Форумда сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, тұрақты даму үшін ғылым мен инновацияның маңызын атап өтті. Бұған қоса ол елімізде ашылып жатқан шетелдік университеттердің бірқатарына тоқталып, жоғары білім, университеттегі ғылым сапасына, білім көші-қонына әсер еткенін жеткізді. Оның айтуынша, елімізде әлемдегі ең үздік, мықты университеттердің филиалдары ашылды. Бұл жұмысқа көп күш жұмсалды. Осыдан соң министр елдегі экономика қандай ғылымға негізделгенін айтты.
«Біз қазір жоғары оқу орындарындағы және ғылыми зерттеу университеттерінің ғалымдары мен өндіріс орындарының өкілдері арасындағы алтын көпір ретінде хакатон ұйымдастырып жүрміз. Мұндай хакатонды ғылымдағы әр салаға қатысты өткіземіз. Бұл жердегі мәселе оңай, ғылым өндірістің нақты қай бағытында өзінің өнімді жұмыс нәтижесін бере алатынын осы арқылы анықтап алуымыз керек. Яғни ғалымдар өндірістің қажеттілігіне қарай жұмыс істейді, дәл сол сұраныстағы жобалар қаржыландырылады. Қазір біраз бизнес пен өндіріс саласы хакатондарда таныстырылған ғылыми жұмыстарға қызығушылық танытып отыр», деді С.Нұрбек.
Жас ғалымдар альянсы Назарбаев университеті жанындағы «Әлеуметтік даму қорының» тікелей қолдауымен ауқымды жобаларды ұйымдастырып келеді. Жиынға қатысқан «Әлеуметтік даму қорының» басқарма төрағасы Саят Нүсіпов 6 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан альянс форумына және алдағы дамуына сәттілік тіледі. Сонымен қатар отандық ғылымның дамуында альянстың рөліне тоқталып өтті.
«Бұл форум отандық ғылым үшін өте маңызды, себебі альянс жылдан-жылға қуатты күшке ие болып, мүшелері де көбейіп келеді. Бұл серіктес ретінде бізді шабыттандырады. Осы жерде сіздерге шағын тарихты бөлісе кетейін. Альянс 2018 жылы құрылды, біздің қор сол уақыттан бері жас ғалымдар ұйымын қаржылық, ұйымдастырушылық, әкімшілік тұрғыда қолдап жүр. Өйткені альянс аз уақыт ішінде үлкен істерді атқарды, көпжылдық тарихы бар ұйымдардың деңгейінде өзін көрсете алды. Осыдан елімізде ғылымға, жастарға демеушілік көрсетудің қажет екенін, нәтижесі айтарлықтай болатынын көре аламыз. Бүгінде альянс мүшелері мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарда маңызды қызметтерде отыр. Олардың көпшілігі жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылығында қызмет етеді, бірқатар мүшесі Президент жанындағы Ұлттық ғылыми кеңес секілді беделді қоғамдық ұйымдарда өз орны бар мамандарға, сарапшыларға айналды. Бұл өз кезегінде ғылымның, ғалымдардың мәртебесін көтеруге айтарлықтай ықпал етті», деді С.Нүсіпов. Оның ойынша, еліміздегі зерттеушілер шетелдік әріптестерінен бір мысқал да кем емес, тек оларға әлемдік аренада өзін, жобасы мен жұмысын көрсете алатындай жағдай, көмек керек.
Қордың қолдауымен альянс жүзеге асырған жобалардың бірі – «Frip». Бұл – Назарбаев университетінің бакалавриат және магистратура студенттерінің ғылыми зерттеу және инновациялық әлеуетін ынталандыру бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында байқау өткізіліп, бірінші маусымда он үш студент өз идеясын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау алды. Әрбір өтінімді доктор дәрежесі бар немесе докторантурада оқудың қорытынды кезеңдерінде жоғары білікті зерттеуші болып жүрген үш тәуелсіз сарапшы қарайды. Осы жобаның алғашқы жеңімпаздарының бірі – кезіндегі студент, қазірге биолог, генетик, кәсіпкер, PhD, CEO, Arlan Biotech (АҚШ) негізін қалаушы Болат Сұлтанқұлов. Ол форумда «Ғылыми жаңалықтарға бизнесті қалай құруға болады?» атты тақырыпта аудиторияны ұйытар баяндама жасап, өз зерттеуін кәсіпке аяналдырудың жолдары жөнінде ой бөлісті.
«Менің қазіргі кәсіпке айналған жобамның идеясы алғаш осы альянс мүшелерінің «WhatsApp» желісіндегі чатында туған еді. Пандемия кезі. Чат өзі сол уақыттағы Covid мәселесінің ғылыми тұрғыда шешімін табу мақсатында ашылған болатын. Мен соған күшті бір ойымның бар екенін, оны жүзеге асыру үшін не істеуге болатынын айттым. Чаттағы ғалымдар алақайлап қолдай кетті, топтағы ғалымдармен кеңесіп, кейін шетелдердегі әріптестерге, әлеуметтік желілерге жазып, ойымды бөлістім. Адамдар көмектесе бастады. Әрине, ең алдымен «Әлеуметтік даму қоры» демеп жіберді. Осылайша, кәсіпке жол ашылды. Мәселен, неге мен ең бірінші адамдар деп тұрмын. Себебі кез келген бизнес тек коммуникация арқылы қалыптасады, дамиды. Сіз ғалым болсаңыз да, тек зертханадан шықпай отыра бермей, елдегі және әлемдегі зертханаларда жұмыс істейтін әріптестеріңізбен араласып, тақырыптарды талқылап, тәжірибеңізді бөлісуіңіз керек», дейді кәсіпкер ғалым.
Б.Сұлтанқұловтың пікірінше, қоғамда көбі инвестиция қандай да бір идеяны тудыратынын айтады. Шын мәнінде, идея өте көп. Ғалым өзінің ғылыми жұмысынан кәсіп жасау үшін әуелі өзін тәрбиелегені абзал. Дамыған, өркениетті елдерде ғылыми жобаларды қаржыландыру жүйесі біздің елдегіге ұқсамайды. Ғалымдар өзінің кемшіліктері мен қателіктері, нәтижесіз зерттеулерінен еш қысылмауы қажет, бұл болашақта оның қандай да бір грант алуына кедергісін келтірмеуі керек. Шетелде бір рет грантты жеңе алмай қалған, болмаса біраз жылдық зерттеуі нәтиже әкелмеген ғалымды шеттетпейді. Ал біздің елде үздіктер ұғымы қалыптасып қалған, яғни тек қателеспейтіндер ғана оң қабылданады, бірақ бұл кейде дамуды шектейді.
Форум аясында жасанды интеллектіні қолдану, ауыл шаруашылығы ғылымындағы инновациялар, биомедицинадағы жетістіктер, білім ортасының трансформациясы және жас ғалымдарды қолдау сияқты маңызды мәселелерге арналған тақырыптық сессиялар өтті. Бұл тақырыптар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, ғалымдар, бизнес, мемлекеттік құрылым өкілдері арасында конструктивті диалог орнатуға негіз болды. Екі күнге созылған жиында Испания, Сауд Арабиясы, Финляндия және АҚШ сынды елдердің өкілдері сөз сөйлеп, «HM CINAC», «CSIC-UPM», «King Abdullah University of Science and Technology», «University of Oulu» және «Harvard Medical School» сияқты жетекші ғылыми және білім мекемелерін таныстырды. Форумның басты нәтижелерінің бірі – жас ғалымдарды қолдау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайту бойынша ұсыныстар қамтылған қарарды әзірлеу болды.