Отбасы институты туралы заң жобасы
Жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан: «Бүгінде Қазақстанда 6,8 млн бала тұрады. Бұл – халқымыздың үштен бір бөлігінен аса адам. Мемлекетіміз балаларды қолдау ісіне бар күш-жігерін салып отыр. Елімізде 1994 жылы ресми мақұлданған Бала құқықтары туралы конвенция – осы саладағы халықаралық стандарттарды белгілейтін негізгі құжат. Осы жылдар ішінде Қазақстан тағы 16 халықаралық құжатты ратификациялады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылып, бұл балалардың құқын қорғау саласындағы шараларды іске асыру жөніндегі ведомствоаралық құжат саналады», деді.
Министрлік өкілінің баяндауынша, биылдан бастап «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі» заң шеңберінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институты мен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді, оның ішінде буллинг және баланы автобустан түсіруге тыйым салу үшін жауапкершілік енгізілді. Балалардың құқын қорғау комитетінің бақылауға жататын объектілер тізбесін ұлғайту бөлігінде бақылау функциялары кеңейтілді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі өкілеттіктер кеңейтілді. Отбасыларға уақтылы заңгерлік, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсету, балалардың құқын бұзудың, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік сall орталығы жұмыс істейді.
«Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық заңнама ұдайы жетілдіріліп жатыр. Отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайту үшін нормалар енгізілді. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі заңнамада бекітіліп, олардың бақылау функциялары кеңейтілді. 2024 жылдан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институты енгізілді. Штат санын ұлғайту, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының нормативін бекіту бойынша жұмыс жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әр баланың «отбасында өмір сүру және тәрбиелену» құқын іске асыру бойынша түзетулер әзірленді. Қазіргі таңда отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізуді көздейтін заң жобасы Парламент Сенатында талқыланып жатыр. Отандық заңнамада балалардың өмір сүруіне, қауіпсіздігіне, біліміне, әлеуметтік қамсыздандырылуына, денсаулығын қорғауға және басқа да маңызды құқыққа кепілдік берілген», деді Е.Оспан.
Спикердің сөзіне қарағанда, бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатқа кіретін отбасылардағы 1,7 млн бала бюджет есебінен тегін тамақтанады. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді, мұны 2025 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Инклюзивті және арнайы білімді дамытуға баса назар аударылады. Арнайы ұйымдар желісі 21-ге ұлғайтылды. Мектепке дейінгі ұйымдардың 69%, мектептердің 88%, колледждердің 80%-ында жағдай жасалған. Мектептерде ерекше білім қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың 1 мыңнан аса кабинет бар. 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Педагог-ассистенттер саны 1 мыңнан 2,5 мыңға дейін өсті. Ерекше білім қажеттіліктері бар балаларды үздіксіз сүйемелдеу мақсатында «Бөбек» орталығының базасында үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығын құру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай еліміздің барлық өңірінде алғаш рет Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Министрлік тарапынан орталықтардың қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, штат кестесі, қызметкерлердің біліктілігіне және материалдық-техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптар бекітілді. Қазіргі күні орталықтардың кадрмен қамтылуы 68% деңгейінде. Биыл Психологиялық қолдау орталықтары тарапынан 240 мың оқушы мен олардың отбасына көмек көрсетілді. Олардың 140 мыңы – кәмелетке толмағандар, ал 100 мыңға жуығы – ата-аналар. 2024–2025 оқу жылының басынан білім ұйымдарына Досболlike буллингке қарсы отандық бағдарлама, балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық пен дағдыларды дамытуға бағытталған Қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Бұл жұмыстардың аясында Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әрбiр баланың қалыптасуына тікелей ықпал ететін негізгі тұлға ата-ана екені белгілі. Бұл ретте қазіргі ата-ана тарапынан бала тәрбиесінде педагогикалық көмекке сұраныстың бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан барлық мектепте алғаш рет Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, табысты жұмыс атқарылып жатыр. Алдағы жылы ата-аналар комитеттерінің форумын өткізу жоспарда бар», деді министрлік өкілі.
100 мыңнан аса ата-ана жауапқа тартылды
Дөңгелек үстелге қатысқан Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Абылай Такиров кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілгенін жеткізді. Оның айтуынша, біздің ел адам құқына қатысты 60-қа жуық халықаралық шартты ратификациялады, оның 15-і балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Мәселен, зорлық-зомбылық, жыныстық сипаттағы қылмыстар ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Енді мұндай әрекеттерге барғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Балаға зорлық-зомбылық жасаған жақын туыстарға қатысты бөлек норма енгізілді. Бала тәрбиесімен жөнді айналыспайтын ата-аналарға қатысты қозғалған қылмыстық істер саны екі есеге артты. Жауапты инспекторлар мектептерді аралап, балаларға қарсы жасалатын бұзушылықтарды анықтаумен айналысады. Патрульдік полиция қызметкерлері көшеде жүрген жасөспірімдерді қадағалауға алды. Қабылданған профилактикалық және заңнамалық шаралардың нәтижесінде кейінгі 5 жылда жасөспірімдер қылмысының тұрақты төмендеуі байқалады. 2019 жылдан бастап мұндай қылмыстар саны үштен бірге қысқарды. Биыл да оң динамика сақталып отыр – 6%-ға төмендеген. Бұл ретте негізінен мүліктік сипаттағы қылмыстар жасалады. Мұндай қылмыстарға әдетте ата-аналардың балалар тәртібін бақыламауы, адамгершілік тәрбиенің болмауы, сондай-ақ жасөспірімдердің бос болуы себеп. Биыл түнгі уақытта балалары үйде болмаған 100 мыңнан аса ата-ана жауапқа тартылды», деді аға инспектор А.Такиров.
Оңалту орталығында 3 жасқа дейінгі балалар көмек алады
Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан көп жүкті әйел тіркеледі. Оларды динамикалық бақылау және бекіту үшін 5 мыңнан аса медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету объектілері жұмыс істейді. Диагностикалық зертханалық зерттеулер тегін жүргізіледі. Басымдық берілген мәселелер бірінші кезекте ана денсаулығын қорғауға бағытталған. Жүкті әйел – Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова дөңгелек үстел отырысында баяндады. Оның сөзіне қарағанда, жүкті әйелдер арасында аурудың өсуі, 40 жастан асқан жүкті әйелдердің көбеюін көріп отырмыз.
«Бұл жасқа қарай әйелдерде болашақта баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін бірқатар патологиялық жағдай байқалады. Сондықтан денсаулықты нығайту, ерлі-зайыптыларды даярлау, дені сау бала туу үшін жүктілікті жоспарлау міндетін қойып отырмыз. 2008 жылы қабылданған тірі туу және өлі туу критерийлері неонаталды көмекті дамытуға серпін берді. Нәресте өлімі шамамен 4 есе төмендеді. Кейінгі 10 жылда елімізде балалар өлімі 40%-ға, нәресте өлімі 65%-ға, неонаталдық өлім 50%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштерді Қазақстанның орнықты дамудың үшінші мақсатының халықаралық индикаторларына мерзімінен бұрын қол жеткізгенін мойындаған БҰҰ қорлары бағалады. Менің ойымша, бұл – еліміздің үлкен жетістігі. Денсаулық сақтау министрлігі балаларымызға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі жақсартуға ниетті», деді М.Ембергенова.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің баяндауынша, аталған салада негізгі проблемалардың бірі – даму ақаулары мен тұқым қуалайтын ауруларға байланысты балалар арасындағы мүгедектіктің өсуі. Мұны анықтау үшін түрлі зерттеу жүргізіледі, бұл балаларға қажетті емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Хирургияның дамуы жоғары технологиялардың енгізілуіне байланысты туғаннан бастап күрделі операцияларды, соның ішінде жүрекке хирургиялық процедура жүргізуге жағдай жасады. Түрлі аймақта 68 оңалту орталығы бар. 0 жастан 3 жасқа дейінгі балалар оңалту көмегі мен қолдау алуға құқылы.