Оқиға • 03 Желтоқсан, 2024

Шымкентте шенеуніктер 1,1 миллиард теңгеден астам ақша ұрлаған

113 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен алынған 358 миллион теңгеден астам қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте шенеуніктер 1,1 миллиард теңгеден астам ақша ұрлаған

Фото: Ашық дереккөз

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірдің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.

Сонымен қатар, күдіктілер лауазымды адамдар ұрланған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынған.

«Параллельді қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды», делінген хабарламада.

Нәтижесінде сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған.