Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі халықтық музыка ансамблінің концерті осылай аталды
Астана қаласында «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерттік залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі жаңа маусымын жариялады, оны халықтық музыка ансамблінің концерті ашты.
Халықтық музыка ансамблі 1997 жылы құрылды. Бұл ұжым домбыра музыкасының барлық стильдері мен бағыттарын (шертпе, төкпе), Батыс, Орталық, Оңтүстік өңірлерінің дәстүрлі мектептеріндегі халық әндерін орындау үлгілерін насихаттайды, сазсырнай, сыбызғы, жетіген, қылқобыз, шертер, домбыра секілді фольклорлық-этнографиялық аспаптарда ойнаудың озық үлгілерін көрсетеді. Халықтық музыка ансамблінің құрамына халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты А.Ахмадиев, Ж.Мұхтаров, М.Хайрушев, Е.Мұхамедиев, А.Әбілбекова және «Жетіген» дуэті, домбырашылар триосы кіреді.
Халықтық музыка ансамблі Президенттік оркестрдің құрамында республиканың мәдени
және музыкалық өміріне белсене араласады. Халықаралық музыкалық аренада Қазақстан атынан лайықты өнер көрсетеді. Оркестрдің ТМД мемлекеттері, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Малайзия, Түркия, Бельгия, Австрия, Үндістан, Бахрейн және басқа елдердің сахналарындағы концерттері табысты өтті.
Барлық салтанаттарда ұжым мүшелері жоғары кәсіби шеберлік байқатады, барлық музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Музыканттар биік руханилығымен, музаға және туған халқына адал қызмет етумен ерекшеленеді.
2014 жылдан бері халықтық музыка ансамбліне Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты лейтенант Абылғазы Ахмадиев жетекшілік етеді.
Жыл бойы ай сайын шығармашылық ұжым Астана тұрғындары мен қонақтарына өз шығармашылығының жаңа туындыларын паш етеді. Президенттік оркестрдің құрамына үрлемелі аспаптар оркестрі, халықтық музыка, камералық музыка, ән және эстрада және би ансамбльдері кіреді.
Бұл шығармашылық ұжым – әлемдік музыка жанрларының фольклорлық, классикалық, академиялық түрлерін, қазіргі заман композиторларының шығармаларын орындайды.
1992 жылы «Республикалық ұлан туралы» Заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының хаттамалық, дипломатиялық, мемлекеттік және басқа да салтанатты шараларын қамтамасыз ету үшін Президенттік оркестр құрылған. 1992-1994 жылдары үлгілі-көрнекі оркестр атағына ие болды.
2006 жылдан бастап оркестрге П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі, бүкілодақтық конкурстардың лауреаты, «Елім менің» атты алғашқы республикалық патриоттық әндер конкурсының лауреаты, үрлемелі аспаптар оркестріне арналған партитураның авторы, Мемлекеттік әнұран оранжировкасының авторы, полковник Талғат Бердіғұлов басшылық етеді.
«Егемен-ақпарат».
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.