Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Көп күттірген күрежол ашылды

154 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сүйінші, жолаушы қауым! Елдің күткені – автобанның біткені еді. Сол көп күттірген күрежолдың құрылысы аяқталды. «Қарағанды – Балқаш» тасжолының төрт жолағы толығымен ашылды. Бұл бағыттағы автобан құрылысының сағызша созылғаны, мерзімінен не себепті кешіктірілгені аз жазылмаған еді. Газетіміздің 27 ақпан күнгі санында жауапты органның «жолды жыл соңына дейін тапсырамыз» деген уәдесін берген едік. «ҚазАвтоЖол» уәде үдесінен шықты. Сөйтіп төрт жолақты жолды салтанатты түрде тапсырды.

Көп күттірген күрежол ашылды

Жолды тапсыру салтанатына «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов, Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев пен жолды салған мердігер компанияның қызметкерлері қатысты.

Салтанатты рәсімде алғашқы болып құттықтауын жеткізген «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқармасының төрағасы Дархан Иманашев «Қарағанды-Балқаш» күре жолының төрт жолағы толығымен ашылғандығын айтып, жолаушыларға ақ жолын тіледі.

– Қарағанды қаласынан Балқаш қаласына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты жол толығымен ашылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тосқауыл қоршаулары да талапқа сай толығымен орнатылды. «Қарағанды-Балқаш» күре жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Күре жол I санатқа ие және төрт жолақтан тұрады. Автобанға 4 млн тоннадай асфальтбетон төселіпті. Оның 610 мың тоннасын биыл. Қайта құру жұмыстары аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасы өтетін 32 жол өткелі, көлік айрығы және теміржол өткелінің құрылысы толығымен аяқталды. Жалпы «Орталық-Оңтүстік» дәлізіне жататын республикалық маңызы бар «Астана-Алматы» күре жолының ұзындығы – 946 шақырым. 4 жолақты сапалы жолдың ашылуы жол апатының орын алуын тоқтатады. Келесі жылдан бастап, ақылы жол жүйесі іске қосылады, – деді Д.Серікұлы.

1Жолаушылар үшін 18 демалыс бекеті, 24 аялдама, 1452 жарық бағаны орнатылды. Қазіргі уақытта бұл бағытпен күніне жобамен 18 мың көлік қатынайды. Жазда 25 мың көлікке дейін жүріп өтеді.

Біздің жап-жаңа күрежол еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін ғана байланыстырып отырған жоқ. Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы маңызды транзиттік бағыттардың бірі. Енді сәйкесінше еліміздің көлік әлеуеті артып, жолаушы тасымалының қауіпсіздігі азайып, Балқаш көліндегі туризм түлейді.

– Бұл жолды біздің Қарағанды үшін ғана емес, барлық елімізге маңызды жол деп айтуға болады. Көптен күткен «Қарағанды-Балқаш» арасындағы жол торабы пайдалануға беріліп отыр. Жолдың жақсаруы еліміздің экономикасының одан әрі өсуіне үлесін қосады. Осы жыл облыс бойынша 1032 шақырым жол жөндеуден өтті. Осы жолдардың барлығы елдің игілігіне тапсырылды. Осы орайда «Қарағанды-Балқаш» жол торабына үлкен үлесін қосқан «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Серікұлы бастаған ұжымға, мердігер компанияға алғыс білдіремін, – деді аймақ басшысының бірінші орынбасары А.Тайжанов.

Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов ақ батасымен мәртебелі меймандар біржақты жүру жолының белгісін салтанатты түрде ашты. Енді Алматы бағытына бет алған жолаушылар Балқашқа кіріп, бағдаршамға тоқтап, кептелісте кідірмейді. Дәл осы тұстан айналып өтеді.

2Ұлттық компанияның басшысы 288 шақырымды алып жатқан 4 жолақты «Балқаш-Бурылбайтал» жолы алдағы 10 күн ішінде ашылатындығын жеткізді. Мұнымен қоса Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алғандығы, қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінетіндігін де айта өтті. Бұл жұмысты 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отырған көрінеді.

Бұдан бөлек Ұлттық компания Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз, Ақшатау-Ағадыр-Ортау, Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы және Бастау-Ақтау-Теміртау секілді республикалық автожолдардың орташа жөндеу (123 шақырым) жұмыстарын аяқтапты.

Компанияның келер жылы ұзындығы 513 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыс жоспарларында бар екен. Жобаның барлық кезеңінде сапаны бақылауды күшейту үшін ЕРСМ механизмі қолданылатын болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.

Мұнымен қоса, жалпы ұзындығы 412 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Қызылорда» автожолының қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл Қызылорда облысы бойынша негізгі жұмыстар аяқталып, 150 шақырым көлік қозғалысына берілген. Жол құрылысын толығымен келесі жылы аяқтаймыз дейді. Ал Ұлытау облысына қарасты шақырымды күрделі жөндеуден өткізу үшін дайындық жұмыстары басталыпты. Атап айтсақ,  техникаларды мобилизациялау мен өндіріс базаларын құру бойынша.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздің көлік инфрақұрылымының дамуы мен қауіпсіз жол қозғалысын нығайту үшін ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып отыр.

 Қарағанды облысы