Руханият • 07 Желтоқсан, 2024

Ұлттық сүзгі өте маңызды

191 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейбір ата-ана дегдар баланы тәрбиелеу ғажайып бір әдістемелер немесе ерекше әдіс-тәсілдер арқылы болады деп ойлайды екен. Шынтуайтында, олай емес. Бәрі де қарапайым нәрседен басталады.

Ұлттық сүзгі өте маңызды

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мұхтар Әуезов «Абай (Ибра­һим) Құнанбаев. Өмірі мен твор­чест­­восы» атты зерттеу мақа­ла­сын­да және ақынның 100 жыл­дық ме­рейтойына арналған «Абай­дың өмірі мен еңбегі» деп ата­лар баяндамасында ойшылдың па­ра­­сатына, әлеуметтік істері мен ақын­­дығына ықпал еткен «үш арна» туралы жазады (Әуезов М. Шы­­ғар­ма­ларының елу томдық то­лық жи­нағы. – Алматы: «Дәуір», «Жі­бек жолы». 2014 ж. 44-том: Баян­да­ма­лар, пікірлер, сөздер, лекциялар, зерттеулер. 1950–1960 ж.ж., 320 бет. 14-бет; 27-том, 117-бет).

 

Ұлттық құндылық

Кез келген ғұмыр бәйгесінде жауырынымызды жерге тигізбес асыл бөгенайымыз, тағдырберді жара­тылыстық ортамызбен үйле­сім табуымыз, дүние дидарын тануы­мыз­дың алғашқы баспалдағы ұлт­тық құндылықта жатыр.

Әуезов бұл туралы «Халықтың өзі жасаған, ауыздан-ауызға та­раған, баспа жүзінде сақталып кел­ген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениетінің бай мұрасы» дей отырып, Абай ұлттың осы «асыл қазынасын толық пай­да­лан­ғанын» және «жаңа түр енгізіп, жаңа бағыт беріп» болмысын, ақыл-ойын, шығармашылық мүм­­­кіндігін байытқанын айтады. Әуелгі арна ретінде атай отырып, бала Абайға зор әсер еткен «асыл қазынаға» теңейді (Әуезов М. Шығар­маларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы». 2014 ж. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. – 448 бет. 117-б).

Бүгінде замандастар арасында ұлт­тық құндылық десе, ұлттық киім киіп жүру деп ұғатын түсінік бар. Алайда үстінде шапаны, басында тақиясы бар кісі қазақ бола қал­майды. Тіпті қазақша сарнап тұрса да. Себебі мәдениетін, міне­зін, тарихын танымай, ойлау фор­масын түсінбей, болмысын сіңір­мей, танымынан хабардар болмай толыққанды қазақ болу қиын. Бұл – кез келген ұлтқа, мәдениетке қатысты айтуға болатын шындық.

Келесі екі «қайнар бұлақ» осы ұлттық құндылықтарға түр беріп, жаңа бағыт нұсқап, дамытатын, шырайын ашатын құндылықтарды алуға септігін тигізеді. Енді соларға тоқталайық.

 

Шығыс мәдениеті

Көп адам Шығыс десе мұсыл­­ман әлемі деп ойлайды. Шын­­туайтында, олай емес. Шығыс мәдениетінде мұсылман­шы­­лық­тың көп үлес алатыны шындық болса да, бұл ұғым «мұсылман» ұғы­м­­ынан кең категория. Мұхтар Әуезов Абайдың діни көзқарасы жайында сөз қозғағанда «Дін жөнінде жазған өлеңдерінде де ақын соқыр сезімге берілмейді. Абай – дін мәселесінде рацио­налист. Ол Құдайды барша халық таныды деп танымайды, өз ақы­лына, өз миына салып тануды көздейді» дейді. Бүгінде қоғам­да тағдыршыл, ақыретшіл, әсіре­шари­ғатшыл кейіпте дін ұстануға сын көзімен қарайтын адамның көп екені белгілі. Мұндай орынды сын Абайда да, Шәкәрімде де, Әлиханда да болған. Яғни бізге дейін де болған, бізден кейін де болуы керек заңды үрдіс. Біздің дала­ның сыни ойлау жүйесі, адами құнды­лықтары тар өрісті емес еке­нінің тарихи тәжірибесі. Ол сақ­талуға тиіс. Дәл қазір қазақ қо­­ға­­­мында ұлттың бұл тарихи тә­жі­­­ри­­бесі жаңғырып жатыр. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ақыт және Алаш зиялыларының сөз­­­дік қо­рында, таяз ойлы, ішін сұлу­­­­ла­­ған­ның орнына сыр­тын сән­де­­­­ген адам­дарға қарата қол­дана­тын «сыр­­­тымен сопы­сыну» деген атау бол­­ған. Қалай болғанда да, біз Шы­ғыс мәде­ние­тінің ішіндеміз. Сол үшін де мұсыл­маншылық­ты көл­­денең көк аттыны тыңдап, дүр­­­мек­ке ермей, әрбір ақпаратты сын­­мен, жүрек сүзгісі, ақыл дүр­бі­сі­­мен қабылдап, жан-жақты ­бі­лім­­мен, сергек санамен ұстанған абзал.

Аталған арна барша Шығыс халықтарының бай мәдени, тарихи, әдеби мұрасымен қатар, олар­дың адамдық болмысындағы озық өнегелерді қамтуға тиіс. Тіл­дес, бауырлас, діндес халық­тар­мен бірге, жапондардың ғылым сүй­гіш­тігі, корейдің биязы мінезі, қытай­дың еңбекқорлығы ХІХ ғасырдағы кез келген адамға артық етпес. Бала тәрбиесінде де осыны ескер­ген ата-ана сан соғады деп ойла­май­мын.

 

Батыс мәдениеті

Баланың жан дүниесін байы­татын келесі арна осы. Мұхтар Әуезов мұны Абай өмірімен байланыстырып, сол кездің саяси ыңғайына жығыла отырып «орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті» дегенімен, Батыс мәдениеті бұлар­мен ғана шектелмейді. Онда Шығыс­тан өңге халықтардың бар­лығы бар. Ақыл-ой таласы қиян-кескі жүріп жатқан мына за­манда баламыздың бәсі биік болуы үшін кез келген халықтың, әсіресе ойы өркендеп, парасаты биіктеп, технологиясы дәурендеп тұрған елдердің жақсы жақтарын алу неге жаман болсын?

Біз әлемдік құндылықтармен қазір санаспасақ, ертең кеш болары сөзсіз. Бұл өмір салты, тұрмыс дағдысы, адамдық келбет, кісілік өлшем, ұстаным сияқты өмірге әр беретін кез келген құндылыққа қатысты. Осының ішінде өте-мөте іскерлік, ғылым-техника саласында Батыстан алатынымыз аз емес.

Абайды Абай қылған бұл арналар біздің баламызды адам қылмауы мүмкін емес. Әуелі ата-аналардың өзі сіңіріп, құры­ған­да құлағы түрік – хабар­дар жүріп, бол­маса сырттай біліп, талап­танып, баласын білетін кісі­­лердің алдына беріп, ізденіс жасаса, «кімнің баласы?» дегенде ұялмайтын бала болатынына сенім мол.

Бірақ соңғы екеуі алдыңғы бірін­­шісіз балаға сіңірілгені дұ­рыс емес. Қазақты, қасиетті топы­ра­ғымыз бен елді­гімізді, ұлт­тық мүм­кін­­дігі­міз­ді мен­сін­бейтін, қадір-қасие­ті­мен санас­пайтын, құнды­лық деп есеп­темейтін, көкі­ре­гімен там соқ­қан рухани алкеу­де болады. Ал мұ­н­­дайлардың қолы­на билік пен бай­­лық тимесін деңіз. Сол үшін Шы­ғыс пен Батыс мә­де­ниетін игеруде ба­ла­да ұлт­тық сүзгінің болуы өте ма­ңыз­ды.

Бірде шетел көріп келген бір жігіт кивиді қабығымен жеп отыр­­ғанын байқаған достары күлісіп, қылжаққа айналдырып, себе­бін сұраса, «Мен барған елде ки­ви­ді қа­бы­ғымен жейді екен» деп уәж айт­қан ғой. Әпенділіктің шегі болу­шы ма еді? Шетелдің жақ­­сы жақ­тарын үйрену деген­ді «кивиді қабығымен жеу» деп түсі­­нетін таным бала тәрбие­сіне қасі­­рет әкелуі мүмкін. Өйт­кені объекті – жеміс емес, жаны күр­делі, өмірі жауапкершілікке толы адам тағ­дыры. Мұндайда Көкбай ­Жа­н­а­­­­тайұлы естелігінде жазатын Абай­­­­­­дың нені оқыса да, жүрек сүзгі­­сі­­нен, көңіл таразысынан өткіз­бей қа­­был алмайтын сергек мінезі керек.

 

Оразбек Сапарханұлы

журналист, психолог