектенов.