Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Кен байытушы Айнұр

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шахталары мен кен байыту фабрикасы Хромтау ауданының Көктау елді мекенінде орналасқан Ақтөбе мыс компания­сында вахталық әдіспен 2500-ге жуық адам еңбек етеді. Еңбек­кер­лердің көпшілігі – Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақ­стан, Қызылорда облыстарының тұрғындары.

Кен байытушы Айнұр

Мыс өндірісінің бас кен байы­тушысы Айнұр Жұмағұлқызы Бижанова жақында өндірісте цифрлық басқару дағдыларын енгізудегі жаңашылдығы, қыз­мет­кер­лердің кәсіби біліктіліктерін кө­терудегі ұйымдастырушылық қа­білеті мен жауапкершілігі жо­ғары бағаланып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қырық жастағы кен байыту­шы­ның еңбек өтілі – 16 жыл. Ол Ақтөбе қаласындағы №30 қазақ орта мектебін бітірген соң, Ресейдегі ең танымал техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу болат және қорытпалар инс­титутына түсіп, оны үздік аяқ­тап, 2008 жылы Ақтөбе мыс компаниясына флотатор болып орналасты. Жер астынан алынған кен ұсақталып, сұрыпталып, қажетті мөлшерде ұнтаққа айналады. Бөлшектердің минералдардан бөлінуін жеңілдететін жұмысты флотатор басқарады. Ол кеннен пайдалы қазбаларды айыратын жабдықтарды іске қосып, ондағы қысым, температура, реагенттер мөлшері, көбіктің биіктігін анықтайды. Сондықтан да түсті металдар өндірісінде химиялық заттармен жұмыс істейтін флотатор қызметі ерекше жауап­кершілікті қажет етеді. Маман химиялық реагенттердің мөл­ше­рін дұрыс таңдай білумен қатар, олардың қоспадағы мөл­ше­рін дәл теңдес­ті­руге де жауап­ты. Екін­ші жағынан, кен айыратын техни­ка­лық жаб­дық­тарды басқа­ра­тын бол­ған соң, өндірістегі қауіп­сіздік ере­же­лерін де қатаң сақтауға мін­детті.

24 жасында жаңадан ашыл­ған компаниядағы аса қиын жұ­мыстың тізгінін қолға алған Айнұр қара жұмыстан қаймықпай, табандылықпен еңбек етті. Бір қарағанда қыз балаға алыстағы кеніште бес күндік вахталық жұмыс­пен қатынап істеу, фабри­када­ғы шаң-тозаңды жұту оңай емес. Соған қарамастан, таң­да­­ған мамандығына деген құр­меті Айнұр­ды өндірістегі қиын­дық­тарды жеңе білуге үйретті. Бірер жыл­дан соң, осы ком­па­ния­ның №2 кен байыту фабрикасына технолог, одан бас технолог бо­лып ауыс­ты. Түсті металдар өн­ді­рісіндегі жауапты жұмыс тізгі­нін­дегі жас маманға басқа компания­лардан да ұсыныс түсе бастады.

Айнұр Жұмағұлқызы 2015 жы­лы елі­міздегі ірі тау-кен компа­­ния­­­ларының бірі – «Kaz Minerals PLC» корпорациясының құрамы­­­на кіре­тін «ҚазМинералс Боршакөл» компаниясына ауысты. Боршакөл кен орны – Павлодар облысының Ақсу қаласынан 60 шақырым жерде орна­ласқан еліміздегі ірі мыс кен орын­дарының бірі. Бұл жерде мыс өндіру 2016 жылы басталды. 2020 жылы ол «ERG» компания­сына ауы­сып, үш жылдан соң қай­та­дан Ақтөбе мыс компания­сына бас кен байытушы болып келді.

Айнұр қазір тұрмыста, екі бала­сы бар. Ері де осы компанияның кен байыту фабрикасында ең­бек ете­ді. Бес күндік жұмыста жүр­ген­де кіш­кентай балаларын ата-анасы қарайды.

А.Бижанова үнемі ізденіс үстінде жүргенді жақсы көреді. Кенші­нің бейнетті жұмысын өте жақсы білетін маман қол еңбе­гін жеңілдету үшін өндіріске жаңа­шыл­дық енгізу қажеттігін назарға ұстап, осы мақсатта басшылыққа ұсыныстар білдіріп жүр.

«Флотацияның негізгі кезеңдері – кенді ұсақтау, сұрыптау. Бұл бөлшектердің минералдардан бөлінуін жеңілдетеді. Кен байыту ісі – фи­зи­калық-химиялық үдеріс­тер­ге негізделген өте күр­делі сала. Кен­ші­лердің жұмысын жеңілдетіп, өнді­рісті оңтайландыру мақса­тында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС басшылығы өндіріске цифр­лық көмекші енгізу жобасын қол­ға алды. Біз бұл жұмысты №1 байы­­ту фабрикасында жүзе­ге асыр­­­мақ­шы­мыз. Қазір қайта жарақ­­­тан­ды­ру жұмыстары жүріп жатыр. Ал­дағы жылдың шілде­сінен осы жер­­дегі барлық техно­логия­лық үде­­рісті цифрлық көмек­ші басқа­ра­тын болады», дейді Айнұр Жұма­ғұл­қызы.

Отбасы мен кен өндіру ісіндегі жұ­мысын қатар алып жүрген батыр қыздың алдағы күнге жоба­л­а­ры өте көп. Қазірде әлем ел­де­рінің қалдықсыз өндірістегі тәжі­ри­бе­лерін зерттеуге, меңгеруге ден қо­йып, ерекше ықылас танытып жүр.

 

Ақтөбе облысы