Үкімет • 06 Желтоқсан, 2024

Республикалық бюджетті нақтылау туралы заң мақұлданды

283 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Республикалық бюджетті нақтылау туралы заң мақұлданды

Ақпаратқа қол жеткізудің негізгі қағидаттары

Сенат отырысына Үкімет мүше­лері, Ұлттық банктің және Жоғары аудиторлық палатаның төраға­лары, мем­лекеттік органдар мен квази­мем­лекеттік сектордың өкілдері қатысты.

2024 жылға арналған республи­калық бюджетті нақтылау туралы заң экономиканың өсу қарқыны төмен­деген жағдайда өңірлік өсу дең­гейін ұстап тұру, сондай-ақ осы жылы республикалық бюджет­тің шұғыл шығыстарын қаржы­лан­дыруды қамтамасыз ету мақсаты­мен республикалық бюджет көрсеткіш­терінің өзгеруіне байланысты да­йындалды.

«Бұл құжат қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, мемлекет­тік саясаттың басымдықтарын және қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып әзірленді. Аталған заңды мақұлдау мемлекеттің азаматтар алдындағы міндеттемелерін толық орындауды, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды және негізгі стратегиялық бастамаларды одан әрі іске асыруды қамтамасыз етеді. Осылайша бәріміз бірлесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген міндеттерді тиімді әрі нәтижелі іске асырамыз деп сенемін», деді Сенат төрағасы.

Заң нормаларын талқылау барысында депутаттар бюджеттің кіріс бөлігінің төмендеуіне, іскерлік және инвестициялық белсенділікке, валюта бағамының өзгеруіне қатысты мәселелерді көтерді. Әсіресе олар ұлттық қор қаражатын тиімді пайда­лануға және «Ұлттық қор – бала­ларға» бағдарламасын іске асыру­ға тоқталды. Сенаторлар салық­тық әкімшілендіру, шаруа қожалықтары мен экономиканың нақты секторын қолдау мәселелерін де қарады.

Сонымен қатар палата отырысында «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Бұл заң азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және іске асыруға арналған.

Нақты айтқанда, заң ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органға осы мәселеге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру құзыретін беруді көздейді. Бұл уәкілетті ор­ган басқа мемлекеттік органдар­ды қада­ға­лайды. Сондай-ақ «ақпа­рат­ты про­активті тарату» және «қоғам­­­дық маңызы бар ақпарат» деген жаңа ұғым­дарды енгізу, қоғам­дық маңы­зы бар ақпаратқа қол жеткізу­ді шектеуге тыйым салу ұсыны­лып отыр. Заңдағы тағы бір жаңа­лық – «Ақпаратқа қол жеткізу ту­ралы» заңға мүгедектігі бар адам­дар­дың қажеттіліктерін ескеру қағидатын және аталған санаттағы адам­дардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған жеке бап енгізу көзделген. «Қазақ­стан Рес­публикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға мемлекеттік наградаларды алуға қойылатын талаптарды арттыруға және жетілдіруге арналған түзетулер енгізіледі. Одан бөлек, «Тіл туралы» заңға көрнекі ақпаратты орналастырғанға дейін жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша норма енгізу мәселесі де қарастырылды.

«Қаралған заң ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатымен әзірленген. Осылайша, заң арқылы ақпарат­қа қол жеткізудің негізгі мақсат­тары, міндеттері мен қағидаттары нақтыланды. Бірінші кезекте бұл нормалар мемлекеттік органдардың аза­маттарға ақпаратты уақтылы беруін қамтамасыз ету үшін маңыз­ды», деді М.Әшімбаев.

Сенаторлар заңның жаңа нормаларын концептуалды тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар түзету енгізді. Олар – жоспардан тыс тексеруді тағайындау негіздеріне және тексеру­ші мемлекеттік органның құқық­тары мен міндеттерін белгілеуге қатысты мәселелер. Бұл заң нормаларын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру үшін маңызды екенін атап өткен жөн. Жаңа түзетулер енгізілген заң Мәжіліске жіберілді.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

 

Экологиялық ахуал алаңдатады

Ольга Булавкина Шығыс Қазақ­стан облысындағы экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Үкіметті жедел шаралар қабылдауға шақырды. Осыған байланысты сенатор өнеркәсіптік және өндірістік нысандардың иелеріне қатысты атмосфералық ауаның сапасын автоматты бақылау стансаларымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды күшейтуді, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың мемлекеттік эколо­гиялық бақылауды жүзеге асыруына кедергі келтіргені үшін заңды және жеке тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Оның айтуынша, қазір облыс­тағы 400 мыңнан аса тұрғынның денсаулығына ластанған ауа қауіп төндіріп жатыр.

– Осы жылдың 27-29 қара­ша­сында «Қазгидрометтің» Өскемен қаласындағы ауаның жай-күйі бо­йынша күнделікті бюллетенін­­де үш зиянды және қауіпті зат бо­­­йынша шекті рұқсат етілген кон­­­центрациясының асып кеткені тір­кел­ген. Хлорсутегінің бір реттік шекті рұқсат етілген концентра­ция­сы 9 есе жоғары екені анықталды. Жергілікті билік 53 мың оқушыны қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылдады. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ШҚО-да өкпе қатерлі ісігінің 29 жаңа жағдайы тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға көп. Терінің қатерлі ісігі – ең көп кездесе­тін аурулардың қатарында. Бұл ауру­лар, әсіресе, Өскемен, Риддер, Глубокое, Шемонаиха аудандары мен Алтай өңіріндегі өнеркәсіпті аймақтарда жиі тіркеледі. Мұндай жағ­дай Шығыс Қазақстан тұр­ғын­дары­ның денсаулығына кері әсер ететін эко­логиялық ахуалдың нашар­лағанын көрсетпей ме? – деді О.Булавкина.

Сенатор сәуір айындағы депу­тат­тық сауалда өңірдегі эколо­гия­­лық жағдайдың күрделі екені ай­тыл­ғанын еске салды. Өскемен қала­сының ірі кәсіпорындарының үлесіне жылына шамамен 47 мың тонна немесе жалпы шығарынды­ның 29%-ы тиесілі. Сонымен қатар ауаны жоғары дәлдікте талдау құрал­дары бар жылжымалы зертханалардың жетіспеушілігіне байланысты бүкіл өнеркәсіптік аймақта ластану көзін нақты анықтау мүмкін емес. Мұны кейбір кәсіпорындар пайдаланып, экологтардың шағымдарын сотта жоққа шығарып отыр.

 

Шикізат экспортына тәуелділік басым

Қазір Үкіметте еліміздің аумақ­тық-кеңістіктік дамуына қатысты бірыңғай стратегиялық көзқарас әзірге қалыптасқан жоқ, шикізат ресурсының экспортына тәуелділік әлі де жоғары деңгейде, өңірлердің дамуы біркелкі емес. Сенатор Бекбол Орынбасаров өзінің депутаттық сауалында осы және өзге де эконо­микалық мәселелер туралы айтты.

– Кейінгі он жылда Қазақстан экономикасында айтарлықтай өзгерістер болды. Абсолютті мәндегі ІЖӨ-нің өсуіне қарамастан, жан басына шаққандағы ІЖӨ төмендеуі және еңбек өнімділігі, сондай-ақ шикізат ресурсының экспортына тәуелді болудың артуы сияқты жағымсыз тенденция байқалып отыр. Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы экспорт доллармен есептегенде тиісінше 2,2 және 8 есеге қысқарды. Шикізатқа тәуелділіктің жалғасуы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді, – деді депутат.

Сенатор ұзақмерзімді кеңістік­тегі даму стратегиясын енгізудің маңызына тоқталды. Бұл құжат өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, аумақтардың тепе-тең түрде дамуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтты. Ол сонымен қатар стратегиялық жоспарлау тәсілдерін жаң­ғырту, үдерісте цифрлық техно­логияны кеңінен пайдалану және орталық пен өңірлер арасындағы үйлес­тіруді күшейту қажеттігін жеткізді.

– Еліміздің аумақтық-кеңістіктік даму стратегиясын әзірлеу қажет. Бұл құжат өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жүйелі және ғылыми негізделген болуға тиіс. Сонымен қатар стратегиялық мақсаттарды тиімді және үйлесімді орындау үшін барлық мемлекеттік құрылым күнделікті пайдаланатын цифрлық платформа құру керек. Сондай-ақ аумақтық-кеңістіктік дамуды зерт­теу жөніндегі кеңес құрылуға тиіс. Бұл шаралар Қазақстанға қазір­гі сын қатерлерді еңсеруге және ұзақмерзімді перспективада орнық­ты экономикалық дамуды қамта­масыз етуге мүмкіндік береді, – деді Б.Орынбасаров.

Депутат ұсынған шараларды іске асыру шикізатқа тәуелділікті төмендетуге, өңірлер арасындағы даму теңсіздігін жоюға және ел экономикасының ұзақмерзімді тұрақты өсуіне негіз қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

 

Жұмысшы мамандар тапшы

Ал Талғат Жүнісов техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай қадам кадр тапшылығын жою және отандық мамандарды даярлау сапасын арттыруға қажет. Бұл салада жалақы 600 мыңға дейін жетеді, бірақ жұмыс істеуге ынталы адамдар аз.

– Токарь, фрезерші, слесарь және басқа да мамандықтар бойынша кәсіби білікті жұмысшылар тапшы. Жалақы 600 мың теңгеге дейін жеткенімен, жұмыс істеуге ниетті адамдардың саны бос орындардан әлдеқайда аз. Кәсіби-техникалық білім алған мамандарға сұраныс жоғары оқу орындарын бітірген түлек­терге қарағанда 70%-ға көп. Орта кәсіптік білім беру жүйесінің еңбек нарығындағы қазіргі талапқа сәй­кес келмеу мәселесі анық байқа­лып отыр, – деп атап өтті Т.Жүнісов.

Сенатор Амангелді Нұғманов Қаржы министрлігінің жергілікті бюджеттің дербестігін қамтамасыз ету және оның ашықтығын арттыру бағытындағы жұмысын сынға алды. Еліміздің бюджет кодексіне сәйкес, әрбір деңгейдегі бюджет дербес болуы керек. Алайда сенатордың айтуынша, іс жүзінде бұл қағида жиі бұзылады. Ол орталық органдардың жергілікті бюджеттердің қаржысы есебінен жергілікті мекемелерге ғимараттар салып, күрделі жөндеу жүргізіп, қызметтік көлік сатып алатынына алаңдаушылық білдірді. Сенатордың пікірінше, жергілікті маңызы бар нысандарды тапсыру үдерістеріне бақылауды күшейту және бюджет тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет. Мемлекеттік органдар арасында нысандарды жиі беру жағдайында міндетті аудит жүргізіп, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шаралар қабылдау керек.

Жанна Асанова елдегі қант диабетіне шалдыққан науқастардың тең жартысы анықталмаған күйде қалып отырғаны мәлімдеді.

– Бүгінде елімізде бұл дертпен ауыратын 500 мыңнан аса науқас тіркелген және оның деңгейі өсіп барады. Науқастардың 50%-ға жуығы анықталмаған күйде қалып, Ұлттық тіркелімге енбеген. Ауруды бақылаудың негізгі көрсеткіші – гликозилденген гемоглобин деңгейін мониторингтеу тек диспансерлік науқастардың 22%-ын ғана қамтиды. Бұл ауруды тиімді бақылау үшін жеткі­лік­сіз. Шығындардың 70%-дан ас­тамы ретинопатия мен жүрек-қан тамыр­лары аурулары сияқ­ты ас­қыну­­ларды емдеуге жұмсалады. Бұл про­­фи­лактикалық жұмыстардың жет­кі­ліксіздігін көрсетеді, – деді депутат.

Депутат қант диабетінің алдын алу бойынша Ұлттық бағдарлама мен тиісті ғылыми орталық құру қажет екенін айтады.