Ғылым • 04 Желтоқсан, 2024

Отандық медицинаны ілгерілеткен ғылыми жаңалықтар

61 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекетке аза­маттардың өмірі басты орын­да тұрады. Сол себепті де қай елде болсын денсаулық сақ­тау жүйесі үлкен маңызға ие. Ал қандай да бір сала зерде­леп, зерттеусіз дамымайды. Өйт­кені барлық жаңалық пен ашы­лудың бастау бұлағы – ғы­лым. Осы орайда біз соңғы уақыт­та ғалымдарымыз қол жеткіз­ген отандық медицинаны ілгері­летер ғылыми жетістіктерге тоқталғанды жөн көрдік.

Отандық медицинаны ілгерілеткен ғылыми жаңалықтар

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қатерлі ісікке қарсы препарат

Ұлттық Ғылым академиясы­ның вице-президенті, Назарбаев университеті (NU) биология профессоры Дос Сарбасов қатерлі ісік­ке қарсы препаратты әзірлеп жатыр. Ғалымның аталған дәріні дайындау барысы туралы баян­дауына қарағанда, препаратты бірінші рет қабылдағаннан кейін науқастардың жағдайы тұрақ­танды, кейбірінде ісіктің өсуі тоқ­тады, ал біреуінде тіпті азайған.

«Біз 2022–2023 жылдары рұқ­сат құжат­тарын алып, қа­тер­лі ісікке қарсы аппаратты сы­нақтан өткізе бастадық. Клини­калық сынақтың 1 және 2-кезеңдерін өткіздік. Қазір жоғары дозаны алуға қол жеткіздік. Сы­нақ­тар Қазақ онкология және ра­диология институтында өткізі­ліп жатыр. Біз глюкозаны сіңі­ре­тін қатерлі ісік жасушаларын жоя­мыз. Халықаралық патен­тіміз бар. Бақылау тобында бол­ған 5 па­циенттің жағдайын тұрақ­танды­руға әсер етті. Ісік өскен жоқ, бір науқаста ісік тіпті 30%-ға азайды. Істі соңына дейін жет­кі­зіп, 2-3 жыл ішінде жобаны аяқтауымыз керек», деді Д.Сарбасов.

 

Жүректі емдеуге арналған катетер

Елімізде миокард инфарк­тісі мен жү­ректің ишемиялық ауруын емдеуге арнал­ған катетерлер шығарылады. Өнім ав­тор­ла­рының айтуынша, Орталық Азияда осы катетерлердің баламасы жоқ. Мұндай меди­циналық құралды хирургтердің идеяла­рын коммерцияландыру орталығының мамандары әзірлеп жатыр. Аталған орталық Астанадағы NU технопаркінің аумағын­да «Galamat Group» холдингінің қолдауы­мен ашылмақ. Қазақ­станға медициналық тауарларды жеткізумен айналысатын холдинг коронарлық стенттер мен баллон­дар шығарумен де айналысады.

«Біз миокард инфарктісі мен жүректің ишемиялық ауруын емдеуге көмектесетін арнайы катетерлер шығарамыз. Бұл – өте күрделі, Орталық Азия аумағында теңдесі жоқ технология. Қазір біз стенттеу бойынша операциялық бөлмелері бар барлық клиникаға жеткіземіз. Өнімді Орталық Азия мен Моңғолия сынды 7 елге экспорттауды жоспарлап отырмыз. Қазір біз 27 емханамен жұмыс істеп отырмыз. Технологияны Испания тарапы технологиялар трансферті шартымен берді. Біз локализацияны 3 кезеңге бөл­дік, қазір өндірістің бірін­ші кезеңі жүріп жатыр. Ақ­пан айында хирургтердің идея­ларын коммерцияландыру орталығын ашамыз. Та­лантты дәрігерлердің идеяларын бірқатар кли­­ни­калық сынақтар арқылы про­­тотипке жеткізгіміз келеді», деді «Galamat Group» басшысы Сейітжан Сыпабеков. 

 

Инсульттен кейін оңалтатын экзоқаңқа

Жүруді оңалтуға арналған аппараттар өндірісі жөніндегі стартаптың директоры Шың­­ғыс Дәулетбаев еліміздегі ғы­лы­­ми ортада инновация­лық шешімдер жасау­дың бар­лық алғышарты бар екенін жеткізді.

«Біздің экзоқаңқа арнайы техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Нәтижесінде, өнім елімізде медициналық техни­ка ретінде тіркеледі. Біз ауру­ханалармен, жекеменшік кли­ни­ка­лармен ұзақмерзімді келісім­­шарт жасай аламыз. Өнім инсульттен аман қалған адамдарға қажет. Кейбір зерттеулер мен сынақтардан кейін экзоқаңқа­ның балалардағы церебральды сал ауруы­на көмек­тесетінін білдік. Жаяу жүрудің жақсарғанына көзіміз жетті. Мен шетелдік баламалар үшін артық төлемей-ақ елімізде осындай аппаратты өндіріп, адам­дарға қажетті ем бергенімізді қалаймын. Ғылы­ми нәти­же­лер­ді коммерцияландыру, бола­шақ­та бізге түрлі салаларда инно­ва­ция­лық озық шешімдерді қалып­тас­тыра ала­тын осындай ғылыми ортаны құруға кө­мек­теседі», деді Ш.Дәулетбаев.

 

Адам ағзасын ауыстыруға арналған құрылғы

Елімізде «University Me­di­cal Center»-дегі отандық кар­дио­­хирургтер ұжымы адам ағ­за­­сын денесінен бөлек сақтап, кейін­нен трансплантациялау үшін инновациялық құрылғы әзірленіп отыр. Бұл трансплантация нәтижелерін айтарлықтай жақсарта алады. Жоба аясында мамандар соғып тұрған жүрек­ті, жұмыс істеп тұрған өкпе мен бауырды сақтау үшін техноло­гияларды жасап жатыр. Бола­шақ­та бүйректі де солай сақтау жоспарланған. Ағзаны өміршең күйде кем дегенде 24 сағат сақтау­ға болады.

«University Medical Center» корпора­тивтік қоры «Кардио­хирургия» клиникалық академия­лық департаментінің директоры Тимур Лесбеков: «Жүректі сақтау үшін біздің топ 29 сағат ішінде қауіпсіз және тиімді жұмыс істеуге болатынын дәлелдеді. Содан кейін сәтті трансплантация жасалды. Қазіргі уақытта әлемде бір ғана балама бар. Бұл – америкалық «TransMedics» компаниясының OCS жүйесі. Құрыл­ғымыздың америкалық бала­ма­­дан айырмашылығы – біз­дің жүйеде ағзаны адам денесі­нен бөлек алып емдеудің барлық кезеңі қарастырылған және біз ағзаны ультрадыбыстық, тамырішілік артериялық зерттеу жүргізу арқылы емдей аламыз, бағалай аламыз. Бұл жүректі нәрлендіреді, осылайша реципиенттің ағзаға ие болуын қамтамасыз етеді, трансплантациядан бас тарту немесе ағзаның әрекетсіздік қаупі жоқ әрі ең бас­тысы қауіпсіз», деп түсіндірді.

«University Medical Center» корпо­ративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя әріптестері әзірлеген инновациялық құрыл­ғыны адам ағзаларын ғана емес, жа­нуарлардың да ағзасын сақтау­да қолдануға болатынын айтты.

«Ағзаны 24 сағаттан артық сақтай алсаңыз, оны емдеуге және генетикалық деңгейде өзгертуге болады. Яғни бұл – алдында жануарлардың ағзасында болған дене мүшелерін адам игілігі үшін пайдалану үшін өзгерту деген сөз. Мұндай жаңалық трансплантация және донорлық мәселелерді айтарлықтай өзгертеді. Біз қазір жануарларды сынау кезеңін аяқтадық. Келесі жылдың басында осы құрылғыға толық қол жеткізгеннен кейін клиникалық сынақтарды бастаймыз. Менің ойымша, бұл бағдарламаны Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де дамыту болашағы бар», деді Ю.Пя.