Құқық • 06 Желтоқсан, 2024

Жасөспірімге ішімдік сатқан жазаланады

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел ертеңі саналатын жастар мен жасөспірімдерге билік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазіргі кезде еліміздің барлық қиырында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі ондаған білім беру мекемелері бой көтерді. Кәмелет жасына толмағандардың саламатты өмір салтын ұстануына да қолдан келгенше мүмкіндік қарастырылған.

Жасөспірімге ішімдік сатқан жазаланады

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ел билігі мен жергілікті атқа­рушы билік тарапынан жасөс­пірімдердің қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында түрлі іс-ша­ралар қолға алынғанына қара­мастан, жүгенсіз кеткен жас­тардың қарасы тыйылмай тұр. Білім ұйымдарымен қатар, бала тәрбиесінде ата-ананың да жауапкершілігі зор. Бірақ кейде жанарында от ойнаған жасөспірімдерді уысымыздан шығарып алатынымыз белгілі. Түн қатып көше кезген балалар расында не бүлдіріп жүр?

Облыстық полиция депар­таментінің басшысы Бақыт­жан Малыбаевтың кәмелетке тол­­ма­ған­дар ісі жөніндегі инспекторлармен және учаскелік полиция инспекторларымен өткізген кездесуінде біраз дерек­тің беті ашылды. Басқасын былай қойғанда, баланың жасына қа­тысты деректі тексермей, оларға алгогольдік ішімдікті саудалайтын дүкен иелері де аз емес екен.

Бізге жеткен дерекке жүгінсек, қара түнде қанатын еркін қаққан жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлер жетіп артылады. Осы жылдың он айында жаөспірімдердің жасына қатысты деректің байыбына бармай табыс тапқысы келген 196 дүкен иесі тиісті жазасын арқалапты. Құзырлы орган қызметкерлері оларға 14 млн-нан аса айыппұл салған.

Құзырлы орган қызметкерлері кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау бойынша қолдан келгенше қызмет атқарып жатқаны ақиқат. Қолайсыз отбасылық жағдайда тұратын отбасыларды анықтап, оларға көмек көрсету мақсатында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда ювеналды полиция инспекторлары да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр. Әйтсе де, көңілге кірбің түсіретін деректер жиі кездеседі.

Мәселен, осы жылдың он айында 2 214 түрлі рейд және қандай да бір оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 12 913 әкімшілік хаттама толтырылған. Түрлі деңгейдегі әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ішкі істер органдарына 8 537 кәмелет жасына толмаған жас­өспірім жеткізіліпті. Сондай-ақ өзіне жүктелген міндетті тиіс­ті деңгейде орындамағаны үшін 859 ата-ана әкімшілік жауап­кершілікке тартылған.

Ата-аналар түнгі уақытта ба­лаларының қайда жүргеніне назар аудара бермейтін секілді. Ал түнгі ойын-сауық орындарының басшылары тұтынушылардың жасына қатысты деректерге назар аудармайды. Салдарынан ішкі істер органдары қызметкерлері ұйымдастырған іс-шаралар кезінде олардың құқық бұзушы­лыққа жол бергені анықталып жатады. Полиция департаментінің басшысы келтірген дерекке жү­гін­сек, осы жылдың он айын­да түрлі мейрамхана мен барлардың 202 әкімшісі түнгі уақытта кәме­лет жасына толмаған жасөс­пірімдерді мекемеге кіргізгені үшін 4 млн теңгеден аса айыппұл арқалаған. Сондай-ақ 7 036 ата-ана жауапкершілік жүгін сезінбегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жазықты деп танылып, жауапқа тартылыпты. Әрине, аз емес.

«Мемлекет басшысы Жол­дауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қа­таңдатуды талап етті. Сондық­тан жасөспірімдердің жүріс-тұры­сына айрықша назар аудар­ған жөн. Ел Президенті жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше ден қой­ғаны мәлім. Балалар арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бойынша да жүйе­­лі жұмыс жүргізіп жатырмыз», дейді департамент басшысы.

Кәмелет жасына толмаған­дарға қатысты мәселелермен құзырлы орган өкілдері жыл сайын күресіп келеді. Алайда түнгі уақытта көше кезіп, мейрамханалар мен барларда жүрген жасөспірімдердің саны тыйылар емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қоғам боп күрескен жөн. Әйтпесе мұндай жүгенсіздіктің соңы орны толмас өкінішке апаруы да мүмкін.

 

Жамбыл облысы