Өңірдің қасиетті жерлерін оқырмандар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 32 үміткер қатысып, туындыларын қазылар алқасының қарауына ұсынды. Белгілі қылқалам шеберлері ұсынған жұмыстардың арасында сәтті шыққан дүниелер жетіп- артылады. Сондықтан да қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңайға соққан жоқ.
«Кітапхана ұжымының ұсынысын қабыл алған кәсіби мамандардың байқауға белсенділікпен қатысқаны үшін алғысымыз зор. Қазылар алқасының қарауына ұсынылған туындылардың барлығы дерлік ойдағыдай шыққан.
Өз ісін жетік меңгерген азаматтардың қолынан шыққан туындылар таңдай қақтырмай қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, байқауға қатысқандардың арасында мықты бәсекелестік болды. Олар туындыларын оқырмандарымызға тарту етті», дейді облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Толқын Күзенова.
Байқау қорытындысында «Қолөнер» аталымы бойынша Марат Айдарқұлов І орынға лайық деп танылды. Ал жүлделі екінші орын белгілі суретші Қазым Аманқосовқа бұйырса, Аружан Сүлейменова үздік үштікті қорытындылады. «Макет» аталымы бойынша Жамбыл Егізеков жеңімпаз атанса, Камила Сәбитқызы мен Алмат Тынысбек жүлделі ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тараз қаласы