Спорт • 10 Желтоқсан, 2024

Алғашқы турнирінде топ жарды

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласында «Сұңқар» спорт клубының ұйымдастыруымен республикалық ашық турнир өтті. Онда 2011–2016 жылғы жасөспірімдер қатысып, бақ сынасты. 11 салмақ дәрежесімен 160-қа жуық былғары қолғап шебері өнерін ортаға салды.

Алғашқы турнирінде топ жарды

Жас өрендер арасынан Нұрасыл Қуандық 26 кг сал­мақ дәрежесінде қарсылас шақ кел­тірмеді. Ол өзінің ал­ғашқы турнирінде-ақ чемпион атанып, бапкерлерін разы етті. Нұрасыл Жәлелұлы «Жауынгер» спорт клубында жаттығады. Бапкері – кәсіпқой боксшы, бокстан спорт шебері Нұрслан Сабыров. Балдырған боксшы финалдық сындағы қарсыласын жылдам әрі жой­қын соққыларымен бірден есеңгіретіп тастады. Оның бап­кері екінші раундта жекпе-жекті тоқтатты.

«Турнир жоғары деңгей­де өтті. Нұрасылдың клубқа ауысқанына жарты жыл болды. Жаттығудан қалмайды. Рингте өзін жақсы ұстайды. Біз айтқан тактиканы бүгін шебер орындап, топ жарды. Талмай еңбектеніп, осы беті­нен таймаса алар асуы әлі алда. Оның солақай екенін атап өту керек. Сол қолының соққы­лары жойқын. Өте шапшаң қимылдайды. Нұрасылдан бас­қа клубымыздың тағы екі тәрбиеленушісі чемпион атанса, бесеуі екінші, екеуі үшінші орынға ие болды», дейді бапкер Н.Сабыров.

Турнирді ұйымдасты­ру­шы тарап «Үздік боксшы», «Жеңіске деген ынтасы үшін», «Үздік техникасы үшін», «Ең кіші қа­тысушы» аталымда­ры бойын­ша сыйлықтар таға­йындаған екен. Нұрасыл өзі­нің ешкімге ұқсамайтын бокс­тасу тәсілімен «Үздік техни­касы үшін» аталымын жеңіп алды.

«Боксқа 4-5 жасымнан қы­зыға бастадым. Бұған де­йін жүзу, акробатика, кикбокс, ММА, ушу-саньда, футбол сынды спорт түрлеріне қатыстым. Кейін 11 жасымда әкем GGG спорт кешеніне апарып, жаттықтырушы Ержан Мүсәпіровтің тәрбиесіне берді. Онда жарты жылдай дайындалып, «Жауынгер» клубына ауыстым. Алғашқы жарысым­да чемпион болғаныма қуа­ныштымын. Бапкерім Нұрслан ағайға рақметімді айтамын», дейді Нұрасыл.

 

Қарағанды облысы