Бүгінде белсенді алматылықтар мегаполистің көрнекті орындарының бірі – Баум тоғайында жиналды. Экологиялық акцияға 80-нен астам адам қатысты. Олар саябақ аймағын қоқыстан тазартып қана қоймай, қоршаған ортаға қамқорлық танытудың үлгісін көрсетті. Акция барысында 300 қап қоқыс жиналды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы табиғатқа тұтынушылық көзқарасқа қарсы азаматтарды біріктіреді. Бұл бастама қоршаған ортаны сақтау мәселесіне назар аударуға, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», деді «Медеу» табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Ұзақ Жамбылұлы.
Бұл іс-шара қоғам экологиялық мәселелерді шешу үшін біріге алатынын көрсетті. Акцияға қатысушылар арасында белгілі мәдениет қайраткерлері де болды. Олар қала тұрғындарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен қауіпсіз болашағына жасалған маңызды қадам. Әр тұрғын бұл іске үлес қосуы керек. Бұл өзіміз, табиғатымыз және келешек ұрпақ үшін қажет. Біз өз үлгімізбен табиғатты сақтау мен тазалықты қорғау мәселесіне назар аудартқымыз келеді. Табиғатқа ұқыпты қараңыздар, - деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актрисасы Алма Аманжолова.
Алматылықтар мен қала қонақтары қаланың көшелері мен саябақтарының айтарлықтай таза болғанын атап өтті. Әрине, тазартуды қажет ететін жеке учаскелер бар, бірақ жалпы алғанда қалалық қызметтің жұмысы көрініп-ақ тұр.
«Мен осы маңда тұрамын, сүйікті орнымыздың әрдайым тазартылатынын көремін. Әр жастағы тұрғындардың бей-жай қарамай, пайдалы акцияларға қатысатыны қуантады. Қалаға қамқорлық жасалып жатыр, көшелер мен аулалар таза, жинақы болып қалған. Әрине, бәрі бірден мінсіз болмайды, өйткені бұл ірі қала. Өкінішке қарай, тұрғындардың өздері жиі қоқыс тастайды. Ең бастысы, қала әкімі Алматыны таза және жинақы ету мақсатын қойды, бұл істе бәріміздің қатысуымыз қажет», деп жергілікті тұрғын Алмагүл ойын айтты.
Еске салайық, Тазалық апталығы аясында қаланың коммуналдық қызметі суық пен қардың жаууына дайындықты аяқтады. Қысқы уақытта қалаға қызмет көрсету үшін 841 бірлік техника мен 1400 жұмысшы жұмылдырылды. «Алматы тазалық» МКК автопаркі жұмысты тиімді жүргізу үшін 32 заманауи машинамен толықты. Жалпы аумағы 25,1 млн шаршы метр, ұзындығы 2 777 км болатын 2 318 көше тазартылды. Көше-жол желісін жинауға 10 мердігер ұйым жауапты.
Арық желісінің ұзындығы 1 525 км болатын бөлігі тазартуға ерекше назар аударылды. Күніне шамамен 160 текше метр пластик пен жапырақтар сияқты қоқыс шығарылады.
ТОО «Eco Almaty» Алматы қаласы аумағында ұзындығы 19,2 км болатын су арналарының тазарту жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде, Үлкен Алматы өзенінің әл-Фараби даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігі және Д.Қонаев атындағы ҮАК арналары тазартылды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жаңа ережелерге сәйкес 2 мыңға жуық кәсіпкер абаттандыру паспорттарына қол қойды. Бұл шаралар алматылықтар мен қала қонақтары үшін қолайлы, қауіпсіз және экологиялық таза орта құру стратегиясының бір бөлігі екенін көрсетеді.