Сурет: massaget.kz
Адам санасы алып бір қойма десек, сол қоймаға кірмеген қаншама ғылым-білім шоғыры бар десеңші. Мұхит қасында тұрып, бір тамшы суын құмырасына құйып мәз болған жолаушы секілді біздің тірлік. Ал өмір бойы өзін іздеуден жалықпаған дегдар Кафканың «Достық» әңгімесі адам санасының жалқаулығын мысқылға айналдырады. «Біз бес дос едік, бір күні бәріміз үйден шықтық, алдымен біріншісі шығып есік алдында тұрды. Сосын жеңіл шар секілді біріміз қарғып шықтық, алдыңғысының қасына барып ол тұрды. Сосын үшіншісі, төртіншісі, бесіншісі. Ақыры бәріміз ретке келдік.» Әңгімеде аталған бес адам ымыраласып өмір сүріп жатады. Алайда бір күні алтыншы адам бұларға қосылмақ ниетін танытады. «Содан бері бәріміз бірге өмір кешіп жүр едік, алтыншысы келіп килікпегенде тату-тәтті-ақ едік. Ол бізге ешнәрсе де жасамайды, бірақ өзінен-өзі ауырлық тудырады, зиян шектіреді. Егер онымен сырымызды бөліскіміз келмесе, бізге себепсіз неге байланады? Оны анық білмейміз де, өзімізге қабылдағымыз да келмейді».
Ғылымнан білетініміздей, дене мүшелеріміз түгел басқарылғанымен, ми өзінше өмір сүруге бейім. Тіпті кейде өзді-өзінен сарсаңға салынып немесе жаңа дүниелерді қабылдауға жалқаулық танытады. Әлдебір досымыз айтқандай, жаңа кітап оқу үстінде адамның ұйқысы келуі, жаңа тіл үйренуге кіріскенде есінеудің көбеюі, сылтау іздеуге тырысу, бәрі де мидың асқан жалқаулығына дәлел. Жалпы, екі қолға бір күрек алуға, қап арқалап қара жұмыс істеуге адам ерінбеуі мүмкін, бірақ ми еріншектігін жеңетіндер, оны ғылымға жектіретіндер сирек. Кафка дүниені танымай бейғам өмір сүрген миллиондаған еріншек саналарды мысқылға алып, ескішілдікті сынайды. «Бесеуіміз, расында, бір-бірімізді танып білмедік, білмесек те өз-өзімізге жетіп артыламыз, бір-бірімізге шыдас береміз, ал алтыншы адам бізге артықтық етеді, әрі оған төзе алмас та едік. Үздіксіз бірге жүруімізде жалпы қандай мән бар десек, мұнда тағы ой жоқ, бірақ бәрібір бірге боламыз, өмір тәжірбиемізді негізге ала отырып, ортамызға жаңа адамды қосуды қаламаймыз. Мұның бәрін алтыншыға қалай ұқтырсақ екен, ұзақ түсіндірме жұмысы ортамызға жайсыздық әкелері даусыз».
Жаңа нәрсе қашан да әуелі қарсылыққа ұшырайды. Неге десек, ұйқықұмар саналарға әр жаңалық бөтен болып сезіледі, тіпті ызасын туғызады. Ал қай сала да эволюциясыз алға қарыштамайтыны анық. Қоғам жаңармай тұрмайды. Кафка айтқандай, «қанша рет келсе де шынтағымызбен кері итереміз, бірақ қанша кері итерсек те, ол бізге қайтып келе береді».